Түркістан облысында екпе алған сегіз айлық бала бір тәулік ішінде шетінеп кетті

Түркістан облысында екпе алған сегіз айлық бала бір тәулік ішінде шетінеп кетті. Сегіз жыл бойы күткен перзентінен бір сәтте айрылған ата-ана әлі күнге дейін өлім себебін анықтай алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сарыағаш аудандық орталық ауруханасындағы былық мұнымен бітпейді. Дәл осы емдеу мекемесінде жыл басынан бері 6 бала ажал құшқан. Аурухана емес мәйітханаға айналды деген ата-аналар жұмысына салғырт қараған дәрігерлер жазалансын дейді.
Майра Жұмашева 8 жыл бойы күткен перзентіне пневманияға қарсы екпе салдырамын деп соңында бөбегінен айырылғанын айтады. Бейбарыс Рашидке вакцина 23 қаңтар күні егілген. Жарты сағат ішінде жағдайы күрт нашарлаған сәбиді ата-анасы дереу Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына әкеліпті. Алайда дәрігерлер бір-біріне сілтеп, соңында бала жансақтау бөліміне түскен.
"Немқұрайлы қарағанынан, жауапкершілігі жоқтығынан менің сап-сау баламның бір күнде мәйітін алып кеткеніме әлі де ішім ашып тұр. Жай ғана екпе алдым да келдім. Үйге келдім. Балам жарты сағаттың ішінде құсты, мұздай тер шықты. Өзін жоғалтып, әлсіз болды. Мүмкін ақауы бар шығар. Мыңнан бірінде кездеседі. Ондай уколдар шығады деді. Неге дәл менің балама кезігеді ол? Неге соны басында қарамайды? Мерзімі өтіп кеткен болуы мүмкін деді маған", – дейді Майра Жұмашева.
Арада 4 ай өтсе де Бейбарыстың өлім себебі сол күйі нақтыланбаған. Сарыағаштағы орталық ауруханаға ем іздеп келіп, баласының мәйітін құшақтап шыққандар мұнымен бітпейді. Нұрбақыт Тұрақбай да қызуы көтерілген тұңғышын ақпан айында осы орталыққа алып келген. Бірақ өз аяғымен келген 2,5 жастағы Айсерікке укол салынып, жағдайы тіпті қиындап кетіпті.
Оқыңыз"Осы жерге дене қызуымен келдік. Екі-үш күннің ішінде жансақтау бөлімінен өлігін алып шығып кеттік. Ол күні бір бала кеткен жоқ. 2-3 бала... Жансақтау бөлімінде жатқанның барлығы кетті. Екі айдан кейін тағы қайталанып отыр. Тағы 2-3 бала кетіп отыр. Көршілеріміздікі де кетіп отыр. Білімі жетсе, қолдан жасамаған болса, соңына дейін отырмай ма? Барлығы жұмыстарын ауыстырып тастаған. Дәл біздің баламыздың өлімі болған күні кезекшілікте болғандардың бәрі де жұмыстарын ауыстырып тастаған. Сарыағашта ақша бермесе емдемейді. Айғай-шу шығармаса емдемейді", – дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұрбақыт Тұрақбай.
Айнагүл Әуезова да екі жастағы жалғыз немересінен Сарыағаштағы ауруханада айырылып қалдым дейді. Анар жеп құсқан балақайдың асқазанын шайып, соңында тіпті басқа қан тобын құйып жібергенін айтады. Осыдан кейін бала жансақтау бөліміне түсіп, шетінеп кеткен.
"Жалпы бізде дәл осы ауруханада 5 жасқа дейінгі 6 бала қайтыс болды. Алдағы уақытта ондай жағдайлар болдырмау мақсатында бізде біраз іс-шаралар жүргізілуде. Қазіргі Рашид Бейбарыс бойынша облыстық деңгейде де тексерулер келді. Фармацефтикалық бақылау комитетінен де тексерулер келді. Тиісті мамандардың барлығы тәртіптік шараға алынды. Жұмысымен қоштасқандар жоқ. Оқуға кеткендер бар", – дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Абдраманова.
Баласынан ауруханада айрылған ата-аналар мекемеде түгелдей тексеріс жүргізіп, дәрігерлерді ауыстыруын талап етеді. Тиісті аппараттың да тапшылығына көзі жеткен тұрғындар құрал-жабдық қатарын да көбейту керек дейді. Әйтпесе бала өлімі артпаса азаймайтынына сенімді.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда алты айлық сәби аурухананың кіреберісінде шетінеп кеткені туралы жазған едік. Баланың ата-анасының сөзінше, қажет ем уақытылы көрсетілмеген әрі санитарлық авиация қызметіне де рұқсат берілмеген. Баланың жағдайы күрт нашарлаған соң, ата-анасы оны Қызылқоға ауданынан Атырау қаласына өз күштерімен жеткізуге мәжбүр болған. Жол шамамен алты сағатқа созылған. Сәби Атырау қаласына жеткенде, облыстық аурухана кіреберісінде көз жұмған.
2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр