Қазақстандық университет оқытушыларына жала жапқан әйелге 778 мың теңге айыппұл салынды

Ақтауда сот әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде университет оқытушылары туралы жалған ақпарат таратқан әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартып, 778 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 73-3-бабының 2-бөлігі (Жала жабу) бойынша азаматша Р-ға қатысты істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, биылғы мамыр айында Р есімді азаматша Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларында, сондай-ақ WhatsApp чатында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушыларына қатысты жазбалар жариялаған.
Университет өкілдері мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейтін, оқу орны қызметкерлерінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат деп бағалап, сотқа жүгінген.
Сот отырысында азаматша Р өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, кінәсін мойындамады. Ал университет өкілі оны жалған мәлімет таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады. Соттың мәліметінше, құқық бұзушылық фактісі жәбірленушінің жауабымен, әлеуметтік желідегі жарияланымдар мен фотолармен, университет қызметкерлерінің ұжымдық өтінішімен, полиция инспекторының рапортымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және іс бойынша зерттелген өзге де құжаттармен дәлелденген.
Осылайша, сот азаматша Р-ді кінәлі деп танып, оған 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 778 500 теңге айыппұл салды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде дау туындап, студенттердің ата-аналары оқу орны бұрын берген уәделерін орындамағанына шағымданған еді.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина құқық қорғаушы әрі блогер Николай Гиньятовтың өзіне қатысты әлеуметтік желілерде жариялаған жазбаларын жала деп бағалап, сотқа жүгінген еді. Сот жарияланымдарға сараптама тағайындап, нәтижесінде Гиньятов ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Алайда блогер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенін мәлімдеген еді.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты
Оқыңыз