Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір автобусқа 58 миллион теңге: "ҚазМұнайГаз" 1 миллиард теңгеге жуық қаржыға көлік алмақ

қымбат автобус
Фото: magnific.com

"ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясы 15 автобус сатып алуға 950,5 миллион теңге көлемінде тендер жариялаған. Бір көлікке шаққанда бұл шамамен 56-58 миллион теңге. Ал көлік сату сайтындағы біз қараған ұсыныстарда жаңа және қолданыста болған автобустардың бағасы бұдан айтарлықтай төмен болып шықты. Осыған байланысты Stan.kz редакциясы ұлттық компанияға сауал жолдап, тендердегі бағаның қалай қалыптасқанын сұрап көрді.

Әлеуметтік желіде "ҚазМұнайГаздың" автобустар сатып алуға жұмсамақ қаржысы қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты редакция тендер құжаттарын қарап шықты.

"ҚазМұнайГаздың" еншілес кәсіпорны "Ойл Транспорт Корпорейшэн" ЖШС 15 қала маңы автобусын сатып алуға тендер жариялаған. Құжаттағы мәліметке сәйкес, сатып алудың жалпы сомасы қосымша құн салығынсыз (НДС) 848,67 миллион теңге. Қосымша құн салығын қосқанда сома шамамен 950,5 миллион теңгеге жетеді. Яғни 15 автобусқа орта есеппен есептегенде, бір көлікке шамамен 63 миллион теңгеден жұмсалмақ.

автобустар қазмұнайгаз
Фото: zakup.gov.kz

Тендер екі лотқа бөлінген. Бірінші лотта 9 автобус қарастырылған, олардың жалпы құны 501,57 миллион теңге. Демек, бір автобустың бағасы 55,73 миллион теңге. Екінші лотта 6 автобус бар. Оларға 347,1 миллион теңге бөлінген. Мұнда бір көліктің бағасы 57,85 миллион теңгеге шығады.

Осылайша, саны мен лоттары бөлек болғанымен, техникалық сипаттамасы бірдей. Екі жағдайда да екінші деңгейдегі, сыйымдылығы 40 адамнан аспайтын, ұзындығы 5-7,5 метр қала маңы автобустары көрсетілген. Алайда олардың бағасында бір данасына шаққанда 2,12 миллион теңге айырмашылық бар. Тендер "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ-ның сатып алу жоспарында бекітілген.

Нарықтағы бағамен салыстырғанда қалай?

Редакция тендердегі бағаны нарықтағы ұсыныстармен де салыстырып көрді. Ол үшін Kolesa.kz сайтындағы автобустардың ішінен бағасы мен сипаттамасы көзге түсетін үш ұсынысты қарастырдық. Айта кеткен жөн, дәл сол модельдер туралы емес, тек нарықтағы баға деңгейін көрсету үшін салыстырылған.

Мәселен, 2022 жылғы Yutong ZK6122H9 автобусы 36 миллион теңгеге ұсынылған. Ол қолданыста болған, 51 орынға арналған дизельді автобус.

автобус 36 млн тг
Фото: kolesa.kz

Ал 2026 жылғы, айдалмаған ПАЗ 320406-04 автобусының бағасы 37 миллион теңге. Оның сыйымдылығы – 25 орын. Тағы бір 2023 жылғы Yutong ZK6938HB9 автобусы 25 млн теңгеге сатылымда тұр, алайда ол да қолданыста болған және 292 мың шақырымнан астам жүрген, 39 орындығы бар автобус.

автобус бағасы
Фото: kolesa.kz

Мысалы, “Ойл Транспорт Корпорейшэн” тендерінде бір автобус 55,73 миллион теңгеге, ал екінші лоттағысы 57,85 миллион теңгеге бағаланған. Демек, 55,73 миллион теңгелік тендер бағасымен салыстырғанда сайттағы 36 миллион теңгелік автобус 19,73 миллион теңгеге, 37 миллион теңгелік жаңа автобус 18,73 миллион теңгеге, ал 25 миллион теңгелік қолданыста болған Yutong 30,73 миллион теңгеге арзан.

автобус
Фото: kolesa.kz

Ал 57,85 миллион теңгелік екінші лотпен салыстырсақ, айырмашылық тиісінше 21,85 миллион, 20,85 миллион және 32,85 миллион теңге болады.  Әрине, автобустардың маркасы, жылы, техникалық жабдықталуы мен нақты сипаттамалары әртүрлі. Сондықтан бұл ұсыныстарды тендердегі көліктермен тікелей теңестіруге болмайды. Дегенмен мұндай салыстырудың өзі тендерде көрсетілген 55-58 млн теңгелік бағаның қаншалықты негізді екені туралы сұрақ туғызады.

Компания баға айырмашылығын қалай түсіндірді?

Автобустардың бағасына қатысты редакция сауалына "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына еншілес "ОЙЛ ТРАНСПОРТ КОРПОРЕЙШЭН" маркетингтік зерттеу жүргізілгенін және жоспарлы құн нарықтағы ұсыныстар негізінде анықталғанын мәлімдеді.

"Екі лот бойынша автобустардың жоспарлы құны нарықтағы тауар өндірушілер мен ресми дилерлер арасында жүргізілген маркетингтік зерттеу негізінде, ең төмен баға ұсынысы қағидаты бойынша анықталды. Отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатында Қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін алған компаниялардың ресми тізіліміне енгізілген отандық өндірушінің бағасын негізге алу туралы шешім қабылданды", – деп түсіндірді "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы.

Неліктен екі лоттың бағасы әртүрлі?

Бір қарағанда техникалық сипаттамалары ұқсас автобустардың бағасындағы айырмашылыққа қатысты компания нақты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, екі лоттағы автобустардың басты айырмашылығы олар қолданатын отын түрінде.

"Лоттар арасындағы баға айырмашылығы қолданылатын отын түріне байланысты. 55,7 миллион теңге дизель қозғалтқышы бар автобустың құны, ал 57,8 миллион теңге зауыттан орнатылған қозғалтқышы мен сығылған табиғи газбен (метанмен) жұмыс істейтін жабдығы бар автобустың құны", – деп жауап берді ұлттық компания.

Компанияның мәліметінше, метанмен жүретін алты автобустың бастапқы құны жоғары болғанымен, кейін пайдалану кезінде бұл шығын метанның арзандығы есебінен өтелуге тиіс. Осыған байланысты компания арнайы рентабельділік талдауын да жүргізген.

Маркасы мен моделі көрсетілмеген

Тендер құжаттарында автобустардың нақты маркасы мен моделінің көрсетілмеуі де сұрақ туғызған. Компания мұны сатып алудың отандық тауар өндірушілерге басымдық берілетін тәртіппен жариялануымен түсіндірді. Ал қазіргі тендерге жалғыз әлеуетті жеткізуші "QazTehna" ЖШС қатысып отыр. Оның өтінімі әзірге қаралу үстінде.

"Бұл автобустар бойынша Қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін алған компаниялар ресми тізілімге енгізілгендіктен, сатып алу тауар өндірушілерге басымдық беру шартымен жарияланды. Осыған байланысты автобустардың маркасы мен моделі сұралмады", – дейді "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы.

 

Айым Атамбаева
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 14:31