Алматының қақ ортасында ілінген қазақша баннерден 5 қате табылды

Алматыда көшенің қақ ортасына ілінген Шоқан Уәлихановқа арналған баннерден бірнеше қате табылды. Мұны алматылық азамат Threads-те жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қандай қате кеткен?
Мән-жайды Threads әлеуметтік желісінде gabdilmanap_t есімді азамат жазды.
“Алматының қақ ортасында осындай қате жазуға жол беріп қойған қала әкімдігіне таңым бар. Сонда бұны қойған да, рұқсат берген де қазақ болмағаны ма? Әлде қалай болса солай жазуларды қаланың орталығында жазып қойып, жүре береміз бе? Баннер Медеу ауданы, Назарбаев 148 үйдің ауласында”, – деп жазған қолданушы.
Баннерге жақсылап назар салсақ, онда ғалымның тегінде де қате бар. Мысалы, “Уәлиханов” дегенді “Уалиханов” деп жазған.
Басқа да қателер мынадай: “халқымдың” (халқымның), “ғылым, және” – бұл жерде “және” жалғаулығының алдында үтір қойылмайды, “жұлдызы” сөзі екі рет қайталанған, “жүрегімде жылылық пен сүйіспеншілік” деген сөйлемде ой аяқталмай қалған. Осылайша бір ғана баннердің бетінде бас-аяғы бес қате табылды.
ОқыңызЖелі жұрты не дейді?
Желі қолданушылары жазуды Жасанды интеллект жазған деп, жағдайды сынға алды.
“Кім жасаса да, соңғы нұсқасын бекітетін адам бар шығар жергілікті әкімдікте”, “ЖИ-мен жасай салып, өзіне міндеттелген істен жеңіл қашқан түрі ғой”, “ЖИ бар жерде МИ істемейді”.
“Сыртқы көрнекіліктің неше адамның қолынан өтіп, тексеріліп, бекітілетінін ескерсек, Алматы қаласы әкімдігінің мамандары шетінен сауатсыз деген тұжырымға келеміз. Босатсын жұмыстан ондайларды, білікті маман алсын орнына”.
“Сұмдық-ай! “Менім” деп жүре беретіндер ғой, грамматикалық қате жібермес үшін сауаттарыңызды ашыңыздар”.
“Басына қай ұлттың бас киімін кигізіп қойған? Қазақтар бұндай бас киім кимеген. Масқара мынау, айыппұл салу керек бұларға”.
“Алыстан өтіп бара жатып “халқымдың” дегенді көріп шок болдым! Мына пост дәл түсе қалғаны, не деген көп қате бір баннерде, тексеріп ЖИ қателерін түзетуге шамалы әрекет жасау керек, ұят болды!”.
Әкімдік жауап берді
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, мектепке құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер компания баннерді рұқсатсыз, өз бетінше ілген екен.
“№56 мектепті қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан “Корпорация Астана Строй Инвест” ЖШС мердігер ұйымы нысандағы баннерлерді Құрылыс басқармасымен алдын ала келіспей, өз бетінше ауыстырған. Аталған жағдай анықталған соң талаптарға сай келмейтін баннерлер дереу алып тасталды. Мердігер ұйымға алдағы уақытта кез келген ақпараттық материалды алдын ала келісімсіз өз бетінше ауыстыруға жол бермеу жөнінде қатаң тапсырма берілді”, – делінген хабарламада.
“Корпорация Астана Строй Инвест” ЖШС – Қазақстандағы ірі құрылыс компанияларының бірі. Компания 2000 жылдан бері тұрғын үй, коммерциялық және әлеуметтік нысандардың құрылысымен, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысады. Осы уақыт ішінде 1 миллион шаршы метрден астам жылжымайтын мүлікті пайдалануға берген.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан мектептерінде қолданылып жүрген оқулықтардан 700-ден астам қате мен кемшілік анықталғанын мәлімдеген еді.