Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ғарышқа кетіп қалма": Тойханаға көлікпен кірген әнші Нұрболат Абдуллин жұрттың сынына ұшырады

Нұрболат Абдуллин көліктен түсті
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандық әнші Нұрболат Абдуллин тойханаға көлікпен кіріп, желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға көпшілік түрлі пікір білдіріп жатыр. Кадрлардан той өтіп жатқан залға Toyota Land Cruiser көлігінің кіріп келе жатқанын көруге болады. Артынша көліктен Нұрболат Абдуллин түсіп, әнін жалғастырады. Әнші той иелеріне тосынсый жасап, арнайы қонақ ретінде келген.

Нұрболат Абдуллин той иелерін құттықтап, бұл отбасының өзіне де жақын екенін айтты.

“Бүгін әке-шешеміздің шаңырағындағы той құтты болсын! Бұл – менің де шаңырағым. “Әке өлсе де, әкеңді көрген өлмесін” деген сөз бар. Әкем мен Сағынбай ағамыздың достығының туын көтеріп, арнайы келіп қалған жайым бар. Бауырым, құтты болсын!” – деді әнші.

Алайда оның тойханаға көлікпен кіруі желі қолданушыларының көңілінен шыға қоймады. Кейбірі мұны орынсыз әрекет әрі дарақылық деп бағалады.

“Көлікті сыйлыққа әкелді ме десем...”, “Жаяу-ақ кірсе болмай ма?”, “Президент те ғимаратқа көлікпен кірмейді”, “Алғаш сахнаға шыққанда қарапайым еді, қазір өзін жұлдыз сезінетіндей”, “Балам, кішкене бір-екі саты төмен түссеңші, ғарышқа кетіп қалма”, “Көзге ерсі көрінеді”, – деп жазды олар.

Ал әншіні жақтап шыққандар да табылды. Олардың пікірінше, Нұрболат Абдуллин әкесінің досының қуанышына арнайы тосынсый жасап келген және мұндай шоуды тым қатты сынаудың қажеті жоқ.

“Ол елдің сүйікті әншісі. Оның үстіне жерлестері мен ауылдастарының, әкесінің досының тойына арнайы келіп отыр. Қалай келсе де жарасады”, – деп пікір білдіргендер бар.

Пікір білдірушілердің бірі мұны ерекше шоу деп қабылдаса, енді бірі қарапайымдылықтан алшақ әрекет деп сынады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 15:15