Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалар құсып, іші өтіп жатыр: Қазақстанда инфекция таралып жатыр ма?

ішек инфекциясы бар ма
Фото: ChatGPT

 

Әлеуметтік желіде ата-аналар балаларының құсып, іші өтіп, дене қызуы көтеріліп жатқанын жиі жаза бастады. Кей отбасында алдымен бала ауырып, артынан ересектердің де мазасы кеткен. Алайда мамандар елде ішек инфекциясы жаппай тарап жатыр деуге әзірге негіз жоқ екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

"Алдымен қызым ауырды, кейін бәрімізге жұқты"

Соңғы күндері Threads желісінде баласының құсып, іші өтіп жатқанын айтып, басқа ата-аналардан кеңес сұрағандар көбейді.

Астанада тұратын аналардың бірі аурудың алдымен балаларынан басталып, кейін үйдегі ересектерге де жұққанын жазған.

"Астанада қазір қандай вирус тарап жүр? Алдымен қызым ауырды, кейін кішкентай балам екі күн құсты. Енді ересектер де ауырып жатырмыз. Сұмдық болып кетті", – деп жазды ол.

Тағы бір ана баласының күндіз жағдайы жақсы болғанымен, түнде іші өтетінін айтады.

"Қазір осындай ауру тарап жатыр ма, білмеймін. Баламның іші өтіп, әбден мазамызды алды. Күндіз тамақ ішеді, ойнайды, жағдайы жақсы. Бірақ түнде ұйықтап жатқанда іші судай өтеді. Тек түнде ғана, күндіз сап-сау жүреді", – деп жазды ол.

Тағы бір желі қолданушысы мұны ротавирус пен басқа да маусымдық инфекциялармен байланыстырған.

Елде ішек инфекциясы өршіп жатыр ма?

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының эпидемиолог дәрігері Жансая Үмбетәлінің айтуынша, әлеуметтік желідегі жазбаларға қарап, елде ішек инфекциясы өршіді деген қорытынды жасауға болмайды.

Орталықтың соңғы 10 аптадағы дерегі жіті ішек инфекцияларының көбейгенін көрсетпеген. Сальмонеллез бен дизентерия бойынша да өсім жоқ.

"Әлеуметтік желілердегі жекелеген хабарламалар халықтың алаңдаушылығын көрсеткенімен, олар эпидемиологиялық өршу фактісін дәлелдемейді. Бірнеше отбасында немесе балалар ұжымында асқазан-ішек белгілерінің пайда болуы міндетті түрде бүкіл елде немесе белгілі бір өңірде инфекция өршіді дегенді білдірмейді", – деді эпидемиолог.

Дегенмен маман жекелеген отбасыларда, мектептер мен балабақшаларда ауру тарауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан сақтық шараларын естен шығармаған жөн.

Балалар неге құсып, іші өтеді?

Эпидемиологтың айтуынша, құсу мен іш өту бір ғана аурудың белгісі емес. Мұндай жағдай ротавирус, сальмонеллез, дизентерия және басқа да ішек инфекциялары кезінде кездеседі. Кейде бала тағамнан уланып та осындай күйге түсуі мүмкін.

Сондықтан белгілеріне қарап үйде отырып нақты диагноз қою мүмкін емес. Қажет болса, оның себебі зертханада анықталады.

Жаздың соңы мен күздің басында сальмонеллез, дизентерия мен ротавирус жиі кездесуі мүмкін. Әсіресе кішкентай балалар үшін ротавирустың қаупі жоғары. Себебі құсып, іші өткен бала сұйықтықты тез жоғалтады.

Маман күн салқындады екен деп қауіп толық сейілді деуге болмайтынын айтады. Бұған дейін ыстық күндер ұзақ тұрды. Мұндай кезде дұрыс сақталмаған ет, жұмыртқа, сүт өнімдері, крем қосылған тағамдар мен дайын салаттар тез бұзылады.

Ал бір адам жұқтырған инфекция үй ішіндегі басқа адамдарға қол, ыдыс-аяқ, ойыншық және күнделікті бірге пайдаланатын заттар арқылы тарауы мүмкін.

"Жаңа инфекция пайда болған жоқ"

Педиатр-инфекционист Айша Ағзашқызы да қазір балалар арасында бұрын болмаған жаңа инфекция тарап жатыр деуге негіз жоқ екенін айтады.

"Ешқандай жаңа инфекция пайда болған жоқ. Қазір ішек инфекцияларының маусымы. Ол мамырдан қарашаға дейін созылады, кейін тұмау маусымы басталады. Энтеровирус, ротавирус жыл сайын болады. Сондықтан қазір жаңа инфекция пайда болды деуге негіз жоқ", – деді педиатр-инфекционист.

Баланың іші өтсе, бірден дәрі беруге болмайды

Дәрігердің айтуынша, ата-аналардың жиі жіберетін қателігінің бірі – баланың іші өте салысымен өз бетінше дәрі бере бастау.

"Ата-аналар бірден өз бетінше емдей бастайды. Іші өтіп жатқан балаға пробиотик беруге болмайды, одан іш өтуі одан сайын күшеюі мүмкін. Қазір дәрі өте көп. Бірақ оның бәрі бірдей емдемейді, кейбірі керісінше көбірек зиян келтіреді", – деді маман.

Бала құсып, іші өткенде ең алдымен ағза жоғалтқан сұйықтықтың орнын толтыру керек.

"Балаға сұйықтықты жиі беру қажет. Регидрон, су ішкізу керек. Емізулі бала болса, емізуді жалғастырған жөн", – деді дәрігер.

Эпидемиолог та антибиотикті, іш өтуді немесе құсуды тоқтататын дәрілерді дәрігердің кеңесінсіз беруге болмайтынын ескертеді. Дәрігер келгенше балаға ағзадағы су мен тұздың орнын толтыратын ерітіндіні аз-аздан, бірақ жиі берген дұрыс.

Қай кезде бірден дәрігер шақыру керек?

Эпидемиолог Жансая Үмбетәлінің айтуынша, әсіресе кішкентай балалардың ағзасы сұйықтықты тез жоғалтады. Сондықтан баланың жағдайы нашарлай бастаса, уақыт өткізбей дәрігерге жүгінген жөн.

"Бала сұйықтық іше алмаса немесе ішкенін қайта-қайта құсса, іші жиі өтіп, қатты әлсіреп, ұйқышыл болып кетсе, дәрігер шақыру керек. Аузы мен тілі құрғап, көзі шүңірейсе, жылағанда жас шықпаса, зәрі азайса немесе ұзақ уақыт кіші дәретке отырмаса, бұл сусызданудың белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ нәжістен қан байқалса, дене қызуы көтерілсе немесе іші қатты ауырса, медициналық көмек қажет. Ал зәрі қоюланып, нәжісі ағарса, терісі немесе көзінің ағы сарғайса, дереу дәрігерге жүгінген дұрыс", – деді эпидемиолог.

Маман кішкентай балаларда сусыздану өте жылдам дамуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан ауру жеңіл көрінген күннің өзінде баланың жағдайын мұқият бақылаған жөн.

15 қыркүйектен тұмауға қарсы екпе басталады

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда 2026–2027 жылғы тұмау, ЖРВИ және COVID-19 маусымына дайындық басталды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, 15 қыркүйектен тұмауға қарсы екпе егу басталады. Ал 1 қазаннан медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлеріне маска тағу режимі енгізіледі.

Ауру көбейген жағдайда медициналық ұйымдарда қосымша орындар ашу қарастырылған. Мектептерде де науқастардың санына қарай шектеу енгізіледі.

Мәселен, бір сыныптағы оқушылардың 20%-дан 30%-ға дейіні ЖРВИ жұқтырса, кабинеттен кабинетке ауысып оқуға шектеу қойылады. Ал бір сыныптағы балалардың 30%-ы немесе одан көбі бір инкубациялық кезең ішінде ауырса, сол сынып қашықтан оқуға көшіріледі.

Stan.kz
Сенбі, 05 Қыркүйек, 2026 13:16