Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еркек басқаға қараса, сен кінәлісің": Діни коуч ер адамдардың өзге әйелдерге көз салуын ақтап шықты

Фото: Видеодан скриншот

Желіде хиджаб киген әйелдің ислам аясында қарым-қатынас тақырыбында кеңес берген видеосы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видео Tiktok желісінде жарияланған.

Кадрларда ол әйелдер өзге қыздарға көз салатын күйеулеріне кінә артпауы керек екенін айтады. Оның сөзінше, бұл ер адамның табиғатымен байланысты, ал мұндай жағдайда кінәні әйелдің өзінен іздеу керек.

“Құранда былай жазылған: Әйел адам дүниеқұмар болады дейді, оны нәпсісіне Алла салған. Сондықтан әйелді дүниеге неге құмарсың деп айыптауға болмайды дейді. Ал еркектің нәпсісіне әйел салынған, сен оған “Неге өзге әйелдерге қарайсың? деп айтпауың керек. Оны өзгелерге қаратқан сен кінәлісің. Басқа кім кінәлі? Оның нәпсісіне салынған ғой. Неге басқа әйелге қарадың деп айтатын сен кімсің? Егер қараса — демек, сен оны ұстап тұра алмай отырсың, болды!” – деді ол.

Желі қолданушылары бұл сөздерді қатаң сынға алды. Пікір жазғандар мұндай кеңестер қисынсыз әрі қарым-қатынас туралы түсінікке зиян әсер етеді деп санайды. Көпшілік опасыздық немесе орынсыз әрекет үшін жауапкершілік серіктесіне емес, адамның өзіне жүктелетінін атап өтті.

“Осындай коучсымақтар қайдан шығады? Онсыз да әрең жүрген әйелдерді одан сайын қинап”, “Осылар не шегеді?”, “Негізі ҚМДБ адамдарға пәтуа беруге лицензия беру керек деп ойлаймын, егер адам лицензиясыз пәтуа айтса, онда заңмен жазалануы керек деп ойлаймын”, “Мына ессіздікті дұрыс деп айтып отырған әйелдердің жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауру дегеннен хабары жоқ-ау, сірә. “Әлгіні” біреумен ортақтасып. Жиіркенішті. Бұл жерге дінді тықпаңдар”, – деп жазды олар.

Сондай-ақ қазақстандықтар мұндай пікірлердің кәсіби дайындықсыз айтылатынына наразылық білдірді. Олар мұндай мәлімдемелер ислам туралы түсінікті бұрмалап, аудиторияны жаңылыстыруы мүмкін екенін жазды.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық коуч ерекше баланың анасын жұрттың көзінше кемсітіп, көптің ашуына тигені хабарланған еді.

Коуч Бақытбай Сабырбек әлеуметтік желідегі парақшасында семинарларының бірінде ерекше баланың анасымен сөйлескен сәтінен видео жариялады. Кадрларда ол алдымен көпбалалы ананың жасын, кейінірек жеке өмірін сынап, орынсыз сөздер айтты.

Коуч әңгімені әйелдің жасын сұраудан бастайды. Әйел ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын айтқан соң, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қояды:

“Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр?”

Әйел ұзақ уақыттан бері бұл сұраққа жауап іздеп жүргенін, баласымен жылдар бойы ауруханада болғанын, барлық уақытын соған арнағанын айтты. Соның арқасында баласы оны тани бастап, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлеуді үйренбегенін жеткізді.

Бұдан кейін Бақытбай Сабырбек ананың жеке өмірін сынға алып, жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын, ер адамды қаншалықты “мойындамағанын” сұрайды. Әйел ол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзімшіл болып, жақындарынан алшақтағанын айтты.

Ал қазақстандықтар коучтың сөзіне ашуланып, оны сынап тастады. Кейінірек Бақытбай Сабырбек көпшілік алдына шығып, әйелден кешірім сұрады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 15:20