Хуситтер Эр-Рияд әуежайына зымыранмен соққы жасады: 12 адам қаза тауып, 300-ден астамы жараланды
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға зымыранмен соққы жасалды. Жарылыстар 8 және 10 қазанда болған. Сауд Арабиясының Азаматтық авиация бас басқармасының (GACA) мәліметінше, соңғы шабуылдан 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Эр-Рияд әуежайына шабуыл
8 қазанда әуежайға екі рет шабуыл жасалған. Сауд Арабиясының азаматтық авиация басқармасы әуежай нысандары мен Saudi Arabian Airlines әуе компаниясының ұшағына зақым келгенін мәлімдеді.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, зымырандар әуежайдың үшінші және төртінші терминалдарына тиген. Соққы салдарынан шатырдың бір бөлігі іште болған адамдардың үстіне құлаған.
Reuters дерегінше, шабуылдан кейін әуежайда тұрған ұшақтардың бірінен қою түтін шыққан. Агенттіктің үш дереккөзі ұшақтың бос болғанын хабарлаған. Шабуылға хуситтер жауапкершілікті өз мойнына алып, әуежайға екі қанатты зымыран ұшырғанын мәлімдеді.
Agence France-Presse агенттігінің хабарлауынша, әуежайдағы жолаушылар мен қызметкерлер эвакуацияланған. Зардап шеккендерді тасымалдау үшін тікұшақтар да жұмылдырылған.
10 қазанда Эр-Рияд әуежайына тағы да зымыранмен соққы жасалды. GACA мәліметінше, 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланған. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр. Барлығы бірнеше ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алып жатыр. Науқастардың көптігіне байланысты басқа медициналық мекемелерден де дәрігерлер шақырылған. Қаладағы ірі ауруханалар төтенше жағдай режиміне көшкен.

Шабуылдан әуежайға материалдық шығын келген. Зымырандар үшінші және төртінші терминалдарға тигендіктен, ғимарат ішіндегі адамдарды эвакуациялауға тура келген. Әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды.
8 қазандағы шабуылдан Сауд Арабиясының мемлекеттік Saudia әуе компаниясының ұшқышы, капитан Хамуд әл-Кальтами қаза тапқаны хабарланды. Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасы сол шабуылдан кемінде үш корольдік азаматының қаза тауып, тағы бірнеше адамның жараланғанын мәлімдеген.
Даммам әуежайына да шабуыл жасалған
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, 10 қазанда Сауд Арабиясының Даммам қаласындағы Король Фахд атындағы халықаралық әуежайға да соққы жасалған.
Снаряд әуежайға жақын жерге түскен. Осыған байланысты Даммамға бағыт алған ұшақтар әуеде күту аймағында қалуға мәжбүр болған. Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Сонымен қаар 10 қазанда Сауд Арабиясының орталық бөлігіндегі әл-Хардж провинциясының үстінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі баллистикалық зымыранды қағып түсірген. Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясының ресми өкілі Түрки әл-Мәликидің айтуынша, зымыранды хуситтер ұшырған.
Әуе компаниялары рейстерді тоқтатты
8 қазандағы шабуылдан кейін Lufthansa және Үндістанның үш әуе компаниясы Эр-Риядқа қатынайтын рейстерін уақытша тоқтатты. Мысырдың EgyptAir әуе компаниясы да Сауд Арабиясының астанасына ұшатын рейстерін тоқтатқан.
Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) аймақтағы жағдайдың одан әрі нашарлау қаупі бар екенін ескертті.
АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясына жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдіріп, соққылар мәселесі бойынша тез арада шешім қабылданатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Йемендік хуситтер Сауд Арабиясының қалалары мен мұнай нысандарына шабуыл жасағаны туралы жазған едік.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді