Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық ғылым академиясына квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесі берілмек

ғылым ордасыФото: qazscience.gov.kz

Мәжіліс ғылымды дамытуға бағытталған маңызды заңды қабылдап, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін нақтылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары ғылым мәселелері бойынша ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Заңмен ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктері енгізіледі. Ұлттық ғылым академиясының квазимемлекеттік сектор субъектісі ретіндегі мәртебесі нақтыланып, оның мүлкін қалыптастыру көздері, қаржыландыру тәртібі және міндеттемелер бойынша жауапкершілігі айқындалады.

Сонымен қатар ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімдерін есептеу тәртібі жетілдіріледі. Ғылымды қаржыландыру жүйесі де жақсартылады.

Бұдан бөлек, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту мақсатында денсаулық сақтау саласында референс-орталықтар құру шаралары қарастырылған.

Заң жобасы әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын да қамтиды. Атап айтқанда, сақтандыру төлемдерін алушылар мен зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша мұрагерлердің құқықтарын қорғау күшейтіледі. Бұдан бөлек авиация мамандарын даярлау барысында білім беру қызметінің ерекшеліктері, оның ішінде ұшу және тренажерлық дайындық талаптары айқындалады.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ғылымға жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, нақты нәтиженің жоқтығын ашық сынға алды. Оның айтуынша, қаржыландыру жүйесінде жемқорлық, бақылаудың әлсіздігі және стратегиялық бағыттың болмауы ғылыми саланың дамуына кедергі келтіріп отыр. Мыңдаған жобаның өте аз бөлігі ғана нарыққа шыққан, ал бөлінген қаражаттың тиімділігі төмен. Президент ғылымның басты мақсаты – ел экономикасына нақты пайда әкелу екенін атап өтіп, жүйені түбегейлі қайта қарауды талап етті.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 12:17