Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшасын алады, интернеті істемейді": Қазақстандықтар Beeline қызметіне жаппай шағымданып жатыр

Билайн
Фото: Beeline.kz

Кейінгі уақытта қазақстандықтар Beeline байланыс операторының қызметіне жиі шағымдана бастады. Әлеуметтік желі қолданушылары интернет жылдамдығының төмендегенін, тарифтердің қымбаттағанын, шоттан ақшаның түсініксіз себеппен алынатынын және техникалық ақау жиі болатынын айтып, наразылық білдіріп жатыр. Бірі ақысын төлесе де, интернетсіз қалғанын айтса, енді бірі тариф мерзімі аяқталмай жатып байланыс жылдамдығы төмендейтінін жеткізген. Осы мәселелерден кейін кейбір абоненттер оператордың қызметінен мүлде бас тартқанын мәлімдеді. Осыған байланысты Stan.kz ақпарат агенттігі Beeline компаниясына хабарласып, ресми түсініктеме сұрады.

Threads желісінде Айгерім есімді қолданушы Beeline абоненттерінің шотынан түсініксіз себеппен ақша алынатынын айтып, мәселені көпшілік назарына ұсынды. Ол ақылы жазылымдар мен жасырын комиссияларға қатысты шағымдардың көбейгенін атап өтті.

“Қазақстанның мемлекеттік органдарынан Beeline компаниясының қызметіне назар аударуды сұраймын! Абоненттер шоттарынан негізсіз ақша алынатынын, өздері қоспаған ақылы жазылымдар мен жасырын комиссиялар барын айтып жатыр. Ақша қандай негізде ұсталады? Абоненттердің келісімі қайда? Мұндай жағдай қаншалықты кең таралған?” – деп жазды ол.

Желі қолданушысы Бас прокуратураға, Телекоммуникациялар комитетіне, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне және өзге де құзырлы органдарға жүгініп, компания қызметіне ресми тексеру жүргізуді талап етті. Кейін өзі де шағым түсіргенін хабарлап, өзге абоненттерді құқықтарын қорғауға шақырды.

Билайнға шағым
Фото: Threads / Скриншот

Өзге қазақстандықтар да осындай мәселелерге тап болғанын жарыса жазды. Мәселен, zhannulya_19 есімді қолданушы төрт күн бойы үй интернетін пайдалана алмағанын, алайда ай сайынғы төлем толық алынғанын айтады.

“Байланыс үнемі үзіліп, қызмет сапасы нашарлап жатса да, ай сайынғы абоненттік төлем толық алынады. Төрт күн бойы үйімде интернет болмады, бірақ қомақты төлемді түгел ұстап қалды. Байланыс орталығында мәселені шеше алатын білікті мамандар жоқ. Мұндай ақаулар жиілеп кетті”, – деп шағымданды ол.

Ал serik_s_ есімді қолданушы тарифті төлеуге қаражат жеткіліксіз болған жағдайда қосымша ақша алынатынына наразы. Оның сөзінше, мұндай төлем түнде автоматты түрде ұсталады.

“Неге тарифке ақша жетпесе, түнде автоматты түрде 390 теңге алынады? Қызмет көрсетілмесе, ақша не үшін ұсталады? Егер қаражат жеткіліксіз болса, қызметті тоқтату керек емес пе? Осындай жағдай ай сайын қайталанады. Ел көлемінде есептесеңіз, қыруар қаржы шығады”, – деп жазды ол.

Кейбір қолданушылар оператордың қызметінен бас тартқанымен, ақшасын қайтара алмай жүргенін айтты. Гүлнар есімді желі қолданушысы қыркүйекте интернет қызметінен бас тартып, роутерін өткізгенін, бірақ келісімшарттың тек қазан айының соңында бұзылғанын жеткізді.

“Қыркүйекте қызметтен бас тартып, роутерді өткіздім. Менеджер келісімшартты бұзу туралы өтінішімді қабылдаған. Бірақ қазанда да келісімшарт күшінде тұрды. Кеңселеріне бесінші рет бардым. Енді келісімшарт бұзылғанымен, ақшаны қайта есептей алмай отыр. Төлем жасамасаңдар, интернетті бірден өшіресіңдер. Ал алдын ала төленген ақшаны екі айдан бері қайтара алмайсыңдар”, – деп жазды ол.

Билайнға шағым
Фото: Threads / Скриншот

Тағы бір қолданушы өзіне автоматты түрде 8 мың теңге көлемінде сенім төлемі берілгенін мәлімдеді. Ол ай сайын 20 мың теңгелік тариф қолданатынын айтып, күтпеген берешек салдарынан байланыссыз қалғанын жеткізді.

“Маған автоматты түрде 8 мың теңге сенім төлемін қосқан. Кейін осы соманы шотымнан ұстап, балансым минусқа кетті. Операторға 20 минуттан астам уақыт хабарластым, бірақ мәселе шешілмеді. Байланыс пен интернетсіз қалған соң, шотыма амалсыз тағы 8 мың теңге салдым”, – деді ол.

Шағымдардың бір бөлігі төлем жасалғанымен, қызметтің қосылмауына қатысты. Аружан есімді қолданушы 1 қарашада үй интернетінің ақысын төлегеннен кейін бірнеше сағат бойы байланыссыз қалыпты.

“Сағат 19:01-де үй интернетінің тарифін төледім. Ақшам алынды, бірақ интернет қосылмады. 3131 нөміріне хабарлассам, төлем түспегенін айтады. Ал Kaspi.kz банкінде төлем сәтті жүргізілгенін растады. Бес сағат өтті. Интернет те жоқ, ақша да жоқ. Енді кімге жүгінуім керек?” – деп сұрады ол.
"Шексіз интернет болса, неге жылдамдығы төмендейді?"
Абоненттердің тағы бір наразылығы интернет трафигінің жұмсалуына және тариф шарттарына байланысты. Кейбір қолданушылар ай сайынғы төлем мерзімі аяқталмай жатып интернет жылдамдығы төмендейтінін айтып отыр.

Билайнға шағым
Фото: Threads / Скриншот

Келесі қолданушының сөзінше, тариф қосылғаннан кейін шамамен 20 күн өткенде интернетті пайдалану қиындайды.

“Мына Beeline-ды не істейміз? Бәріміз қызметінен бас тартайықшы. 20 күннен кейін интернетті көп пайдаландыңыз деп жылдамдықты азайтып тастайды. Бұрын тарифті түнгі 00:00 мен 03:00 аралығында төлеуге мүмкіндік болатын. Енді түнгі 12-ден кейін тариф өшіп қалады. Ақшасын салсам, күндік тариф деп тағы 500 теңге ұстап алады. Шаршатты”, – деп жазды ол.

Ал Жанат есімді қолданушы тарифті қосқан кезде айтылған шарт пен кейін байланыс орталығынан алған түсініктеменің бір-біріне сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

“Нөмірімді қайта іске қосқанда Instagram, YouTube, WhatsApp, TikTok әлеуметтік желілеріне шексіз интернет беріледі деді. Ай сайынғы төлемі – 8 мың теңге, 30 ГБ интернет қосылады. Бірақ гигабайттарым тез таусыла бастады. Себебін сұрап байланыс орталығына хабарлассам, ешқандай шексіз интернет жоқ екенін айтты”, – дейді ол.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде Beeline қосымшасында қалған интернет көлемін көруге қатысты да шағымдар айтылған. Қолданушылардың бірі бұл ақау бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын, соның салдарынан қанша мегабайт қалғанын бақылай алмай отырғанын жазды.

Желі қолданушысы Болат та кейінгі бір жылда байланыс сапасы айтарлықтай төмендегенін айтады. Оның сөзінше, мәселе интернетпен ғана шектелмей, телефон арқылы сөйлесуге де кедергі келтіріп отыр.

“Тариф өте қымбат, ал байланыс нашар. Ашық жерде тұрып операторға қоңырау шалсаң да, дауысың естілмейді. Janymda қосымшасы да дұрыс жұмыс істемейді. Операторға хабарлассаң, техникалық жұмыстар жүріп жатқанын айтады. Бірақ сол жұмыстар еш бітпейді. Соңғы бір жылда қызмет сапасы қатты нашарлады”, – деп шағымданды ол.

Кейбір абоненттер ұзақ жыл бойы пайдаланып келген байланыс операторынан бас тартқанын да мәлімдеді. Мәселен, келесі қолданушы он жылдық абоненттік тәжірибесінен кейін басқа интернет провайдеріне ауысқанын хабарлады.

“Beeline қызметін он жыл пайдаландым. Бірақ енді шыдамым таусылды. Мобильді байланыс та, интернет те нашар. Тек бағасы ғана өсіп жатыр. Сондықтан басқа провайдерге ауыстым. Интернеті әлдеқайда жақсы жұмыс істейді, үзіліс жоқ, бағасы да төмен”, – деп жазды ол.

Интернет сапасына қатысты наразылық та аз емес. Дәрия есімді қолданушы айына 20 мың теңге төлегенімен, үйдегі Wi-Fi мен мобильді интернеттің жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

“Wi-Fi дұрыс жұмыс істемейді. Роутерден үш метр алыстасаң, интернет ұстамайды. Ал айдың соңғы күндерінде мобильді интернет мүлдем нашарлайды. Тарифке 20 мың теңге төлеймін. Бірақ соған сай қызмет ала алмай отырмын”, – деп жазды ол.

Техникалық ақаулардан шаршаған кейбір абоненттер басқа операторға ауысуға мәжбүр болған. yelenovva есімді қолданушы бірнеше ай бойы SMS кодтар ала алмай жүргенін, соның кесірінен күнделікті тіршілігінде қиындықтар туындағанын жазды.

“Компанияның техникалық мәселелеріне байланысты нөмірімді барлық жерде ауыстыруға тура келіп отыр. Жұмысқа орналастым, бірақ SMS ала алмаймын. Шетелге ұшқанда электрондық поштама кіре алмадым. Код талап етілетін қосымшалардың ешқайсысына қол жеткізе алмай жүрмін. Бес айдан бері техникалық ақауды жөндеп жатыр. Енді басқа операторға ауысамын”, – деді ол.

Билайнға шағым
Фото: Threads / Скриншот

Осылайша желідегі шағымдар интернет жылдамдығымен ғана шектелмейді. Абоненттер төлемдердің ашықтығы, тариф шарттары, техникалық қолдау қызметінің жұмысы және ақылы қызметтердің қосылу тәртібі жөнінде де мәселе көтерді.

Beeline не дейді?

Ал Beeline компаниясы редакцияның ресми сауалына әлеуметтік желідегі пікірлер мен абоненттердің шағымдарын бақылап отырғанын мәлімдеді. Оператор өкілдерінің сөзінше, тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.

“Біз барлық пікірлерді мұқият қадағалап отырамыз және бейжай қалдырмай келеміз. Біздің клиенттерге қызмет көрсету орталығы келіп түскен өтініштерді тәулік бойы, 24/7 режимінде үздіксіз бақылап, әрбір тұтынушыға жеке әрі жедел көмек көрсету үшін жұмыс істеп келеді. Сіздердің өтініштеріңізді тіркедік және жағдайды мүмкіндігінше тез арада шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз”, – делінген жауапта.

Компания тарифтерге, шоттан ақша алынуына, төлемдердің есептелуіне, роумингке және техникалық ақауларға байланысты әрбір шағымды жеке қарауға дайын екенін жеткізді. Ол үшін жеке хабарлама арқылы телефон нөміріңізді және жағдайдың толық сипаттамасын жіберуіңіз қажет.

“Әрбір нақты жағдай бойынша (тарифтерге, шоттан қаражаттың есептен шығарылуына, есептеулерге, роумингке немесе абоненттердің мекенжайлары бойынша техникалық ақауларға қатысты мәселелер бойынша) егжей-тегжейлі тексеру жүргізуге дайынбыз. Ол үшін жеке хабарлама арқылы телефон нөміріңізді және жағдайдың толық сипаттамасын жіберуіңізді сұраймыз. Біздің мамандар әрбір өтінішті жеке қарастырып, мәселенің мән-жайын анықтап, оны шешуге міндетті түрде көмектеседі”, – деп жауап берді Beeline.

Алайда компанияның ресми түсініктемесінде шағымдардың нақты саны, абоненттердің шотынан ақша алынуына қатысты айтылған мәселелердің себептері және техникалық ақауларды толық жою мерзімі көрсетілмеген.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 13:29