Алматыда зейнеткер пәтерін қоқысқа толтырған: Көршілері біраз жылдан бері зардап шегіп келеді
Алматының орталығындағы бес қабатты үй тұрғындары қоқыс жинауды әдетке айналдырған зейнеткермен соттасуға дайын. Көршілерінің айтуынша, әйел бірнеше жылдан бері тамақ қалдықтарын, бөтелкелерді, пакеттер мен ескі заттарды үйіне тасып, пәтерін қоқыс полигонына айналдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көршілердің сөзінше, бірінші қабаттағы бір бөлмелі пәтердің іші ескі-құсқы заттарға толып қалған. Терезеден қарағанда, бөлмелерде лас ыдыстар, бөтелкелер, пакеттер мен шіріген заттар үйіліп жатқанын көруге болады. Пәтерде жарық пен су да жоқ.
Тұрғындар зейнеткермен бірнеше рет сөйлесіп, мәселені шешуге тырысқан. Алайда олардың айтуынша, әйел ескертулерге құлақ аспай, керісінше, көршілерінің есігінің алдына өлі көгершіндер мен қоқыс тастап кеткен.
"Онымен келісу мүмкін емес. Біз сөйлескеннен кейін келесі күні есігіміздің алдына өлі құстарды, көгершіндерді немесе қоқыс салынған қораптарды тастап кететін. Түнде терезені ашып желдетейін десең, олар дәретке де солай барады. Өйткені пәтерінде жарық та, су да жоқ. Бәрін бөтелкеге немесе пакетке салып, терезеден лақтырады", – дейді көршісі Татьяна Герасименко.
Тұрғындардың айтуынша, зейнеткердің үш баласы бар. Алайда қыздары анасымен араласпайды, ал ересек ұлы көршілерімен дөрекі сөйлеседі. Бұған қоса, олар пәтерде бұрын өрт болғанын айтып, қауіпсіздікке алаңдайды.
"Өрт болған. Ұлы ұйықтап жатқанда, люстралар жанып, адамдар Газель көліктерінде тұруға мәжбүр болды. Бірде ұлы терезенің алдында тұрды, ал анасы пәтердің ішінен оған бірдеңе беріп жатты. Ол үйге кірмейтін. Сыртқа шыққанымда, мені балағаттап жіберді", – дейді көршісі Марина Копылева.
Тұрғындар полицияға арыз жазып, әкімдіктен де көмек сұраған. Алайда мәселе шешілмеген. Қалалық қызмет өкілдері пәтер иесінің рұқсатынсыз оның үйіне кіре алмайтынын түсіндірген. Ал заңгерлер тұрғындарға азаматтық сотқа жүгінуге кеңес береді. Адвокат Гаухар Сәлімбекованың айтуынша, үй тұрғындары ортақ талап-арыз беріп, көршісінің әрекеті олардың құқықтарын бұзып отырғанын дәлелдеуі керек.
"Олар осы үйдің барлық тұрғынының мүддесі үшін азаматтық сотқа талап-арыз бере алады. Соттан жауапкерді өз күшімен және өз қаражаты есебінен жиналған қоқысты шығаруға міндеттеуді сұрау қажет. Шешім заңды күшіне енгеннен кейін оны сот орындаушысы мәжбүрлеп орындата алады", – дейді заңгер.
Журналистер араласқаннан кейін әкімдік өкілдері оқиға орнына коммуналдық қызмет мамандарын жіберіп, пәтер терезесінің астына жиналған қоқысты тазалатқан. Алайда көршілер бұл шара уақытша ғана нәтиже береді деп қауіптенеді. Олардың сөзінше, зейнеткер қайтадан қоқыс жинауға кірісуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларындағы Apple Resort демалыс орны әлеуметтік желіде сынға қалған еді. Келушілер қонақүйдегі қоқыс пен нәжіске, сондай-ақ қызмет көрсету сапасына шағымданған. Бұдан бөлек, бұрынғы қызметкерлер жалақысының кешіктірілгенін мәлімдеген болатын.