Жалақы алмайды, бірақ беделі бар: Халық кеңесі қалай жұмыс істейді

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Халық кеңесінің құрамы қалай қалыптасады және оның мүшелері қандай шартпен жұмыс істейді деген сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың сөзінше, Халық кеңесі қоғам мен мемлекет арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде құрылады.
“Бұл – консультативтік-кеңесші орган. Ол қоғам мен мемлекет арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беретін тетік”, – деді ол.
Ерлан Саиров жаңа органдағы жұмыс тек қоғамдық негізде жүргізілетінін атап өтті. Яғни Халық кеңесі мүшелері жалақы алмайды.
“Халық кеңесі мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді, ешкім жалақы алмайды”, – деді депутат.
Халық кеңесінің құрамы қалай қалыптасады
Депутаттың мәліметінше, Халық кеңесінің құрамына 126 адам кіреді. Ол паритеттік негізде қалыптасады:
- 42 өкіл – ұлттық-мәдени орталықтардан;
- 42 өкіл – қоғамдық бірлестіктерден;
- 42 өкіл – өңірлерден.
Кандидаттарды әртүрлі қоғамдық топтар ұсынады.
“Қоғам өкілдері, яғни еліміздің халқы ұсынады. Бірақ соңғы тізімді Қазақстан Президенті бекітеді”, – деп түсіндірді ол.
Құрамға кімдер кіре алады
Сондай-ақ Ерлан Саиров кандидаттардың кім болуы мүмкін екенін және іріктеу қандай өлшемдер бойынша жүргізілетінін де түсіндірді. Депутаттың айтуынша, бұл – қоғамда беделі бар азаматтар.
“Қазақстанның ең беделді, қоғамдық-саяси салмағы бар азаматтары үміткер бола алады”, – деді ол.
Мәжілісмен кеңес құрамында әртүрлі саланың өкілдері болуы мүмкін екенін қосты.
Шешімдер қалай қабылданады
Депутат Халық кеңесінің ұсыныстары басқа деңгейлерде қолдау таппаса, не болатынын да айтты. Оның сөзінше, барлық бастама мемлекеттік мүдде тұрғысынан қаралады.
“Кез келген шешім халық пен мемлекет мүддесіне сай қабылдануға тиіс. Халық кеңесі ұсынған кез келген заң жобасы мұқият қаралады”, – деді ол.
ОқыңызАйта кетейік, бұған дейін Қазақстан парламенті Халық кеңесін құруды мақұлдағаны хабарланған еді. Заң жобасы парламент палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда қабылданды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Халық Кеңесінің нақты параметрлерін таныстырды.
Министрдің айтуынша, Конституциялық заң жобасы халық мүддесін білдіруге және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған жаңа конституциялық институтты заң жүзінде бекітуді көздейді.
Заң жобасында Халық кеңесінің мәртебесі “мемлекет жанындағы жоғары консультативтік орган” ретінде айқындалады. Осылайша, қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалог алаңын құру көзделіп отыр.
"Тауда 35 футбол алаңындай курорт салмақ": Экологтар Көкжайлаудағы тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті