Мемлекеттер арасындағы шиеленіс пен митингтер жылы: Биыл әлемде қандай өзгерістер болды
2020 жыл жағымды өзгерістерден гөрі, жағымсыз жайттарға толы болды. АҚШ пен Иран арасындағы кикілжіңмен басталып, Таулы Қарабақтағы әзірбайжандар мен армяндардың қарулы қақтығысына дейін созылған оқиғалар желісін Stan.kz дайындаған материалдан оқи аласыздар.
Үшінші дүнижүзілік соғыс қауіпі: Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс
3 қаңтарда АҚШ Бағдат халықаралық әуежайының маңын зымыранмен атып түсірді. Орын алған жарылыстың салдарынан Иранның қарулы күштерінің қолбасшысы Касем Сулеймани қаза тапты. Екі ел арасындағы шиеленіс өршіп, дүниежүзілік соғыстың басталу қауіпі туындады. АҚШ зымыран соққысынан кейін Иран әлемдік ядролық келісімінен шығатынын мәлімдеді.
Көп ұзамай әлем халқын тағы бір жаңалық дүр сілкіндірді. БАҚ-та Иран астанасы Тегеранда 180 жолаушысы бар украиналық ұшақтың құлағаны туралы мәлімет таралды. Тергеу нәтижелеріне сәйкес, әуе кемесіне зымыранның тигені анықталды. Ең соңы, Иран жауапкершілікті өз мойнына, Украина жұртынан кешірім сұрады.
Аустралиядағы орман өрті
Аустралия ормандарында 2019 жылы басталған өрт келесі жылға дейін жалғасты. Тілсіз жаудың кесірінен миллиардтаған жануар қырылып, табиғатқа орасан зор нұқсан келді. 2019-2020 жылдардағы өрт тарихтағы ең жойқын табиғат апаты ретінде есте қалды. Кейбір деректер бойынша орман өртінің туындауына аптап ыстық пен құрғақшылық әсер еткен. Дегенмен өрт қасақана ұйымдастырылды деген нұсқалар да айтылды. Бүкіл әлемнің назарын аудартқан орман өрті қатты нөсер жауын жауған соң барып ауыздықталды.
Brexit
31 қаңтарда тарихта алғаш рет Еуропалық Одақтың құрамынан Ұлыбритания шығып кетті. Мемлекеттік премьер-министрі Борис Джонсан британиялықтарға алда жаңа бастамалар күтіп тұрғанын мәлім еткеніне қармастан, халық бұл оқиға өз алаңдаушылықтарын білдірді. Десек те Еуроодақтың ережелері Ұлыбританияда жыл соңына дейін өз күшін сақтап қалды.
Қытайдан шыққан коронавирустың әлемді шарпуы
Ухань қаласынан шыққан коронавирус аз-ақ уақыттың ішінде әлемді шарпыды. Қытайлық БАҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, ең алғашқы коронавирус жұқтырған адам 2019 жылдың қараша айында тіркелген. Дегенмен Қытай өте кеш қозғалып, аурудың эпицентріне айналған қаланы тек 23 қаңтарда жабу туралы шешім шығарды. Әлемге бірден таралып кеткен коронавирус індеті Қазақстанға 2020 жылдың 13 наурызында жетті. Ал 26 наурызда алғашқы қазақстандық коровирустан көз жұмды.
-
"Ақ халатты періште атап кетті": Қытайда “Қара жорға” билеп танылған қазақ дәрігері үйіне оралды
-
Уханьдағы қазақстандық студенттер: Бір-біріміздің етін жейтін зомбилерге айналып жатқан жоқпыз
Ресми статистика бойынша (31 желтоқсан)
Әлемде коронавирус жұқтырғандар: 82 849 128; көз жұмғандар: 1 807 922 адам
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар: 154 720 адам; көз жұмғандар: 2 262 адам.
Қазіргі күні коронавирустың емі ретінде вакцина ұсынылуда. Елімізде жаппай вакцинация 2021 жылы наурызда басталады деп жоспарлануда.
Black Lives Matter қозғалысы
2020 жылдың мамыр айында АҚШ-тың Миннеаполис қаласында қара нәсілді азамат Джордж Флойдтың өліміне байланысты америкалықтардың жаппай бас көтеруі орын алды. Флойд полицейдің қолынан қаза тапқан. Толқулар мемлекеттің барлық аймағында болып, ел ішінде тәртіпсіздіктер белең алды. Шілде айында наразылық акциялары 2000 қалада, 60 мемлекетте өткен. Бұған қоса, Black Lives Matter (Қара нәсілділер өмірінің маңызы бар) қозғалысына қатысқандардың саны 26 миллионға жетті.
Ресей Федерациясының Конституциясының өзгертілуі
Ресейдегі Конституцияны өзгерту туралы ұсынысты мемлекет басшысы Владимир Путин 2020 жылы 15 қаңтарда жасады. Мемлекеттік құжатқа өзгеріс енгізу жалпыхалықтық халықтың талқысына түсіп, оның нәтижелеріне сәйкес 3 шілдеде Путин жаңартылған Конституцияны бекітті.
Көптеген саясаттанушылар Конституция өзгеріс енгізудегі ең басты мақсат Путиннің президенттік өкілеттілігінің мерзімін жаңарту болғанын айтады. Яғни, енді жаңа құжатқа сәйкес Путин тағы екі рет 2024 жылы және 2030 жылы сайлауға түсе алады. Ал егер жеңіске жетсе, ол Ресейді 2036 жылға дейін төрт мерзім қатарынан басқарады.
Конституцияның өзгертілуіне бірқатар журналистер, жазушылар, заңгерлер мен ғалымдар қарсы болды. Бастамаға наразы болған 427 адамның қолы қойылған ашық хат Кремльге жіберілді. Өз кезегінде қарсылық білдіргендер "президенттің алдыңғы биліктегі мерзімін жаңарту - заңға қайшы, саяси және этикалық тұрғыдан ақылға қонымсыз" екенін жеткізді.
Бейруттағы жарылыс
5 тамызда Ливан астанасы Бейрутта жойқын жарылыс болды. Жарылған зат теңіз портында ұзақ уақыт уақыт қауіпсіздік шараларынсыз тұрған кеме аммоний нитратының үлкен партиясы (аммиак селитрасы деп те аталады) екені анықталды. Жүзден аса адам көз жұмып, тағы 4000-ы зардап шекті. Ал 7 тамызда жарылысқа байланысты үкіметке қарсы наразылық шаралары басталды. Ашулы жұрт президент пен үкіметтің отставкаға кетуін және порттағы жарылысты тексеруге тәуелсіз комиссия құруды талап етті.
Наразылық бүкіл мемлекетті қамтыды. Ал 10 тамызда ел үкіметі отставкаға кететінін мәлім етті.
Беларусьтегі митингтер
Беларусьте 10 тамызда аяқталған президенттік сайлау қорытындысы бойынша Александр Лукашенко осымен алтыншы рет жеңіске жетті. Алайда сайлау нәтижелерімен келіспеген халық наразылыққа шықты. Митингке шыққан бейбіт тұрғындар көзден жас шығаратын газ бен жарық гранаталарымен қуылды. Шетелдік БАҚ таратқан деректерге сәйкес, митингте 7 адам көз жұмған (кейбір деректерде 4 адам) көрсетіледі. Жалпы алғанда 30 мыңға жуық ел азаматы ұсталған. Шерулер әлі күнге дейін жалғасуда.
- Тоқаев Лукашенконы неге құттықтады? Cаясаттанушы пікір білдірді
- Беларусьтегі жағдай қалай болмақ? Сарапшылардың пікірі
- "Мені өлтірмейінше, басқа сайлау болмайды". Лукашенко наразылық білдірушілерге жауап берді
Навальный улануы
20 тамыз күні ресейлік оппозиционер Алексей Навльный Томск қаласынан Мәскеуге ұшып келе жатқанда уланып комаға түсті. Ұшақ жедел түрде Омбыға қонып, Навальный ауруханаға жатқызылады. 22 тамызда Навальный Германиядағы ауруханаға ауыстырылды. Бір жарым аптадан кейін Германия үкіметі оның қанынан аса қауіпті удың анықталғанын жария етіп, Навальный өміріне қастандық жасады деп Ресейдің үкіметін айыптады.
Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер
Сайлау нәтижелерімен келіспеушілік Қырғызстанда да орын алды. Парламенттік сайлаудың қорытындысына көңілі толмаған қырғызстандықтар 5 қазанда наразылықтарын білдіріп, алаңға шығып жатты. Оның арты елдегі тәртіпсіздіктерге алып келді. Мәселен, ашулы топ Бішкекте орналасқан Ақ үйді басып алып, ғимаратты өртеп жіберуге шақ қалды. Мұнымен қоймай, түрмеде отырған мемлекеттің экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен экс-депутат Садыр Жапаровты түрмеден босатып жібереді. Елде төтенше жағдай режимі орнатылды. Ақыры халықтың жаппай көтерілуі Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбековтің отставкаға кетуіне алып келді. Қазіргі таңда көрші мемлекетте президент сайлауына дайындық жүруде. Билік тізгіні парламент сенатының спикері Талант Мамытовқа өтті.
- Қырғызстан президенттерінің отставкасында тылсым заңдылық байқалды
- "Қырғызстандағыдай тәртіпсіздіктер Қазақстанда да басталады": Елімізде болуы мүмкін революция туралы сарапшылар не дейді
Париждегі мектеп ұстазының өлімі мен наразылықтар
Франциялық Charlie Ebdo журналы Мұхаммед пайғамбардың жариялаған карикатурасын өзінің сабағында мысал ретінде көрсеткен мектеп мұғалімі Самуэль Пати артынша 18 жастағы шешеннің қолынан қаза табады. Бұл оқиға әлемде үлкен резонанс тудырған болатын. Өз кезегінде Франция президенті Эммануэль Макрон елде күпірлік ету бостандығы бар деп мәлімдеп, мұсылмандардың наразылығын күшейте түсті. Бұдан бөлек, пайғамбардың мазақ суреті Францияның Монпелье қаласындағы мэрия қабырғасында көрсетілді.
Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына байланысты ҚМДБ мәлімдеме жасады
Таулы Қарабақтағы қақтығыстар
27 қыркүйек күні Армения мен Әзірбайжан арасында ең ауқымды және адам шығын көп соғыс іс-қимылдары басталды. Армения да, Әзірбайжан да, соғысқа дайындық жүргізіліп, әскери жағдай енгізілді.
10 қазан күні екі ел арасында келісім орнап, Мәскеуде оқ жаудыруды тоқтату туралы шешім шығарылды. Алайда тұтқынға түскен жауынгерлер мен көз жұмғандардың денелерін алмастырған мемлекеттер қайтадан әскери қимылдарға көшті.
10 қарашада Армения, Әзірбайжан және Ресей Таулы Қарабақтағы соғысты аяқтау туралы келісім жасады. Келіссөздер нәтижесінде Армения Келбаджар, Агдам және Лачин аудандарын Әзірбайжанға қайтарып берді.
Армения және Әзірбайжанның арасындағы қақтығыс Қазақстанға қалай әсер етеді: Сарапшылар жауап берді
Армения үкіметінің бұл шешімі халқына жақпаған сыңайлы. Келісім жасалған күннен бастап Ереван тұрғындары наразылыққа шығып, Армения премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етті.
АҚШ-тағы президенттік сайлау: Трамтың жеңілісі
3 қарашада АҚШ-та президенттік сайлау өтті. Сайлауға екінші мерзімге қатарынан президенттікке үміткер Дональд Трамп пен оның қарсыласы ретінде демократ Джо Байден түсті. 7 қарашада белгілі болған қорытындыларға сәйкес, жеңіс Джон Байденге бұйырды. Алайда Дональд Трамп сайлау барысында заңбұзушылықтардың орын алғанын, бұл нәтижелермен келіспейтінін жеткізді.
Джо Байден 20 қаңтар күні ресми түрде АҚШ басшысы атанады.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
