Ақтөбеде саркомадан қайтыс болған жігіттің анасы дәрігерлерді жазалауды талап етті

Ақтөбеде саркомадан көз жұмған 18 жастағы Ярослав Горбуновтың ата-анасы диагноз кеш қойылғаны үшін дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ярослав жеке мейрамхана ашуды армандап, болашағына жоспар құрған. Алайда былтыр жазда аяғы ауырып, ақсай бастаған.
Туыстарының айтуынша, дәрігерлер ұзақ уақыт бойы оның жағдайының нашарлау себебін анықтай алмаған. Алдымен жас жігітке артроз диагнозы қойылып, массаж бен қыздыру емшаралары тағайындалған. Ал мұндай ем саркома кезінде қарсы көрсетілім саналады. Отбасының сөзінше, кейбір дәрігерлер тіпті Ярослав әскерге барғысы келмей жүр дегендей ишара жасаған.
Флюорографиядан кейін өкпесіндегі өзгерістер анықталып, дабыл қағылған. Кейінгі тексерулер қорқынышты диагнозды растады – саркома. Ол кезде дерт бүкіл ағзаға дерлік тарап кеткен.
Ярославтың анасы Светлана Горбунованың айтуынша, елорда дәрігерлері ұлының жағдайы өте ауыр екенін бірден ескерткен.
“Олар бізге аурудың бас миынан басқа бүкіл ағзаға тарағанын түсіндірді”, – дейді әйел.
Ауыр болжамға қарамастан, отбасы емді жалғастыру туралы шешім қабылдаған. Ярослав Астанада емделген. Ол сегіз курс химиотерапия мен он сеанс сәулелік терапиядан өткен. Алайда ауруды жеңу мүмкін болмады.
28 сәуірде жас жігіт қайтыс болды. Енді анасы дәрігерлердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Оның айтуынша, отбасы емханаға бірнеше рет жүгінгенімен, дұрыс диагноз ұзақ уақыт қойылмаған.
“Қолымда өз қаламызда жасалған сегіз МРТ мен КТ қорытындысы бар. Соның бәрі қате оқылған”, – деді Светлана Горбунова.
Ол сондай-ақ Ярославқа “эхинококкоз” деген диагноз да қойылғанын айтты. Кейін елордалық мамандар мұндай болжамға таңғалған.
Дәрігерлердің сөзінше, 20 жасқа дейінгі науқастарда саркома өте сирек кездеседі – шамамен миллион адамның бірінде ғана анықталады. Сол себепті ауруды ерте кезеңде тану қиын, өйткені ол жарақат немесе қабыну сияқты көрінуі мүмкін.
Марат Оспанов атындағы медициналық орталық тексерістен кейін учаскелік дәрігер мен травматолог тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
“Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар қызметкерге тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды”, – деді медорталық директоры Олжас Уразаев.
Алайда отбасы сөгіс жеткіліксіз деп санайды. Светлана Горбунова прокуратураға жүгініп, қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.
19 мамырда Ярослав 19 жасқа толар еді. Бірақ отбасы туған күннің орнына ас беруге дайындалып жатыр. Марқұмның анасы мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбауы үшін күресті жалғастыратынын жеткізді.
2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр
Оқыңыз