Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар ұлттық парктерге тегін кіре алады

Ұлттық парк
Фото: Үкімет

Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге тегін кіре алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет мұны ішкі туризмді дамытуға бағытталған шаралардың бірі деп отыр. Қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік бағыт пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді. Ал 2025 жылы ұлттық парктерге 3,7 миллион адам барған.

Қазақстандықтар ел ішінде жиі саяхаттай бастаған

Жалпы кейінгі жылдары Қазақстан ішінде саяхаттайтындар саны да көбейген. 2023 жылы ішкі туристер саны 7,1 миллион болса, екі жылдан кейін 8,7 миллионға жетті.

Осы кезеңде Қазақстанға шетелден де миллиондаған адам келген. Үкіметтің дерегінше, 2025 жылы елге келген 15,7 миллион шетелдік азаматтың 11,1 миллионы турист санатына жатқызылған. Олар Қазақстанда 2,9 миллиард доллар жұмсаған.

Туризмге екі жылда 2,2 триллион теңгеден астам инвестиция салынған

Туристер санының өсуімен бірге салаға салынған қаржы да көбейіп келеді. Кейінгі екі жылда туризмге 2,2 триллион теңгеден астам инвестиция салынған. Оның 1,25 триллион теңгесі 2025 жылдың үлесінде. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 32,6% көп.

Қазір осы салада жалпы құны 1,3 триллион теңгеге жуық 328 жоба жүзеге асырылып жатыр. Үкімет олардың есебінен 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашып, халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақүй кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.

Қонақүй мен басқа да орналастыру орындарының саны қазірдің өзінде арта бастаған. 2023 жылы елде 3 992 мұндай нысан болса, 2025 жылы 4 482-ге жеткен. Ал биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша олардың саны 4,5 мыңнан асты.

Туристік аймақтарға апаратын жолдар мен әуе қатынасы кеңейеді

Туристерді қабылдайтын нысандармен қатар, демалыс орындарына апаратын жолдар да жаңартылып жатыр. Биыл жөндеу жұмыстары елдегі 11 мың шақырым автомобиль жолын қамтыған. Оның ішінде Рахман қайнары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді және Көлсайға апаратын жолдар бар.

Ал шалғайдағы туристік аймақтарға әуе қатынасын ашу үшін Катонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа әуежайлар салынып жатыр. Жазғы маусымда аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылған.

Алматыда да туристік инфрақұрылымды кеңейту көзделген. Үкімет Алматы тау кластерін жылына 5 миллион турист қабылдайтын деңгейге жеткізбек. Ол үшін тау шаңғысы аймақтарын өзара байланыстырып, 30 аспалы жол мен жалпы ұзындығы 161 шақырым болатын шаңғы жолдарын салу жоспарланған.

Бұдан бөлек Маңғыстау мен Щучинск-Бурабай курорттық аймақтарын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 10:11