Қызғаныш қымбатқа түсті: TikTok-та жала жапқан әйел 544 мың теңге айыппұл арқалады

Фото: pixabay.com
Жамбыл облысында әлеуметтік желідегі бір жазба әйелге жүздеген мың теңге шығын әкелді. Қызғанышпен жарияланған балағат сөздер мен жала сотта дәлелденіп, айыппұлмен аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысы Сарысу аудандық соты TikTok әлеуметтік желісінде жала жабу дерегі бойынша әкімшілік істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында азаматша С өзінің TikTok парақшасында жәбірленуші әйелдің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жазбалар жариялаған. Ол тек мәтінмен шектелмей, жәбірленушінің фотосуреттерін де жүктеп, ауыр балағат сөздер жазған.
Сот барысында әйел өз кінәсін мойындап, мұндай ісіне қызғаныш себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, жәбірленушіні өз жұбайымен байланысты деп күдіктеніп, ашу үстінде осындай қадамға барған.
Ал жәбірленуші болса, осы жағдай оның абыройына ғана емес, отбасылық өміріне де кері әсер еткенін жеткізді. Ол заңды некеде екенін, алты кәмелетке толмаған баланың анасы екенін айтып, соттан әділ жаза сұрады. Оның айтуынша, жарияланған жазбалар өзі мен балаларына моральдық соққы болған.
Сараптама нәтижесі де жарияланған материалдарда ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлайтын сөздер бар екенін растады. Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша әйелді кінәлі деп таныды. Алайда оның кінәсін мойындауы және алты баласының болуы жеңілдететін жағдай ретінде ескеріліп, айыппұл мөлшері 30 пайызға қысқартылды.
ОқыңызОсылайша, сот қаулысымен азаматша С-ға 544 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 21 жастағы жігіт бұрынғы қызын үш ай бойы аңдып, қорқытып, балағаттаған. Ол қызғаныштың салдарынан жанжал шығарып, мессенджер арқылы қорлайтын хабарламалар жіберіп, тіпті өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, қызды түрмеге отырғызамын деп қорқытқан.
Сот оны ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулікке қамады және бір жыл бойы жәбірленушіге жақындауға тыйым салды. Сонымен қатар, оның әрекеттерінде сталкинг пен қорқыту белгілері болғандықтан, іс қылмыстық тұрғыда да қаралмақ.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек