BAZIS-A Алматыға Баум тоғайының жаңартылған нұсқасын сыйға тартты

BAZIS-A Баум тоғайын абаттандыру бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруға өз қаражатынан 4,7 миллиард теңге бөлді. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылдың мамырында аяқталды.
Баум тоғайының негізін 130 жылдан астам бұрын Эдуард Баум қалаған. Оның жалпы аумағы 137,7 гектарды құрайды. Ол қаланың маңызды табиғи нысандарының бірі әрі алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының қатарында. Ұзақ уақыт бойы тоғай қала ішіндегі жай ғана жасыл аймақ ретінде сақталып келген еді. Алайда компания жүргізген ауқымды абаттандырудан кейін оның тарихында жаңа кезең басталды.
BAZIS-A үшін абаттандыру жұмыстары кезінде ең маңызды міндет – тоғайдың бастапқы табиғи келбетін сақтап қалу және келушілерге қолайлы әрі қауіпсіз демалыс жағдайын жасау.
Табиғаттың нәзік тепе-теңдігін бұзбау үшін барлық жұмыстар барынша ұқыпты жүргізілді. Нәтижесінде BAZIS-A бірде-бір ағашты кеспеді, керісінше жасыл қор 1000-нан астам жаңа көшетпен толықты. Олардың қатарында шырша, тал, қайың, терек, тұт және жиде ағаштары бар.
Ең алдымен жаңарту жалпы ұзындығы 23 километрден асатын серуендеу бағыттарынан басталды: веложолдар, жаяу жүргіншілер жолдары және экотрассалар енді әлдеқайда ыңғайлы болды. Айта кету керек, асфальт жабыны тек веложолдарға ғана қолданылды, ал жаяу жүргіншілер жолдары мен экотрассалар жауын-шашынмен шайылмайтын, кез келген ауа райында жайлы жүруге мүмкіндік беретін ұсақ нығыздалған қиыршық тастан жасалған экологиялық жабынмен күшейтілді.
Абаттандырылған серуендеу бағыттарының бойында 196 жаңа орындық, 26 ландшафтық әткеншек, 66 көлеңкелі самалжай мен демалыс павильондары орнатылды. Сондай-ақ 6 пикникке арналған алаң ұйымдастырылды. Самалжай мен пикник алаңдары табиғи ортаға үйлесімді тұратын ұсақ тас қиыршықтарынан жасалған арнайы жабын үстіне орналастырылған.
Тоғайда әртүрлі жастағы балаларға арналған табиғи нығыздалған ағаш материалдан жасалған ойын кешендері бар 7 жаңа балалар алаңы жабдықталды. Олар қауіпсіз тартан жабынымен қапталған. Сондай-ақ 6 воркаут алаңы, үстел теннисін ойнауға және йогамен айналысуға арналған алаң жасалды. Табиғи жер бедерінде экстрим-велоспортқа арналған арнайы веложол – памп-трек ұйымдастырылған.
Келушілердің тоғайда жайлы демалуы үшін ойын, спорт алаңдары мен жаяу жүргіншілер бағыттарының бойына 593 биік шам бағаны және 1019 төмен шам орнатылды.
Тоғайды абаттандыру барысында BAZIS-A қауіпсіздікке ерекше назар аударып, заманауи бейнебақылау жүйесін енгізді. Жаңа буындағы 109 бейнекамера нақты уақыт режимінде бейнежазбаны тоғай аумағында орналасқан мобильді полиция бекеттеріне тікелей таратады. Келушілердің қауіпсіздігін қосымша қамтамасыз ету үшін барлық бағыттарда тұрақты патрульдеу жүргізіледі.
Компания үй жануарларын да назардан тыс қалдырмаған. Кәсіби кинологтардың ұсыныстарын ескере отырып, иттерді серуендету және жаттықтыру алаңы 414 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, жаңа жабдықтармен толықтырылған.
Баум тоғайын жаңартудағы соңғы ерекше бөлік – негізгі кіреберістерге орнатылған жаңа символдық концептуалды арт-нысандар. Сүйінбай даңғылы жағындағы оңтүстік кіреберісте Эдуард Баумға арналған мүсіндік композиция орнатылды. Ол бірнеше бөліктен құралған, ал белгілі бір қашықтықтан қарағанда орманшы-ғалымның бейнесі анық көрінеді. Ал Сейфуллин даңғылы жағындағы кіреберісте "Жылдық сақиналар" атты композиция қойылған. Бұл нысандағы әрбір сақина ағаштың өсуі мен табиғатпен байланысын, уақыт өте келе дамуын бейнелейді.

Абаттандырылған Баум тоғайы бүгінгі таңда қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұрынғыдан да тартымды, жайлы әрі қауіпсіз экологиялық кеңістікке айналды. Сонымен қатар ол өзінің бірегей табиғи келбетін және алматылықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қалды.
BAZIS-A Алматының дамуына үлес қосып, қалаға жаңартылған табиғи демалыс аймағын тарту еткеніне қуанышты.
2,8 шақырымға 4 миллиард теңге жұмсалған: Жетісу облысындағы сарқырамаға апаратын жолдың құрылысы әлі бітпей тұр