"Қорғансыз күндерім болды": Дариға Бадықова өзін "тез байып кетті" дейтіндерге жауап берді
Актриса әрі продюсер Дариға Бадықова кейінгі уақытта өзіне қатысты айтылып жүрген сын-пікірлерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, жұрт арасында “тез байып кетті” деген әңгіме жиі айтылады. Алайда ол бүгінгі жетістігі ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі екенін жеткізді.
“Бадықова тез байып кетті деген сөздерді естіп қаламын. Ешқандай да тез байыған жоқпын. Осы өнерде 28 жыл еңбек еттім. Жасырмаймын, интуициям алыстан сезеді. Қаншама ұйқысыз түндер болды. Қорғансыз күндерім болды. Барлық шешімді өзім шығарып, “дұрыс па, бұрыс па” деп қорыққан кездерім болды”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ актриса көп нәрсені ішінде сақтап жүргенін айтып, өз жетістігін жоққа шығаратын адамдардың сөзін қабылдай алмайтынын жеткізді.
“Менің өмірімде “менің арқам сен осындай болдың” дегенді де естідім. Сонда менің талантым қайда? Пысықтығым қайда? Оқығандығым қайда? Тірлік бастағаным қайда? Жеме-жемге келгенде бәрі қайда?” – деді Дариға Бадықова.

Өнер иесі өзіне бұйырған бақ пен табысты да мойындағысы келмейтіндер бар екенін меңзеді.
“Маған берген бақ-дәулетті мойындағыларың келмей ме? Кеудемде жаным бар екенін, осы өнер арқылы біраз жерге барғанымды туып-өскен елім біледі. Мен біреуге бермесем, алмаймын”, – деп жазды ол.
Жазбасының соңында Дариға Бадықова алдағы шығармашылық жоспарынан да хабар берді. Оның айтуынша, келесі фильмі бір әулеттің оқиғасына арналады.
