Ұшақтағы масалардың кесірінен әуежайдың екі қызметкері қайтыс болды
Франкфурт әуежайының екі қызметкері безгек ауруынан қайтыс болып, тағы төртеуі ем қабылдап жатыр. Германияның денсаулық сақтау органдары инфекцияны тасымалдаушы масалар ұшақ бортында келіп түсуі мүмкін деген болжам жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Әуежайда масаларға арналған тұзақтар орнатылды. Ұсталған жәндіктердің түрі мен шыққан тегін анықтау үшін олар зертханалық анализге жіберіледі.
"Өкінішке қарай, қызметкерлердің бірі осы инфекция салдарынан қайтыс болды. Біз барлық қызметкерлерге толық ақпарат беріп, қандай да бір белгілер байқалған жағдайда дәрігерге қаралуға кеңес береміз", – дейді Франкфурт әуежайының операторы Fraport компаниясының өкілі.
Инфекцияны әуежайдың әртүрлі бөліктерінде түрлі қызметтегі алты ер адам жұқтырған. Мамандар олардың бір немесе әртүрлі бөлек масалардан жұқтырғанын анықтау үшін қан үлгілерін талдап жатыр.
Шілде айында төрт қызметкер инфекция жұқтырған еді.
Германияның ауруларды бақылау және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы федералды ведомствосы әрі ғылыми-зерттеу институты – Роберт Кох институты бұған дейін бұл төрт адамның 4-6 шілде аралығында ауырғанын және масалардың ұшақта болғанын хабарлады.
Германия билігі масалар болған ұшақ қай елден ұшып келгенін нақтыламай отыр.
Институтта Германияда безгек ауруының жағдайлары негізінен аталған ауру кең таралған өңірлерден келген жолаушыларда ғана анықталатынын атап өтті. Безгектің тікелей неміс әуежайында жұғуы өте сирек кездеседі.
"Адам шет елге бармағасын, дәрігерлер оған безгек диагнозын бірден қоймайды. Диагноз кеш қойылған соң, ауру асқынып, қауіпті болып кетеді. Ауруды кеш анықтасаң, ол соғұрлым ауыр өтеді", – делінген институттың эпидемиологиялық бюллетенінде.
Бұған дейін "әуежайлық безгек" деп аталатын жағдай 2023 жылы да Франкфурт әуежайында тіркелген еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, безгек – адамға кейбір масалар арқылы беріледі және негізінен тропикалық елдерде кездесетін ауру.
Инфекцияның алдын алуға және оны емдеуге болады. Оған паразит себеп болады және ол адамнан адамға жұқпайды. Бұл ретте аурудың белгілері жеңіл де, өмірге қауіп төндіретін де болуы мүмкін.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады