Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы тергеу изоляторларында отырған балалар қалай білім алады: Министр мәселені жыл соңына дейін шешуге уәде берді

 

әкімшілік рахымшылыққа ілігу
Фото: pixabay.com

Құрылтай отырысында Қазақстандағы тергеу изоляторларында отырған балалар қалай білім алатыны туралы мәселе көтерілді. Депутаттар қамаудағы жасөспірімдердің орта білім алу құқығы толық қамтамасыз етілмей отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Депутат Юлия Кучинская Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан тергеу изоляторларында отырған кәмелетке толмағандардың орта білім алуын қамтамасыз ету туралы сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, тергеу изоляторында отырған балалар да орта білім алуға құқылы. Бұл мәселе "Қазақстан балалары" тұжырымдамасында қарастырылғанымен, оны шешу мерзімі 2026 жылдың мамырында аяқталған.

“Алайда жұмыс әлі толық жолға қойылмаған. Осыған байланысты қазір қанша баланың білім ала алмай отыр және олардың сабақ оқып, емтихан тапсырып, ресми баға алу жүйесі қалай ұйымдастырылады”, -деп сұрады Юлия Кучинская.

Жұлдыз Сүлейменова бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жүріп жатқанын айтты. Алайда айтуынша мәселе күрделі болып шыққан. 

“Оны шешу үшін бірқатар ұйымдастыру мәселесін реттеу қажет. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты қысқа мерзімде өз күшімен атқара алмады. Неге десеңіз, тергеу изоляторлары – арнайы режимдегі нысандар. Сол себепті балаларды қашықтан оқыту да мүмкін болмай отыр. Өйткені ол үшін балаларға гаджеттер қажет, ал изоляторларда онлайн оқытуға рұқсат жоқ”, – деп түсіндірді министр. 

Айтуынша, қазір білім берудің басқа жола мұғалімдердің изоляторға барып, балаларға сабақ беруі қарастырылып жатыр.

“Қазір Астана қаласында, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл мәселе шешілген. Қалған өңірлерде де осындай жүйені енгізу қажет. Оған қатысты бұйрық дайын. Біз бұл уақытқа дейін оқытуды қалай ұйымдастыру керегін ұзақ талқыладық. Бұған қоса, тергеу изоляторлары Ішкі істер министрлігі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қарауында. Сондықтан мұнда да бірқатар ұйымдастыру мәселесі туындады. Мәселен, балаларға қай мұғалімдер сабақ береді? Қандай пәндер оқытылады, мұғалімдерге еңбекақы қалай төленеді? Бұл олардың қосымша жұмысы бола ма, әлде негізгі жүктемесіне кіре ме? Осындай мәселелерді шешу қажет болды”, – деп қосты Сүлейменова. 

Министр осы тұста Бүгінде уақытша ұстау изоляторларында 119 кәмелетке толмаған бала отырғанын алға тартты. Айтуынша бұл мәселе министрліктің бақылауында және жыл соңына дейін шешіледі. Тиісті бұйрық та дайындалған.

Еске салсақ, бұған дейін Ғылым министрі  Қазақстанда студенттердің курьер болып жұмыс істеуіне тыйым салынып, салынбайтынына жауап берген еді. Айтуынша, соңғы жылдары студенттердің шәкіртақысы айтарлықтай өскенімен, оның көлемі әзірге барлық қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан жастардың қосымша жұмыс істеуіне түсіністікпен қарау қажет.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 13:00