Сұлулық байқауының жеңімпазы қарт адамға байлық үшін тұрмысқа шығып, соңында ақшасыз қалды
“Мисс Кения” сұлулық байқауының бұрынғы қатысушысы байлыққа кенелемін деген үмітпен 70 жастағы ер адамға тұрмысқа шығып, соңында дымсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tuko News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
1982 жылы “Мисс Кения” ұлттық сұлулық байқауының финалисі болған 62 жастағы Энн Мати ішімдікті 10 жасынан бастап ішкенін айтты. Оның сөзінше, бұған әкесінің маскүнемдігі себеп болған. Әкесі қайтыс болған соң Мати да ішімдікке тәуелділігін күшейтіп алған.
Кейін өзі де ішімдікке тәуелді ер адаммен бес жыл бірге тұрған. Ер адамнан айырылысқан соң ол бар жинаған ақшасынан қағылған.
Мати шамамен 40 жасқа келгенде Германиядағы құрбысы оған жағдайы жақсы, 70 жастағы неміске тұрмысқа шығуды ұсынған. Ер адамның денсаулығында кінәрат болған. Сол себепті бұрынғы сұлулық ханшайымы оның көп ұзамай қайтыс болып, бүкіл мүлкі өзіне қалады деп ойлаған.
Біраз уақыттан кейін олар Кенияда үйленген. Көп ұзамай Мати күткендей, күйеуі қайтыс болған. Алайда Германия елшілігі оған марқұмның өсиет жазып үлгермегенін хабарлаған.
“Олар оның Кенияда әйелі бар екенін де білмеген”, – деді Мати.
Матидың айтуынша, дәл осы жағдайдан кейін ол алкогольге тәуелділігін жеңіп шыққан. Ол 22 жылдан бері ішімдік ішпейді. Бүгінде ол алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдарға көмектесетін қозғалыстың белсенді мүшесі.
Айта кетейік, бұған дейін Қоқыс жинаушылар әйелге 537 миллион теңге ұтыс шыққан лотерея билетін тауып бергені туралы жазған едік.
