Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейде ұшақты басып аламын деп қорқытқан жолаушы Қазақстан тумасы болып шыққан

Ресейдің Волгоград қаласынан Мәскеуге ұшатын ұшақта мас ер адам ұшақты басып алатынын айтып, шу шығарған. Соның салдарынан рейс екі сағаттан астам уақытқа кешіккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NewTimes.kz-ке  сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 8 қараша күні кешке Ресейдің Волгоград әуежайында болған. "Аэрофлот" компаниясының Airbus A320 ұшағы Мәскеуге ұшуға дайындалып жатқан. Сол кезде жолаушылардың бірі ұшақты басып алатынын айтып, жұрттың зәресін ұшырған. Сол кезде ұшақта  шамамен 150 адам болған.

Ер адамды полиция қызметкерлері дереу ұстады. Осыдан кейін арнайы үйретілген иттермен ұшақтың іші мен жолаушылардың жүктері түгел тексерілді. Алайда ешқандай жарылғыш зат немесе күмәнді зат табылған жоқ.

Ұсталған адам туралы не белгілі?

Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталған ер адам 42 жаста. Ол Мәскеу облысында тұрады. Полиция оның мас болуы мүмкін екенін байқағанымен, ер адам медициналық тексеруден өтуден бас тартқан.

Ал "112" Telegram арнасының хабарлауынша, ұсталған адам – Қазақстанда туған Алексей А есімді азамат. Арна мәліметінше, ол бұған дейін ұрлық жасағаны және біреуді өлтіремін деп қорқытқаны үшін сотталған.

Осы оқиғаға байланысты Волгоградтан Мәскеуге ұшатын SU1185 рейсі екі сағаттан астам уақытқа кешікті. Ұшақ 8 қараша күні сағат 21:45-те ұшуы керек болған. Алайда жолаушылар Мәскеуге түнгі 00:12-де ғана аттанған. Ресейдің көлік полициясы ер адамның үстінен екі әкімшілік хаттама толтырғаны жарияланды.

"Жолаушы полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ оған дәрігердің рұқсатынсыз есірткі немесе психотроптық заттарды пайдалануға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды", – деп хабарлады көлік полициясы.

Сот ер адамды алты тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар оған қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр.

Еске салсақ, өткен жылдың 19 сәуірде Алматы әуежайында 15 жастағы жасөспірім досында бомба барын айтып қалжыңдаған еді. Осы сөзден кейін Алматы – Қарағанды бағытындағы ұшақтан барлық жолаушы түсіріліп, қауіпсіздік қызметкерлері тексеру жүргізген. Салдарынан FlyArystan әуе компаниясының рейсі 2 сағат 44 минутқа кешіккен.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 13:00