Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті

Графика, скрин
Фото: Құжаттан скрин

 

Экологтар мен "Көкжайлауды сақтайық" қозғалысының мүшелері Алматыдағы ұлттық парктер аумағында тау шаңғы курорттарын салудың заңдылығы мен экологиялық қауіпсіздігіне күмән келтіріп отыр. Олар "Алматы тау кластері" және Almaty Superski жобасын іске асыруды толығымен тоқтатуды талап етті. Мамандар бұл жобалар заң бұзушылықтармен дайындалып, іске асып жатыр деп отыр. Экологтар жобаны жүзеге асырып жатқандар жаңа сайлау кезеңі басталғанға дейін құрылысты толығымен заңдастыруға асығатынын ерекше атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік, Алматыда курорттық аймақтарды бірыңғай аспалы жолдар жүйесіне біріктіретін Алматы тау кластері салынбақ. Бірінші кезеңде Шымбұлақты жаңғырту және Бутаковка мен Кімасар шатқалдарын жетілдіріп, екінші кезең келесі жылы Pioneer және Oi-Qaragai курорттарын дамытуды және оларды кейіннен аспалы жолдар жүйесімен біріктіруді қамтымақ. Шымбұлақтағы жеті жаңа аспалы жолдың алғашқысының құрылысы мамыр айында басталады. Жыл соңына дейін екі желіні іске қосып, трассалардың ұзындығын 5 шақырымнан аса ұлғайту жоспарланып отыр. Almaty Superski жобасы аясында биыл ұзындығы 6 км болатын жол салынып, 8 көпір тұрғызылмақ. Инфрақұрылымды толық аяқтау 2027 жылдың күзіне жоспарланған. Дамыту жұмыстарына шамамен 93 миллиард теңге бөлінеді делінген.

Ал ірі Almaty Superski тау-шаңғы курорты Көкжайлау шатқалы мен Күмбел шыңында салынбақ. Kazakh Tourism Development директорлар кеңесі жоспарды 2025 жылдың қыркүйегінде бекітті. Жобаға "Бәйтерек" мемлекеттік холдингі жауапты болып тағайындалды. Ал қаржыландыруды Қазақстанның Даму Банкі қамтамасыз етеді. Жобаның нақты құны әзірге жарияланған жоқ. Kazakh Tourism Development дерегінше, он жыл бұрын жоба 430-440 млн доллар деп (208 миллиард теңге) бағаланған. "Алматыгенплан" ғылыми-зерттеу институтында бүкіл жоба 650 миллиард теңгеден асатыны айтылған. Курортты іске қосу 2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басына жоспарланып отыр.

“Жабайы табиғат жаппай урбанизацияланбақ”

"Көкжайлауды сақтайық" қозғалысының өкілі Елена Ерзаковичтың сөзінше, Қазақстандықтарға, әсіресе Алматы тұрғындарына Алматы тау кластері (АТК) және Almaty Superski (Көкжайлау курорты) "экологиялық тұрғыдан дамыған" жобалар ретінде таныстырылып жатыр. Алайда жобаның құжаттарын мұқият зерттей келе, олар мүлде басқа көріністі байқаған: Алматының су және ауа қауіпсіздігіне қатер төндіретін жабайы табиғатты жаппай урбанизациялау.

Елена Ерзакович Көкжайлауда және жалпы Алматы тауларында үлкен жобаны жүзеге асыру қандай табиғи проблемаларды тудыруы мүмкін екенін 4 пунктіге бөліп айтты.

1. “Су дағдарысы қаупі бар”

Сөзінше, "Суды аз тұтынамыз" дегенімен, қоршаған ортаға әсері туралы құжаттағы сандар мүлде басқа жағдайды көрсетеді. Пайдалану кезеңінде тек бір учаскенің өзінде су тұтыну көлемі тәулігіне 2700 м³-ке дейін артқан. 90 гектар аумақта қолдан қар жасау үшін шағын өзендерден жылына 355 000 м³ су алу жоспарланған. Бүкіл кластер ауқымында бұл көрсеткіш бір маусымда 710 623 м³-ке жетеді.

“Алматы айналасындағы тауларда күніне 50 мың адамға арналған инфрақұрылым салу жоспарланып отыр (АТК – 30 мың адам, Көкжайлау – 15 мың адам). Мұның бәрі туристерден табыс табу үшін жасалмақ. Климаттың өзгеруі мен өзендердің негізгі қорек көзі саналатын мұздықтар еріп жатқанда, осындай көлемдегі суды туристердің көңіл көтеруі үшін пайдалану – стратегиялық тұрғыдан ақылға қонымсыз әрекет. Көкжайлауда қар жасау үшін су жинайтын үш су қоймасын және басқа шатқалдарда кем дегенде тағы төрт көл салу – ақылға сыймайтын шешім. Өйткені Алматыда су ресурсының тапшылығы қазірдің өзінде байқалып отыр: адамдар суды цистернамен сатып алып жүр, жаңа су тазарту құрылыстарына қаражат жетіспейді, ал тауға жақын орналасқан ауылдардағы жағдай одан да қиын”, – дейді Елена Ерзакович.

2. “Ауа: таулар Алматының “өкпесі” болудан қалады”

Алматы тұмшаға тұншығып отыр, ал тау – жалғыз таза ауа көзі. Бірақ мамандардың сөзінше, тау курорттары жобалары оларды ластанған көзге айналдырмақ. Көкжайлау бойынша қоғамдық тыңдау құжаттарына сай, курортты пайдалану кезінде атмосфераға шығарылатын эмиссия көлемі бес есе артады: жылына 19 тоннадан 104,9 тоннаға дейін. Құрылыс кезеңінде бірнеше жыл ауаға шамамен 500 тонна ластаушы зат– шаң, азот, көміртек және күкірт оксидтері бөлінеді. Олар қалаға қарай түсіп, тау өзендерін ластайды.

“Тау беткейлерін игеру топырақ-өсімдік жамылғысының механикалық түрде құртылуына әкеледі. Бұл эрозия мен шаң мөлшерін тікелей арттырады. Қонақүйлер және бизнес орталықтармен толған таулар ауаны сүзудің орнына, қала тұрғындарының үстінде шаң мен газ өндіретін тағы бір өндіріс орнына айналады. Ал тек Көкжайлау курорты аймағындағы 5 мейрамхананың өзі күн сайын қалаға тонна-тонна қоқыс тасуды қажет етеді. Ондаған жауапсыз туристен кейін қоқыс жинау оңай ма, әлде теңіз деңгейінен 3500 метр биікте орналасқан жерден мыңдаған адамның күнделікті тұрмыстық қалдығын тасып шығару оңай ма?” – дейді маман.

3. “Биоалуантүрлілік пен мұздықтарға қатер төнеді”

Бүгінде құрылысты мұзды аймақтарға тікелей жақын орналасқан 3880 метр биікке салу жоспарланып отыр. Экологтардың айтуынша, мұндай әрекет Қазақстанның биоалуантүрлілігіне тікелей әсер етеді.

“Біз биодәліздердің қалай құртылатынына куә болайын деп тұрмыз. Алматы таулары – қар барысының, түркістан сілеусінінің және Тянь-Шань қоңыр аюының мекені. Қазіргі 16 арқан жолының орнына 46 арқан жолынан тұратын ауқымды желі салу және трассаларды 192 км-ге дейін кеңейту олардың тіршілік ету ортасын бөлшектейді. Біз іс жүзінде Көкжайлаудағы мейрамханалар үшін бірегей жануарларды өз жерінен қуып жатырмыз”, – дейді ол.

4. “Транспорттық және экономикалық қатер айтылмайды”

AlmatySuperski тау курортының жарияланған бас жоспарында курорт аумағында 9 қонақүй, 27 шале (тау үйі) және 3 мейрамхана салу жобасы көрсетілген. Мұның бәрін Көкжайлауда "экологиялық тау курорты" деген атпен салынбақ. Көкжайлау шатқалында 7396 орындық тұрғын үй салу, жалпы ауданы 208 755 м² болатын құрылыс жүргізу заң және қала құрылысы тұрғысынан ұлттық парк аумағында толыққанды автономды қалашық салу ретінде қарастырылуы мүмкін деп отыр мамандар.

“Бұл жай ғана "тау-шаңғы инфрақұрылымы" емес. Бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда "туристік нысан" мәртебесімен бүркемеленген "люкс" санатындағы ықшамаудан құрылысы. 210 000 шаршы метр дегеніміз – тауда бетонмен жабылған 35 футбол алаңының аумағы. Тіпті әлемдегі ең ірі қонақүйлердің өзінде бір қонаққа шаққандағы аумақ бұдан бірнеше есе аз. Ал мұнда 7396 "туристің" әрқайсысына шамамен 30 шаршы метрден келеді. Іс жүзінде тауда Алматының жаңа ықшамауданы салынып жатыр, тек оны "қонақүй кешені" деп атап отыр. Бұл – қонақүй нөмірлері емес, толыққанды пәтерлер мен виллалар. Бізге "туризмді дамытамыз" деген желеумен Көкжайлау шатқалына қарапайым алматылықтардың кіруіне мәңгі тосқауыл қойып, жеке VIP қалашық салмақ”, – дейді "Көкжайлауды сақтайық" бастамашыл тобының өкілі Елена Ерзакович.

Мамандар жалпы тау шаңғы курорты салынуына емес, оның тауда, жабайы табиғатта салынуына қарсы екенін айтты. Сөздерінше, бүгінде тауға жаңадан үлкен курорт салғанша, Алматы маңында бар төрт тау-шаңғы курортын дамытуға, кеңейтуге болады. Оның үстіне шетелдік туристер Алматыға шаңғы тебу үшін емес, табиғатты көруге келеді.

Көкжайлау, қонақүй
Фото: Құжаттан скрин

Экологтар мен "Көкжайлауды сақтайық" қозғалысының өкілдері Алматы тау кластері және Almaty Superski жобалары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Заң және тәртіп" қағидасына қайшы келеді деп атап өтіп, мынадай мәлімдеме жасады:

  1. "Алматы тау кластері туризмін дамыту жөніндегі 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары" Қазақстан үкіметінің 2025 жылғы 27 желтоқсандағы №1158 Қаулысы ұлттық заңнама мен халықаралық конвенциялардың нормаларын бұзатынын мәлімдейміз. Үкіметтен осы қаулыны ұлттық заңнама нормаларына және халықаралық конвенциялар нормаларына мүлдем қайшы деп тануды және оның күшін жоюды талап етеміз. Тиісінше, біз 26.05.2026 жылға жоспарланған Алматы тау кластері жобасын заңсыз деп санаймыз.
  2. Алматы әкімдігінен Алматы қаласының бас жоспарында осы объектілердің негіздемесінің болмауына байланысты әлеуетті тау шаңғысы курорттарына инженерлік желілер мен жолдар салу жөніндегі жобаларды қаржыландыруды және іске асыруды тоқтатуды талап етеміз.
  3. Ұлттық парктің құрылысын тоқтатуды және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы Көжайлауда элиталық жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылымды бюджет қаражатына салуға тыйым салу туралы тапсырмасын орындауды талап етеміз.
  4. Сонымен қатар біз "табиғат ресурс емес, серіктес" қағидасына сүйене отырып, Қазақстанда туризмді дамыту тәсілдерін қайта қарауды талап етеміз. Біз туризмге қарсы емеспіз, бірақ жерімізді, үйімізді құртуға қарсымыз. Сув мен ауасы жоқ, ресурсы ластанған қала туристерді қабылдай алмайды.
Экологтар мен
Фото: Фото: Қазақстан баспасөз клубы

“Үйлестіру кеңесінің өзі әкімдік, парк және жобаға мүдделі тараптардың өкілдерінен құралған, оның құрамында экологтар жоқ”

Жоба өкілдері "Almaty Super Ski" инвестициялық жоба екенін ерекше атады. Дегенмен инфрақұрылым шығынының негізгі бөлігі – жолдар, инженерлік желілер және басқа да нысандар қала мен республиканың бюджеті есебінен қаржыландырылатыны туралы іс жүзінде айтылмайды дейді.

"Біз мына сауалға жауап күтіп отырмыз: жекеменшік Kazakh Tourism Development компаниясына ұлттық табиғи парк жерлерінде жобаны жүзеге асыру құқығы қандай негізде берілді? Кейінгі апталарда Kazakh Tourism Development басшылығы ғылыми институттармен, кәсіпкерлермен және ұлттық парк үйлестіру кеңесімен кездесулер өткізіп, өзінің "ашықтығын" көрсетіп келеді. Алайда үйлестіру кеңесінің өзі негізінен әкімдік, парк және жобаға мүдделі тараптардың өкілдерінен құралған, оның құрамында экологтар жоқ. Ал тәуелсіз өкілдер, керісінше, кеңес құрамынан шығарылған”, – деп түсіндірді "Көкжайлауды сақтайық" қозғалысының тағы бір өкілі Ажар Жандосова.

Мамандар Ұлттық парк аумағындағы туризмді дамыту тәсілдерін қайта қарау қажет екенін айтты. Ол мына қағидатқа негізделуі тиіс: табиғат — игерілетін ресурс емес, ұқыпты ынтымақтастық орнатуды қажет ететін серіктес, өйткені бүкіл өңірдің тіршілігі соған тәуелді. Көп елдерде тау аумақтарын қорғау туралы жеке заңдар бар. Олар Қазақстанға да осындай заң қажет екенін айтып отыр.

Тау-шаңғы туризмі Алматы экономикасының драйверіне айналып, жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін арттыруға тиіс екені айтылып жатыр. Бірақ мұндай мақсаттың қаншалықты орынды екені және мұндай дамудың құны қандай болатыны ашық талқыланбай отыр. Әңгіме бюджет қаржысы жұмсалуы туралы ғана емес, экологиялық залал туралы да болып отыр. Болашақта мұның зардабы жобаны жүзеге асырудан келетін экономикалық пайдадан асып түсуі мүмкін”, – дейді Ажар Жандосова.

Айта кетейік, Көкжайлауда курорт салу мәселесі Алматыда ондаған жылдар бойы талқыланып келеді. Осыған дейінгі жобалар 2015 және 2019 жылдары кейінге қалған. Соңғысында 50 мыңға жуық адам Көк-Жайлауда тау-шаңғы курортын салуға қарсы петицияға қол қойып, 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны жүзеге асыруға тыйым салған еді. Дегенмен былтыр премьер-министр Олжас Бектенов Көкжайлауда тау-шаңғы курортының құрылысы биыл басталатынын мәлімдеді.

Еңлік Сақтан
Жұма, 15 Мамыр, 2026 13:26