Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдат Мусин және "Қазақтелеком" командасы 752 миллион теңге көлемінде сыйақы алды

Мусин сыйақы
Фото: Gov.kz

KASE-де "Қазақтелекомның" 2025 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есебі жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Акционерлер 2025 жылдағы қоғамның таза табысын бөлу тәртібін бекітті: 3 533 203 977,54 теңге дивиденд төлеуге бағытталсын деп шешілді. Қалған бөлігі компанияда қалды.

Компанияның қаржылық есебінде "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-індегі 100% үлесті сату айтарлықтай әсер еткен. Бұл Tele2, Altel және МТС брендтерін қамтиды. Соңғысы Катардан келген инвесторға 1,1 миллиард долларға сатылған.

Жалпы алғанда, компанияның 2025 жылғы түсімі – 587,2 миллиард теңге. Операциялық пайдасы – 94,5 миллиард теңге, ал таза пайдасы – 147 миллиард теңге болды.

“Компанияның негізгі қарыздық жүктемесі – қысқа мерзімді қарыздар мен жеткізушілер алдындағы берешек. Бұл шамамен 300 миллиард теңге”, – делінген 2025 жылдың соңындағы деректерде.

QAMS қауымдастығының мәлімдеуінше, компания шоғырландырылған есебіне сәйкес, жалпы және әкімшілік шығыстар құрамында көрсетілген негізгі басқарушы қызметкерлерге берілген сыйақы сомасы 2025 жылы 752,280 миллион теңге болды.

Осылайша, Бағдат Мусин және оның "Қазақтелекомдағы" командасы 2025 жыл үшін 752 миллион теңге көлемінде сыйақы алған.

Бұған дейін "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. 

Өз сөзінде ол компанияның қызметі толығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға және азаматтар мен бизнес үшін заманауи, қауіпсіз және қолжетімді цифрлық ортаны құруды қамтамасыз ете отырып, цифрландырудың мемлекеттік саясатын қолдауға бағытталғанын атап өтті. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 15:51