Оқушылардың 30 пайызы ауырса, онлайн оқуға көшеді: Қазақстанда жаңа эпидмаусымда қандай шаралар енгізіледі
Күз келісімен тұмау мен ЖРВИ маусымы да басталады. Балалар мектеп пен балабақшаға оралып, адамдар жабық ғимараттарда көбірек уақыт өткізетіндіктен, алдағы айларда респираторлық инфекциялардың таралу қаупі артады. Соған қарай Қазақстанда 2026–2027 жылғы эпидемиялық маусымға дайындық аясында мектептер мен ауруханаларда ауру көбейген жағдайда қандай шаралар қолданылатыны белгіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соның бірі мектептерге қатысты. Егер бір сыныпта ЖРВИ жұқтырған балалар көбейсе, оқу тәртібі кезең-кезеңімен өзгереді. Бір сыныптағы оқушылардың 20%-дан 30%-ға дейіні ауырса, балалардың кабинеттен кабинетке ауысып оқуына шектеу қойылады. Сонымен бірге сол сыныпқа 10 күн бойы жаңа оқушылар қабылданбайды.
Ал оқушылардың 30%-ы немесе одан көбі бір инкубациялық кезең ішінде ЖРВИ жұқтырса, сол сынып қашықтан оқуға көшіріледі. Бұл талап Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың 2026–2027 жылғы эпидемиялық маусымға арналған қаулысында көрсетілген.
Ауырған баланы сабаққа кіргізбейді
Мектептер мен балабақшаларда балалардың сабаққа келуі күн сайын бақыланады. Егер оқушы сабаққа келмесе, оның себебі анықталып, ақпарат медицина ұйымдарына берілуі керек.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында күн сайын таңертең балалардың денсаулығына бақылау жүргізіледі. Тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері байқалған балалар сабаққа жіберілмейді. Ал бала мектепте жүргенде ауырып қалса, ата-анасы келгенше басқа балалардан оқшауланады.
Мектептерде қол тазалығына да ерекше мән беріледі. Әр қабатта және сыныптардың жанында қол өңдеуге арналған антисептик болуы керек. Оқушыларға жеке гигиена мен тұмау, ЖРВИ және COVID-19-дан қорғану жолдары түсіндіріледі.
Тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталады
Эпидмаусымға дайындық тек мектептермен шектелмейді. 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады. Екпе профилактикалық вакцина алуға жататын азаматтарға жасалады. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлеріндегі адамдар, жүкті әйелдер және эпидемиологиялық көрсетілім бойынша басқа да азаматтар бар.
Ал 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері медициналық ұйымдарда маска тағуы тиіс.
Ауру көбейсе, ауруханалар қосымша орын дайындайды
Күз бен қыста науқастар саны артқан жағдайда ауруханалар да жүктемені көтеруге дайын болуы керек. Инфекциялық және реанимациялық орындардың қаншасы бос екені күн сайын бақыланады. Қажет болған жағдайда тұмау, ЖРВИ және COVID-19 жұқтырған науқастар үшін қосымша инфекциялық орындар ашылады.
Емханаларда респираторлық инфекция белгілері бар науқастарды бөлек қабылдау қарастырылған. Үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар ұйымдастырылып, дәрі-дәрмек қоры жасақталуы керек.
Бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді. Олардан тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері байқалса, үйге шақыртуға бірінші кезекте қызмет көрсетіліп, жағдайы күн сайын бақыланады. Қажет болса, ауруханаға жатқызылады.
COVID-19 да бақылауда қалады
COVID-19 бойынша бақылау да тоқтамайды. Жаңа эпидмаусымда тұмау, ЖРВИ және коронавирусқа қатысты зертханалық бақылау жалғасады. Ауыр респираторлық инфекциямен ауруханаға түскен науқастардан тұмау мен COVID-19-ды анықтау үшін сынама алу қарастырылған.
Егер өңірде тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 көрсеткіші белгіленген бақылау деңгейінен асып кетсе, эпидемиологиялық жағдайға қарай қосымша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.
19 жастағы Мадинаның өлімі: Жамбыл облысының полициясы істің жабылғаны туралы ақпаратқа жауап берді
