Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтелекомның" 5 мың кеңсе қызметкері қысқартылады – Бағдат Мусин

Мусин қызметкерлердің қысқартылуы
Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің баспасөз қызметі

“Казақтелеком” компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин компанияда ауқымды оңтайландыру жүргізілетінін айтты. Оның сөзінше, алдағы екі-үш жыл ішінде елдегі ең ірі телеком-оператор кеңсе қызметкерлерінің санын едәуір қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

NEF 2026 форумында сөз сөйлеген Бағдат Мусин "Қазақтелеком" құрылымында айтарлықтай теңгерімсіздік бар екенін айтты. Оның айтуынша, қазір кеңседегі әкімшілік қызметкерлер саны желілік техникалық мамандардың санымен теңесіп қалған.

"8 мың бэк-офис қызметкерінің 5 мыңы қысқартылуы мүмкін. Олардың жұмысын заманауи технологиялар атқарады. Мен бұл туралы бәріне, тіпті президентке де айттым. Екі-үш жылдың ішінде 8 мың қызметкердік тек 3 мыңы қалады. Біз ІТ мамандары ретінде кеңсе жұмысын қалай алмастыруға болатынын білеміз. Сол үшін қазір жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізіледі", – деді Бағдат Мусин.

Кімдер өз орнында қалады?

Сонымен қатар Бағдат Мусин оңтайландыру қарапайым еңбек адамдарына әсер етпейтінін айтты. Кабель тартушылар, монтажшылар мен желілік инженерлер сияқты 8 мың техникалық маман өз жұмысын сақтап қалады. Оның айтуынша, олардың жұмысын қазіргі технологиялар толық алмастыра алмайды.

Кабель тартушылар "миллионерге” айналады

Бағдат Мусиннің пікірінше, тек кеңседе отыратын жұмыстың беделі азайып келеді. Енді қолмен жұмыс істейтін мамандардың еңбегі жоғары бағалана бастайды.

Нақты құндылық жасайды: Қолмен жұмыс істейтін адамдар бизнеске негізгі пайда әкеледі;

Роботтар бәрін істей алмайды: Технологиялар даладағы техникалық жұмысты толық орындай алмайды.

"Робот кәріз құдығына түсіп, кабельдің үзілген жерін тауып, оптиканы дәнекерлеп бере алмайды. Әзірге бұл мүмкін емес", – деді компания басшысы.

Жаңа басшылар шығады: Қарапайым жұмысшылар мен бригадирлердің арасынан істі ішінен білетін жаңа менеджерлер қалыптасады.

"Бұрын “жақсы оқымасаң, сантехник не жол жұмысшысы боласың” деп қорқытатын. Ал қазір жағдай өзгерді, қолмен еңбек ететін адамдардың миллионер болуға мүмкіндігі көбірек", – деді Бағдат Мусин. 

 Бұған дейін Бағдат Мусин және "Қазақтелеком" командасы 752 миллион теңге көлемінде сыйақы алған еді. KASE-де "Қазақтелекомның" 2025 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есебі жарияланды. Акционерлер 2025 жылдағы компанияның таза табысын бөлу тәртібін бекітті: 3 миллиард 533 миллион 203 мың 977,54 теңге дивиденд төлеуге бағытталсын деп шешілді. Қалған бөлігі компанияда қалды.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 20 Мамыр, 2026 16:24