Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов әйгілі рэпер A$AP Rocky-дің бейнебаянын түсірді

Айсұлтан Сейітов / A$AP Rocky
Фото: Instagram.com/aisultan/

Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов америкалық танымал рэпер A$AP Rocky-дің жаңа бейнебаянын түсіруге қатысты. “Shroom Clouds” әніне түсірілген клип 19 қазанда жарық көрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңа бейнебаянның режиссерлік жұмысын Айсұлтан Сейітов америкалық рэпердің өзімен және Пьетро Биз Биазиямен бірге атқарған. Мұндай ақпарат клиптің соңындағы титрларда және YouTube желісіндегі ресми сипаттамасында көрсетілген.

Режиссер де әлеуметтік желідегі парақшасында A$AP Rocky-мен бірге түскен суретін жариялап, шығармашылық әріптестігін растады. 

“Shroom Clouds” әні 16 қазанда музыкалық платформаларға шыққан. Оны A$AP Rocky америкалық орындаушылар Reggie және Jeremih-пен бірлесіп жазған. Арада үш күн өткенде әннің ресми бейнебаяны көпшілік назарына ұсынылды.

Клип көрерменді қиял-ғажайып әлемге жетелейді. Бейнебаянның алғашқы бөлігінде табиғат көріністері, ерекше кейіпкерлер мен шынайы өмірде кездесе бермейтін құбылыстар бейнеленеді. Кейін бұл көріністер біртіндеп өзгеріп, оқиға Нью-Йорк көшелеріне ауысады.

Бейнебаянда түрлі көрнекі әсерлер, тосын ауысулар мен бейнелердің құбылуы кеңінен қолданылған. Мұндай тың шешімдер Айсұлтан Сейітовтің бұған дейінгі шығармашылық жұмыстарына да тән.

Rolling Stone басылымы жаңа клиптің өзгеше көркемдік шешіміне назар аударып, оны қиял мен шынайы өмір тоғысқан туынды ретінде сипаттаған. 

Айсұлтан Сейітовтің әлемдік жұлдыздармен жұмысы

Айсұлтан Сейітов үшін A$AP Rocky-мен жұмыс істеу алғашқы тәжірибе емес. 2021 жылы режиссер америкалық PacSun киім брендінің жарнамалық жобасы аясында рэпермен бірге жұмыс істеген.

Қазақстандық режиссер бұған дейін де әлемге әйгілі бірнеше музыканттың бейнебаянын түсірген. Олардың қатарында 21 Savage, J. Cole, Offset және Migos бар.

Сейітовтің халықаралық деңгейде кеңінен танылуына ықпал еткен жұмыстарының бірі – 21 Savage пен J. Cole орындаған “A Lot” әнінің бейнебаяны. Бейнебаян YouTube-платформасында 855 миллион қаралым жинады. Кейін бұл туынды MTV Video Music Awards сыйлығына ұсынылған.

Режиссердің шығармашылық қолтаңбасы ерекше монтажымен, киноға тән көркемдік шешімдерімен және күрделі бейнеэффектілерімен ерекшеленеді. Ол музыкалық бейнебаяндармен қатар жарнамалық және басқа да бейнежобалармен айналысады.

Бейнебаянға тағы бір қазақстандық маман атсалысқан

“Shroom Clouds” клипін жасауға қазақстандық колорист Ерлан Танай да қатысқан. Ол бейнебаянның түс үйлесімін реттеуге, жарық пен көлеңкенің арақатынасын үйлестіруге және жалпы көркемдік атмосферасын қалыптастыруға жауапты болған.

Ерлан Танай Алматыда туып-өскен. Қазір Лос-Анджелесте тұрып, америкалық Company 3 студиясымен жұмыс істейді.

A$AP Rocky туралы не белгілі?

A$AP Rocky – америкалық рэпер, продюсер әрі сән индустриясында да танылған өнер иесі. Шын есімі – Раким Майерс. Ол бірнеше рет беделді “Грэмми” сыйлығына ұсынылған.

Музыкант көпшілікке жеке шығармашылығымен ғана емес, әлемдік сән брендтерімен бірлескен жобалары арқылы да белгілі. Оның жеке өмірі де жанкүйерлер назарында. Рэпер танымал әнші Рианнамен бірге балаларына тәрбие беріп келеді.

Ал жаңа “Shroom Clouds” әні оның “Don’t Be Dumb” альбомының жалғасына қатысты алғашқы туындылардың бірі саналады. Музыкалық басылымдардың мәліметінше, ән альбомның қосымша бөліміне енуі мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 14:20