Пентагон Қытайдың құпия ғарыш ұшағының суретін көрсетті: Ол америкалық X-37 ұшағына ұқсайды
АҚШ Қорғаныс министрлігінің барлау басқармасы Қытайдың қайта пайдалануға болатын құпия ғарыш ұшағының суретін жариялады. Оны 2024 жылы Maxar Technologies, қазіргі Vantor компаниясының жерсерігі түсірген. Бұл – аппараттың ашық дереккөздерде жарияланған алғашқы анық суреті. Бұған дейінгі суреттер бұлыңғыр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сурет АҚШ-тың Қытай және Ресеймен, сондай-ақ Солтүстік Корея мен Иранмен ғарыш саласындағы әскери бәсекелестігіне арналған баяндамада жарияланды.
Ғарыш ұшағы – Жер атмосферасында да, ғарыш кеңістігінде де қозғала алатын аппарат. Оның қанаты мен құйрық бөлігі ұшуды басқаруға мүмкіндік береді.
Суреттен аппараттың астыңғы бөлігі мен жүк люгінің ашық қақпақтарын көруге болады. Құйрық тұсында күн панельдері бар ұзартылған бөлігі байқалады. Ол аппаратқа жалғанған қызметтік модуль болуы мүмкін. Ал төменгі жағындағы екі қара тікбұрыш негізгі шасси бөліктерінің қақпақтары болса керек.
Ғарыш ұшақтары орбитаға түрлі жүктерді шығаруға және басқа ғарыш аппараттарымен әрекеттесуге арналған. Олар спутник-инспектор қызметін де атқара алады. Мұндай аппараттар өзге жерсеріктерді зерттеп, жөндеу үшін қолданылады. Алайда оларды жерсеріктерге қарсы қару ретінде де пайдалануға болады.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің баяндамасында Қытайдың ғарыш ұшағы сияқты қайта пайдалануға болатын аппараттардың маңызы атап өтілген. Құжатта мұндай аппараттар орбитаға шығып, жүктерді ғарышқа жеткізуге, оларды сынақтан өткізуге және қайтадан Жерге қайтаруға мүмкіндік беретіні айтылған.
Баяндамада ғарыш ұшақтарының қайта пайдалануға жарамдылығы мен жоғары маневр жасау мүмкіндігі айтылды. Бұл оларды кейбір міндеттерді орындауда кәдімгі жерсеріктерге қарағанда тиімдірек етеді.
Ғарыш ұшағы қозғалтқыштары мен жанармай қорының арқасында орбитада бағытын өзгерте алады. Ал кәдімгі жерсеріктердің маневр жасау мүмкіндігі жанармай қорына тәуелді. Миссия аяқталған соң ғарыш ұшағы Жерге оралып, қайта пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар мұндай аппараттар атмосфераның жоғарғы қабатына еніп, қанаттары мен аэродинамикалық басқару жүйелері арқылы ұшу бағытын өзгерте алады. Осылайша орбитасының көлбеулігін де өзгертуге мүмкіндік бар. Бұл көп жанармайды қажет ететін күрделі маневр саналады.
Қозғалтқыштары мен аэродинамикалық мүмкіндіктерінің арқасында ғарыш ұшағы бір сапар барысында массасы бірдей кәдімгі жерсерікке қарағанда әртүрлі орбиталарға жете алады.
Баяндамада Қытайдың ғарыш ұшағының алғашқы прототипі 2020 жылы ғарышқа ұшып, орбитада екі күн болған соң Жерге оралғаны айтылған.
Екінші ұшу 2022 жылы жүзеге асып, 276 күнге созылған. АҚШ әскери күштерінің болжамынша, осы миссия кезінде аппарат басқа қытайлық жерсерікке жақындап, онымен маневр жасаған. Алдымен арақашықтық бір шақырым болса, кейін 100 метрге дейін қысқарған. Баяндамада олардың түйісіп, кейін қайта ажырауы мүмкін екені де айтылған.
2023 жылғы желтоқсанда Қытай үшінші ғарыш ұшағын ұшырды. Ол орбитада 268 күн болып, миссия барысында белгісіз бір нысанды бөліп шығарып, онымен әрекеттескен.
X-37 ұшағының көшірмесі ме?
Ғарыш ұшақтарын жасау бағдарламаларын көптеген ел қолға алған. Олардың ішіндегі ең сәттісі – америкалық Space Shuttle жобасы. Бұл аппарат бірнеше жыл бойы ғарышқа тұрақты түрде ұшқан жалғыз ғарыш ұшағы болды.
Кеңес Одағында да "Буран" ғарыш кемесі жасалып, ғарышқа ұшырылды. Бұдан бөлек, КСРО-да басқа да ғарыш ұшақтарының жобалары әзірленген.
Қазір АҚШ-та Boeing X-37 бағдарламасы бар. Оның аясында X-37B аппараты орбитаға ұшырылады. Ол осы уақытқа дейін жеті миссия орындаған. Ең ұзақ сапары 900 күннен астам уақытқа созылған.
Бұл – әскери әрі құпия бағдарлама. Аппараттың ғарышта нақты қандай міндет атқаратыны белгісіз. Мамандардың болжамынша, оның көмегімен аппаратты басқару тәсілдері де сынақтан өткізілуі мүмкін.
Көптеген сарапшының пікірінше, Пентагон жариялаған Қытайдың ғарыш ұшағы сыртқы пішіні жағынан америкалық X-37-ге қатты ұқсайды.
Баяндамада соңғы 20 жылда Ресей ғарыш ұшақтарының бірнеше жобасын жариялағаны да айтылған. Алайда 1988 жылы "Буран" бір рет сынақтан ұшқаннан бері бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу болмаған.
Бұған дейін NASA АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған Ұлттық ғарыш саясатын жүзеге асыруға бағытталған ауқымды бастамалар топтамасын таныстырды.
"Қара түсті Mercedes-ке мінгендер аман оралмады": 11 әйелді тонап, зорлап, өлтірген таксистер қалай ұсталды
