Арман Дүйсеновтың ұлының өліміне қатысты іс қайта қозғалды: Күдікті тергелмеген
Ішкі істер министрлігінің тексеруінен кейін Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеушілері 21 жастағы Абылай Дүйсенотың өзіне қол жұмсауына қатысты бұрын тоқтатылған қылмыстық істі қайта бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Абылай Дүйсеновтың анасының айтуынша, Бостандық аудандық полиция басқармасы істі өзінен 48 миллион теңге қарызын талап еткен Санжар Мұқаштың мүддесіне сай жүргізіп жатыр. Санжардан бөлек іске қатысы тағы бір күдікті анықталған. Алайда одан тергеушілер жауап алмаған.
“Абылай бізбен үнемі жоспарларын, мәселелерін бөлісетін. Бірақ оның ірі көлемде қарызы бар екенін естіген емеспін. Ұлым мен Санжардың хат алмасуларынан ақшаны Вампир лақап атымен танылған адамнан алғаны белгілі болды. Көп қиындықпен оның Алтынбек есімді адам екенін және алтын өндіретін компаниялардың тең иесі екенін білдік. Бірақ менің білуімше, одан тіпті жауап та алынбаған. Қалай болғанда да, менімен немесе Мұхашпен беттестіру жүргізілген жоқ", – дейді Айсұлу.
Композитордың жесірі адвокаттардың Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға ондаған шағым мен өтініш жолдап жатқанын айтты.
“Бізді жоғары лауазымды тұлғалардың қабылдауына шақырады. Олар уәждеріміздің орынды екенін мойындағандай бас изейді, бірақ бұл тергеу барысына еш әсер етпеді. Тергеуді әлдебір ықпалды адам басқарып отырғандай әсер қалдырады. Қателессем екен деймін. Алайда әзірге барлық әрекет Санжар мен оның артында тұрған жұмбақ “Вампирдің” мүддесіне сай болып жатыр", – деп қосты Айсұлу.
Адвокаттар тергеушіні кешенді сараптама тағайындауға көндірген. Ол келісім бергенімен, мамандарға қылмыстық істің ешқандай материалын ұсынбаған. Сот-медициналық сарапшылар үлкен қиындықпен бұл оқиғаны өзіне қол жұмсау деп бағалауға болмайтынын анықтаған. Сараптама қорытындысы қылмыстық іске тіркелген. Алайда содан кейін тергеу тоқтатылған.
Біз Ішкі істер министрлігіне бардық. Сол жақтан тексеру жүргізу үшін материалдар Алматы қаласының Полиция департаментіне жіберілді. Тергеуші қылмыстық істің қайта басталғанын айтты. Бірақ іс әлі де өзіне қол жұмсау дерегі бойынша тергеліп жатыр. Ал біз Абылайдың өлімі кісі өлтіру болуы мүмкін деп есептейміз.
"Бізді тергеу әрекеттеріне шақырмайды. Меніңше, Санжар Абылайдың өліміне қатысты барлық мән-жайды, соның ішінде Вампир туралы да білуі мүмкін. Ол өте жоғары пайызбен қарыз беріп, кейін қарыздан қымбат жылжымайтын мүлікті тартып алатын адам болуы ықтимал. Тергеуші оның кім екенін анықтап, жауап алуы керек еді. Басқа нұсқаларды да тексеруге болатын еді", – дейді Айсұлу көзіне жас алып.
Ал отбасын үйден шығару ісіне келсек, Бостандық аудандық соты Мұхаштың талабын қанағаттандырған. Алайда қалалық сот Алпысбаеваның пайдасына шешім шығарған. Кейін Санжар кассациялық сотқа жүгініп, іс қайта қарауға жіберілген. Бірақ сот процесі әлі басталмаған.
Іс материалдарында Санжар мен Абылайдың хат алмасулары бар. Онда пайызбен берілген ірі көлемдегі қарыз туралы айтылады. Алайда пәтерді сату немесе басқа адамның атына рәсімдеу туралы ештеңе жазылмаған.
"Онда Мұқаш неге жесір әйелді, кішкентай баланы және науқас әкесін үйден шығаруға сонша тырысып жүр? Ол Вампирдің тапсырмасын орындап жүрген жоқ па? Мұндай жайттар тек сотта ғана емес, тергеу барысында да анықталуы керек емес пе?" – дейді Айсұлу.
Оның айтуынша, Абылайдың психологиялық жағдайына қатысты сараптама да тек Санжар мен тағы бірнеше адамның сөздеріне сүйеніп жасалған. Ұлының телефоны зерттелмеген, ал отбасы мүшелерінен жауап алынбаған. Соған қарамастан, тергеу Абылай әкесі қайтыс болғаннан кейін күйзеліске түсіп, қарызға батқан деген қорытындыға келген.
"Бірақ Абылайдың депрессияда жүргені байқалмады. Ол алдына мақсат қоя білетін, адамдармен тез тіл табысатын жігіт еді. Біз үшін оның басына не болғанын білу маңызды. Ащы болса да, шындықты білгіміз келеді", – дейді Айсұлу.
Адвокаттардың пікірінше, тергеу сапасыз жүргізіліп жатыр. Олардың айтуынша, Абылайдың өліміне қатысы болуы мүмкін адамдардың геолокация деректері әлі сұратылып, зерттелмеген. Қорғаушылар бұл туралы бірнеше рет өтініш бергенімен, нәтиже болмаған.
Сондай-ақ тергеушінің әрекеттеріне Алматыдағы тергеу сотында бірнеше рет шағым түсіріліп, оның кейбір әрекеттері заңсыз деп танылған. Айсұлудың қорғаушыларының мәлімдеуінше, тергеуші 2026 жылғы қаңтарда қызметінен кеткенге дейін әрекетсіздік танытқан. Ал қызметінен кетер алдында ол Санжарға жариялауға болмайтын қылмыстық іс материалдарын берген болуы мүмкін, дейді марқұмның жесірі.
Айсулу редакцияға ұлының өліміне қатысты түрлі құжаттардың көшірмесін ұсынған. Абылай мен Санжардың хат алмасуында Алтынбек-ағаның пайызбен қарызға алған ақшасы туралы айтылған. Ол ақшаны жылдық 14-15 пайызбен алған. Әңгіме басында 140 немесе 165 мың доллар туралы айтылса, кейін сома 65-75 миллион теңгеге дейін өзгерген. Сонымен қатар Абылай жұмбақ жағдайда қайтыс болардан аз уақыт бұрын, қыркүйекте, Санжарға банк қосымшасы арқылы 1 миллион 80 мың теңге аударған. Бұл – тамыз айындағы алғашқы айдың пайызы болған.
Айсулудың қорғаушыларының айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу әлі толық аяқталмаған.
"Қазір тергеу құпиясына байланысты мәліметтерді жариялай алмаймыз. Қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен, зерттелуі тиіс көптеген маңызды жайттар ескерусіз қалды. Полиция мен прокуратура басшылығы қабылдауында уәждеріміздің негізді екенін мойындайды. Бірнеше өтініш бердік, шағымдандық. Бірақ нәтиже жоқ. Абылай Дүйсеннің өліміне қатысты іс тергеудің салғырттығынан толық зерттелмеген деп есептейміз", – дейді қорғаушылар.
Ал азаматтық сотта Айсулудың мүддесін қорғайтын адвокат Гүлмира Сыдықованың айтуынша, пәтерді сату туралы мәміле шын мәнінде болмаған. Оның сөзінше, мұны үш сот сатысына да ұсынылған дәлелдер растайды.
"Абылай мен Санжардың хаттарын талдағанда, олардың арасында пайызбен ақша қарызға беру туралы ғана әңгіме болғаны көрінеді. Алғашында Санжар Мухаштың шағымы бойынша бірінші сатыдағы сот Айсулу мен оның отбасы мүшелерін пәтерден шығару туралы шешім қабылдады. Біздің шағымымыздан кейін Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы пәтерді сату-сатып алу шартын жарамсыз деп таныды. Бірақ кассациялық алқа істі қайта қарауға жіберді. Бұған қылмыстық тергеудің аяқталмауы, төменгі соттардың істі мерзімінен бұрын шешуі және қылмыстық іс материалдарындағы бір-біріне қайшы көрсетілімдерге тиісті баға берілмеуі себеп болған”, – дейді адвокат.
Адвокат судьялар Санжар Мұқаштың Абылайға қарызға берген ақшаны қайдан алғанын анықтауы қажет деп санайды.
Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда көз жұмған еді.
Ал 2024 жылы қазанда марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озды.
2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап беріп, композитордың жертөледе емес, зауытта көз жұмғанын айтқаны хабарланған еді.
“Екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған”: Арман Дүйсеновтің әйелі Тоқаевтан көмек сұрады.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр
