Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Американы Қазақстан қызықтырмайды": Сарапшылар АҚШ-тағы сайлаудың нәтижесі елімізге қалай әсер ететіні жайлы айтты

Ертең 3 қараша күні АҚШ-тағы республикашыл Дональд Трамп пен демократ Джо Байден арасындағы бәйге мәресіне жетеді: жақын күндері АҚШ-та келесі төрт жыл басқаратын жаңа президент анықталады. Алып мемлекеттегі президенттік сайлаудың Қазақстанға жанама әсері болатыны белгілі. Бұл туралы сарапшылар не дейді? Stan.kz тілшісі білген еді. 

Экс-дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Трамптың да, Байденнің де жеңісінің саяси тұрғыдан Қазақстанға әсері болмайды деген пікірде. 

"АҚШ сайлаудан кейін Қазақстанға көңіл бөледі деп айта алмаймын. Себебі оның өз проблемалары толып жатыр. Десек те Трамп біздің үкіметті өзінің одақтасы ретінде қарайтыны жасырын емес. Өйткені ол алғашқы жеңісінен кейін тұңғыш президентімізге қоңырау шалып, кейін онымен кездесіп жатты. Мұның бәрін ескерсек те, АҚШ-тағы биліктің ауысуы біздің мемлекетке тікелей ықпал етпейді деп кесіп айтуға болады. Мүмкін, экономикалық тұрғыдан өзгерістер болатын шығар, алайда саяси жағынан ешнәрсе өзгермейді. Олардың өз еліндегі мәселелер бастан асады. Бұған дейін де Дональд Трамп АҚШ өзге елдің саясатына кіріспейді деп айтқан болатын", -  дейді Қазбек Бейсебай.

Сонымен қатар, ол алдағы сайлауда Дональд Трамптың екінші рет жеңіске жетуі ғажап емес дейді. 

"Бұған дейін Хиллари Клинтон мен Дональд Трамптың бәсекелестігінде көптеген адамдар демократтардың жеңетініне сенімді болған еді. Мұның себебі - ақпаратттың демократтар қолында болуы. Дегенмен Трамп президент болды. Бір айта кетерлігі, Трамптың билігі кезінде АҚШ-тың экономикасы жағымды жаққа қарай өзгерді. Осыған орай, менің ойымша, билік Трамптың қолында қалады," - дейді саясаткер. 


Саясаттанушы АҚШ пен Қытай арасындағы соғыс қаупі туралы ескертті


Саясаткердің бұл пікірін оның әріптесі Дос Көшім де қолдады. Айтуынша, Қазақстан АҚШ-тың мүддесіне қатысты мемлекеттердің қатарына кірмейді. 

"Америкадағы президенттің ауысуы биліктің көзқарасының өзгерісіне алып келмейді. АҚШ-ты Қазақстан қызықтырмайды. Меніңше, біздің мемлекетіміз үшін демократтардың келуі ұтымды. Себебі демократтар басқа елдердегі білім беру мәселесі сынды маңызды жағдайларға көңіл аударатыны бар. Десек те республикашылдардың Қазақстанның экономикасына жағымды әсері байқалуы мүмкін. Сондықтан да біржақты пікір айтуға болмайды", - дейді ол. 

Дос Көшім де Дональд Трамптың жеңетініне сенімді. 

"Негізі қазіргі таңда Байденнің жеңетініне сенімді болып отырғандар көп. Алайда АҚШ-тың тарихына көз жүгіртсек, бұл елдің президенті төрт жылдан кейін міндетті түрде тағы да төрт жылға сайланады. Әсіресе, соңғы уақыттарда осы тенденция байқалады. Америка халқы өзгерістерді ұната бермейді. Байденді жақтаушылар расымен көп болуы мүмкін, алайда Трамп жеңсе, мен еш уақытта таңғалмаймын. АҚШ-тың алдағы 20-30 жылға арналған мемлекеттік доктринасы болады. Онда сыртқы қарым-қатынастар, басқа елдермен байланыс секілді дүниелер алдын ала қабылданып қояды. Билікке жаңадан келген президент оны өзгертуге қауқарсыз деп айтсақ болады. Сол себепті саяси тұрғыдан АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясатының өзгеруі екіталай", - деді Дос Көшім. 

GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық АҚШ-тағы сайлаудың Қазақстанға әсері туралы сөз қоғағанда билік басына келген президенттің бағдарламасына көңіл бөлген жөн дейді. Сөзінше, Трамптың осы уақытқа дейінгі саясаты теңгеміздің одан әрі құлдырап кетуіне жол бермепті.

"Менің ойымша, алдымен президенттікке үміткер болып отырған кандидаттардың бағдарламасына мән берген дұрыс. Жақында ғана Трамп пен Байденнің арасында пікірсайыс өткен еді. Сол кезде екі үміткер АҚШ-тың Қытаймен арақатынасы жайлы көбірек сөз таластырды.

Трамп Қытаймен сауда соғысын жасап отыр, оның негізгі мақсаты америкалық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сол үшін долларды құнсыздандырып, валютаның кілттік мөлшерлемесін түсірді. Мексика мен АҚШ арасындағы шекараны жабуға тырысты, Еуропамен де сауда нарығында бәсекеге түсті. Осының салдарынан доллар басқа да әлемдік валюталарға қатысты құнын жоғалтты. Алайда АҚШ-тың федералды резервтер жүйесі доллардың кілттік пайызын түсірмегенде біздің теңгеміз одан сайын құлдырап кетер еді", -  дейді экономист. 

Айтуынша, еліміздің экономикасына демократ Джо Байденнің жеңіске жетуі тиімді болар еді. Өйткені Байден Қытаймен деген байланысты нығайтпақшы. 

"Байден болса, "жеңіске жетсем, Қытаймен дұрыс қарым-қатынас жасаймыз" деп отыр. Ол аспан асты елінің экономикалық дамуын тездетеді. Ал бұл өз кезегінде Қазақстан секілді, шикізат өндіретін елдердің ресурстарына сұранысты арттырады. Осы жағынан келгенде Қазақстанға Байденнің жеңісі қолайлырақ деп айтуға негіз бар", - деп қосты сарапшы. 

Мақсат Халық Қытайдан бөлек, Қазақстанға әсер ететін тағы бір факторды атады. 

"Екінші геосаяси фактор - АҚШ-тың Ресеймен байланысы. Неге екені белгісіз, бірақ Ресей Байденнің жеңісін күтіп отыр. Алайда Байден де, Трамп та президент болса да, бұл АҚШ-тың Ресейге қарсы жариялайтын санкцияларын көбейтеді деген сөз. Бұл жағынан Ресейдің экономикасына қысым түседі. Оның үстіне Ресейдің Навальныйға қатысты Еуропалық санкциялары, Көршіміздің Беларусьтің ішкі саясатына араласып, оларға қарыз беруі дамыған демократиялық елдердің ызасын келтіруі тағы бар. Сондай-ақ Ресей Армения мен Әзірбайжан арасындағы текетірестерге араласып, сау бастарына сақина тілеп алуы да ғажап емес. Бұл жағдайда Ресейдің рублі құнсызданады. Ал рубльдің құлдырауы теңгеге әсер етпей қоймайды,", - деген сарапшы Трамп жеңсе де, Байден жеңсе де Қазақстан экономикасына келетін айтарлықтай ықпалдың жоқ екенін алға тартты. 

Тәжірибелі журналист Жолдас Орысбаев халықтың көп бөлігі Байденді қолдағанымен, Трамп жеңетініне сенімді. Мұның себептері де жоқ емес екен. 

"Өткендегі президенттік дебатты көрген боларсыздар. Дебаттан кейін жарияланған түрлі poll нәтижелері Байденді жеңгенін айғақтағанымен, Трамптың популистік эффекті басымдырақ көрінді. Мысалы, Трамп кез келген ақпаратты өз басына тиімді етіп айтуға тырысады. Оның рас не өтірік екені маңызды емес. Дебат барысында ол BIG TEN америкалық футбол жарысына, Портленд қаласының шерифі өзін қолдайтынына, хроникалық ауруы бар америкалықтар санына, өзі ашқан өндірістегі жұмыс санына, пошта арқылы дауыс беруге, фармацевтикалық дәрумендер бағасына және тағы басқа мәселелерге қатысты өтірік айтты. Бірақ бұл өтіріктердің барлығы өз абыройын көтеруге бағытталғандықтан, оның осындай популистік жүрісі дауыс берушілер арасында триумфалды эффект қалдырып отыр. Консервативті басылымдар Трамп тарапынан айтылған өтіріктерге емес, Байденнің кейбір сұрақтарда қысылып қалғанын жарыса көрсетті. Ал либералды басылымдар Трамп өтіріктерін санаумен болды" , - дейді журналист. 

Сөзінше, президенттернге дебат барысында нақты статистика емес, кімнің мысы басып тұрғанын көрсету маңыздырақ болған. 

"Бұл дебатта қандай мәселелердің көтерілгені емес, олардың қалай талқыланғаны маңыздырақ екені айқын көрінді. Байден дебат барысында эмоцияға беріліп, Трампты “Путиннің күшігі” деп мазақтап, “мына клоун қашан дауысын өшіреді?” деді. Бұл саясатта 47 жыл жүрген демократ үшін жіберілмеуі тиіс қателік. Басқаша айтқанда, Байден Трампты жеңу үшін Трамптың деңгейіне түсіп, “айыптау стилін” қайталап отыр. Орташа америкалық дауыс берушіге де сол айыптаулар флешмобы керек. Дебат барысында кімнің дауысы жиірек, жуанырақ және қаталдау шықса, сол әлеуметтік желілерде трендке айналады. Оны білген Трамп Байденге бір сөйлемін дұрыс бітіруге мүмкіндік бермеді. Үнемі сөзін бөліп отырды. Жалпылап айтқанда, өтірік айту өткен дебаттың негізгі элеметтерінің біріне айналды. Егер екі үміткер де нақты деректерге сүйенбей, бір-бірін айыптап, өтірік айта берсе, онда дебатта кімнің жеңгені қандай критерийлер бойынша анықталады?", - деп қосты ол. 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау