Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жаңа туған нәрестеден салмағы 2 келі ісік алынды

нәресте
Фото: ҚР ДСМ

Алматы дәрігерлері жаңа туған сәбиге күрделі ота жасап, салмағы екі келіге жеткен алып ісікті алып тастады. Екі сағаттан астам уақытқа созылған ота сәтті аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нәресте 18 тамызда, жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы өмірге келді. Туғандағы салмағы төрт келіден асқан. Алайда сәби сегізкөз-құйымшақ тұсындағы үлкен тератомамен дүниеге келді.

Мұндай түзіліс бастапқыда қатерсіз болуы мүмкін. Бірақ дәрігерлер нәресте өмірінің алғашқы алты айында оның қатерлі ісікке айналу қаупі барын айтады. Сол себепті отаны созбай жасау қажет еді.

 Сәби өмірге келген соң бірнеше сағат ішінде перзентханаға неонаталдық реаниматологтар мен хирургтерден құралған арнайы топ жетті. Дәрігерлер нәрестені Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына ауыстырып, реанимация бөліміне жатқызды. Күрделі ота келесі күні жасалды.

"Сегізкөз-құйымшақ аймағындағы тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс секілді түрлі тін бар. Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі болды. Ісіктің салмағы екі келіге жетті. Нәресте төрт келі болып туды, яғни оның салмағының тең жартысын ісік алып тұрды", – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Дәрігерлер ісікті алып тастаумен шектелмей, сол сәтте зақымданған жерді қалпына келтірген.

"Ота сәтті өтті. Ісікті алғаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірілді. Болашақта бұл нәрестеге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір жағдайы жақсы, үйіне шығуға дайындалып жатыр", – деді дәрігер.

Дәрігерлер ісікті жүктілік кезінде байқаған

Ата-анасы сәбиінің денсаулығындағы мәселе туралы жүктіліктің 20-аптасында білген. Кезекті скрининг кезінде дәрігерлер баланың сегізкөз-құйымшақ тұсынан тератоманы байқайды. Осыдан кейін ерлі-зайыпты жүктілікті сақтап қалу үшін бірнеше маманның кеңесіне жүгінген. Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургтерімен де алдын ала кеңесіп, ана мен сәбидің жағдайын жүктілік бойы бақылауда ұстады.

34-аптада анасының іші ауырып, перзентханаға түседі. Дәрігерлер кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдады. Осылайша отбасындағы төрт ұлдан кейін көптен күткен Алау есімді қыз өмірге келді.

"Бұл – төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына кеңес алуға келдік. Жалпы жүктілігім жақсы өтті", – дейді сәбидің анасы Аяжан.

Аяжан сәбиін туғаннан кейін бірден көрген. Баласының денесіндегі үлкен ісікті де сол кезде көзі шалған.

"34-аптада ішім ауырып, перзентханаға бардым. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасады. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі алып ісікті де көрдім. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз", – деді ол.

Тератома деген не?

Сегізкөз-құйымшақ тератомасы ана құрсағында қалыптасатын ісіктердің бірі. Ол нәрестемен бірге өсіп, көлемі ұлғайған жағдайда өмірлік маңызды ағзалардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.

Бұл жолы ісік екі келіге дейін өскен. Яғни жаңа туған сәбидің төрт келілік салмағының жартысына жуығын тератома алып тұрды.

Мамандар туа біткен мұндай ақауға тұқымқуалаушылық, инфекция және басқа да ішкі-сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Күрделі отаны хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек және анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов жасады. Нәрестенің емін Айжан Сексенбаева мен Едгор Сайдакбаров жүргізді.

Жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 сәби түсті. Соның 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 10:29