Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада Орталық Азиядағы Пайғамбардың алғашқы мұражайы ашылмақ: Алайда бұл қазақстандықтардың шамына тиді

келісім
Фото: gov.kz

Астанада Пайғамбарға арналған мұражай ашу жоспарланып отыр. Алайда бұл бастама қазақстандықтар арасында қызу пікірталас тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

27 сәуір күні Қазақстанның Жиддадағы Бас консулы Руслан Қоспанов Меккедегі Пайғамбардың өмірбаяны және ислам өркениеті халықаралық мұражайына барған. Кездесу барысында Al-Salam Company (ASC) компаниясымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Құжатқа сәйкес, қазақстандықтар үшін мұражайға кіруге жеңілдіктер қарастырылған.

Оған қоса консул Жидда тарапымен елордада пайғамбар мұражайын ашу туралы келісімге келген. 

“Келіссөздер қорытындысында тараптар Астанада Орталық Азиядағы Пайғамбардың алғашқы мұражайын ашу жобасын бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты. Бұл бастама ислам мұрасын сақтау және насихаттауға, мәдени-ағартушылық кеңістік құруға, дінаралық диалогты дамытуға және жастарды ағартуға бағытталған”, – делінген хабарламада. 

Десе де бұл уағдаластық қазақстандықтарға ұнай қоймады. Олар елімізде Пайғамбарға арналған мұражай ашуға қарсылығын білдірді. 

“Енді осындай болмайтын мұражайларды ашпақсыңдар ма? Сізге қазақтың оюын “исламның” мұрасы ретінде ИСЕСКО-ға (Ислам білім беру, ғылым және мәдениет ұйымы) енгізуге кім құқық берді? Енді пайғамбарларына арнап мұражай ашпақ екен, ненің құрметіне? Ғылымды дамытатын ойларың бар ма? Неге бізде болмайтын адасқан сектанттар “университет” атымен, діни білім алып “ғылыми техникалық” диплом алып, түлектері зайырлы заңға түкіріп, үкімет ақшасына грантпен оқиды?", – деп жазды желі қолданушысы.

мұражай
Фото: Threads скрин

Сонымен қатар ол елімізде Қазақстанды танытатын керемет мұражай жоқ екенін тілге тиек етті.

“Шетелде қанша кемшілігі болса да тек өз елінің өркениетін ашып көрсетеді. Ал біздің елдегілер әлі арабқа жағымпазданып жүр. Айтыңдаршы, қазаққа арналған “уау!” дейтін мұражай бар ма? Шынын айтайын Қазақстанды ешкім қыстырмайды! Тіпті елдің атын білмейді. Себебі бізде елді танытатын бірде бір құндылық жоқ”, – деп жазды қолданушы.
пікір
Фото: Threads скрин

Ал енді бірі қазаққа қатысы жоқ адамдарға арнап мұражай ашу күлкілі іс екенін айтты. 

“Түркілерді қырып жойған діни ағымдар. Құлшылық ететін адам барып құлшылық етсін. Қорқыт Ата мұражайы неге жоқ? Тек Қызылордада орналасқан. Ал ол қазақтың қобызын қалаушы”, – деп жазды қазақстандық.

“Бірден біз қазақ емеспіз, ата тегіміз араб деп үкім шығарайық”, – деп жазды бірі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық қажылар Сауд Арабиясындағы Пайғамбар мұражайына кіруге жеңілдіктер ала алатыны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 04 Мамыр, 2026 11:28