"Тәңіршілмін, бірақ діншіл емеспін": Баян Алагөзова сенімі туралы айтты
Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында дінге көзқарасы мен Тәңір философиясына жақын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Баян Алагөзованың сөзінше, ол Тәңір ұғымын дін емес, адамды табиғатпен, қоршаған ортамен және ғаламмен үйлесімде өмір сүруге үндейтін философия деп қабылдайды.
“Тәңір – дін емес. Бұл адамдармен, табиғатпен, ғаламмен үйлесімде өмір сүру философиясы. Мен – ғаламның бір бөлшегімін, ғалам да менің бір бөлшегім. Құдай менің ішімде, мен Құдайдың бір бөлшегімін. Мен құл емеспін, мен еркін адаммын. Сондықтан бұл дүниетаным маған әлдеқайда жақын”, – деді ол.
Продюсер өзін діншіл адам санамайтынын, бірақ Жаратушының бар екеніне сенетінін жеткізді.
“Мен діншіл емеспін, мұны талай рет айттым. Бірақ сенетін адаммын. Бізді жаратқан бір күш бар екеніне толық сенемін. Өйткені осының бәрін біреу жаратты ғой”, – деді Алагөзова.
Ол ғаламның құрылымы, табиғат пен адамның өмір сүру заңдылығы өзінен-өзі пайда болды дегенге сенбейтінін де айтты.
“Кейде аспанға қарап, мұның бәрі адам ақылына сыймайды деп ойлаймын. Ғаламның соңы қайда? Оның ар жағында не бар? Мұның бәрінің Жаратушысы бар”, – деді ол.
Алагөзова белгілі бір дінді ұстанбайтынын айтқанымен, адамды табиғатпен және ғаламмен біртұтас деп қабылдайтын Тәңір дүниетанымын өзіне жақын көзқарас ретінде сипаттады.
Қазақстанның өңірлері биыл қанша қарыз алды: Миллиардтар қайда жұмсалды?
