Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді

Фото: Алтынайдың жеке архивінен

Желіде Англияда құстарды үркітіп тұрғаны үшін сағатына 8 200 теңге ақша алатын қыздың видеосы тарап, көптің қызығушылығын оятты. 34 жастағы алматылық Алтынай Исмайлованың айтуынша, бұған дейін Қазақстанда аспаз, даяшы тіпті құрылыста демалыссыз істеп 300-400 мың теңгені әрең тапқан. Алайда Англияда қазір бұл ақшаны бір-ақ аптада алып жүр екен. Жұбайымен шетелде жұмыс істеп бүкіл несиемді жауып, үй алдым деген алматылық келіншек Stan.kz тілшісіне Англиядағы жұмысы мен өмірі туралы айтып берді.

Ақтауда туған Алтынай Алматыға тұрмысқа шыққан. Жұбайы Думанмен бір салада жұмыс істеген.

“Қазақстанда даяршы, аспаз, тіпті анамның жанында құрылыста сылақшы болып та жұмыс істегенмін. 6 күн жұмыс істеп, 1 күн демалғанда жалақым 300-400 мың болды. Жолдасым екеуіміз үйленбей тұрып, мейрамханада ол бас аспаз, мен аспаз болып жұмыс істедік. Думан 600-700 мың теңге жалақы алатын. Алайда 2022 жылы Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталған кезде екеуміз де жұмыстан шығып қалдық. Себебі елге ресейліктер мен украиндықтар жаппай келіп, біздің орнымызға аз жалақыға соларды жұмысқа алған еді. Осылай аяқасты жұмыстан шығып қалған кезде шетелге кету туралы ой келе бастады”, – деді ол.

“Англиялықтар қатал болады, құлша жұмсайды” деген сөздерді естіп, қорықтым”

Алтынай Англияға барарда қатты қорыққанын жасырмады. Айтуынша, ол жақта жұмыстың қиын болатынын естіп қатты уайымдаған. Дегенмен баруға бел буып, тегін сайттарға құжаттарын толтырып, жауап болмағасын арнайы агенттіктерге жүгінген. 

“Жігітім Англияға жұмысқа барайық дегеннен бастап интернеттен түрлі ақрпарат іздеп, қарай бастадық. Жұмыстарын қарадық. Тізерлеп отырып, пияз, картоп, сәбіздерді жинап жатқан адамдарды көріп, қиын екен деген қорқыныш болды. Себебі аяқтарымның бүгілмей ауыратыны бар. Қолымнан келе ме деп қатты уайымдадым. Алайда жолдасым екеуіміз де жұмыссыз қалғасын тәуекел етіп көрейік дедік. Сөйтіп тұрып та істейтін жұмыстар бар екенін білдік. Мәселен, тізерлеп отырмай-ақ заттарды қаптау, гүлдер мен салат теру сияқты жұмыстарды қарадық. Алайда іштей алты ай бойы қала көрмей, интернет желісі болмайтын жерде, телефон ұстамай, тек жұмыс істейтін шығармыз деп дайындалып жүрдім. Ал жолдасым ұзақ уақыт бас аспаз болып асханада ғана жүргесін ауыр жұмысқа шыдамай ма деген қорқыныш болды. Одан бөлек, “англиялықтар қатал болады, құлша жұмсайды” деген сөздерді естіп, жолдасым төзер ме екен деген уайымым да болған. Сол үшін келер алдында оған “өзіңді ұста, біреу бірдеңе деп жатса қызбалыққа салынбай, шыдап бақ. Біз бала-шаға қамы мен ақша үшін бара жатқанымызды ұмытпа” деп миына құйдым”, – деп қосты келіншек. 

Англияға келіп Алтынай мен Думанның уайымы сейіліпті. Себебі олар келе сала жасалған жағдайды көріп, тіпті босқа алаңдағандарын айтады.

“Бәрі біз ойлағандай емес екен. Керісінше, керемет болып шықты. Біз келгенде бір автобус жалдап 10-15 адамды күтіп алды. Сосын тұратын орындарымыздың кілтін берді. Келе сала тіпті бір апталық жейтін азық-түлігімізге дейін алып қойған. Сосын міндетті түрде жолдан тынығу үшін бір күн демалыс береді екен. Ал үшінші күні кеңсеге апарып, алқаптағы ережелер мен тәртіптер туралы түсіндірді. Кейін келісімшартқа қол қойдық. Мұның бәріне алты сағаттай уақытымыз кетті. Сол алты сағаттың әр сағатына жұмыс уақыты ретінде 8 200 теңгеден төленді. Бұл жақта бастық шақыртса немесе кеңсеге барсақ, ол үшін ақшаны сағатына есептеп төлей береді”, – деп қосты ол.

@altyn_duman

 

♬ оригинальный звук - 𝓐𝓵𝓽𝔂𝓷_𝓓𝓾𝓶𝓪𝓷

“Алқапта құстарды ұшырып отырдым: 1 миллион 200 мың теңге жалақы аламын”

Алтынай қазір Англияның Колчестер деген қаласында салат теріп жұмыс істейді. Ал алғашында жұмысқа “үйренісе ала ма” деп уайымдаған жұбайы Думан қазір алқапта білдей бір трактор жүргізушісі болып жүр екен. Оған жүргізу куәлігін бастықтары 500 фунт стерлинг төлеп өздері жасатып берген. 

“Бір командада 15 адам болады. Бәріміз бірігіп, салат тереміз. Жалақы сағатына төленеді. Күніне 8–12 сағат істеп жатырмыз. Жалақы өте жақсы бір аптада 360-390 мың теңге аламыз. Әр кезде әрқалай. Мәселен алғаш келгенде үш күнге 240 мың теңге алғанбыз. Бір айда табысымыз 1 миллион 268 мың теңге болған екен. Оның 100 мың теңгесін тамаққа алып тастасақ, 1 миллион 168 мың теңге қолымызда қалады”, – деді Алтынай. 

Фото: Алтынайдың жеке архивінен

Қазақстандық келіншек өзі жұмыс істеп жатқан елдегі еңбек жағдайына да тоқтала кетті. 

“Жұмыс ауыр емес. Бәрі уақытымен: таңғы бесте барып, түскі сағат үш-төрттерде қайтамыз. Бастықтар да өте жақсы. Бұл жақта адам құқығы бірінші орында тұрады. Әр екі апта сайын поштаңызға хабарлама келеді. Онда сізге “не ұнамай жатыр, бастықтың қарым-қатынасы жақсы ма? Қысым көрген жоқсыз ба, өз қалауыңызбен жұмыс істеп жүрсіз бе?” деген сауалнамалар жіберіп отырады. Мұнда бір аптада максимум 48 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілген. Егер одан асырып істесең осылай почтаға “48 сағаттан көп жұмысты өз қалауыңызбен істеп жүрсіз бе? Әлде біреудің қысымымен бе” деген сауал келеді. Бір жақсысы егер өз қалауыңмен 48 сағаттан көбірек жұмыс істесең, онда әр 1 сағатына 10 мың теңгеден аса ақы төленеді. Яғни артық жұмыс істеген уақытыңа көбірек қосып төлейді. Бұл жақтағы жалақы бізбен салыстырғанда 3 есе артық. Мәселен Қазақстанда 6 күн істеп бір күн демалатын жұмыста айлығың 300-400 мың теңге болса, мұнда 5 күн істеп бұл ақшаны бір аптада табасың”, – деп қосты ол. 

Алтынай тіпті қызық жұмыспен де айналысқанын тілге тиек етті.

“Егістік алаңында құстарды ұшырып отыратын арнайы аппарат тұрады. Бұл апарат құстарды үркіту үшін автоматты түрде дауыстар шығарады. Бір күні сол автомат бұзылып қалды. Бастық менің аяғымның ауыратынын біліп, таңертеңмен сол жұмысқа мені жіберді. Мен автоматтың орнына құстарды үркітіп 7-8 сағаттай отырып соған сағатына 8 200 теңгеден ақша таптым”, – деді ол.

@altyn_duman

 

♬ оригинальный звук - 𝓐𝓵𝓽𝔂𝓷_𝓓𝓾𝓶𝓪𝓷

“Несиемізді түгел жауып, үй алдық. Енді көлік алып, кәсіп бастаймыз”

Алтынай мен Думан Англияға 2023 жылдан бастап егістік маусымы кезінде әр жыл сайын үш рет келген. Алтынай осы уақыт арасында біраз табыс тапқанын да жасырмады.

“Үшінші рет келіп жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші кезеңде барлық несиелерімізді жаптық. Екіншісінде 12 миллион тауып, елге келіп жарты ақшасын аударып, үй алдық. Бұйырса ендігі табысымызбен барып, сол үйімізге жөндеу жұмыстарын жасап, қалған жарты ақшасын төлейміз. Сосын осында жұмысқа тағы келіп көлік алып, кәсіп бастауға да ақша жинау мақсатымыз бар. Қазақстанға қарашаның соңы, желтоқсанның басында қайтуды жоспарлап отырмыз”, – деп қосты ол.

Дегенмен қазақстандық Англияның халқына, олардың өмір сүру мәдениетіне үйреніп қалғанын да алға тартты. Айтуынша, бұл елде жайлылық пен мейірімділікті көбірек сезінеді екен.

Фото: Алтынайдың жеке архивінен

“Мұнда адамдарда өмір сүру сапасы өте жақсы, жоғары деңгейде. Ең таңғалғаным тіпті кішкентай балаларына дейін супермаркетте алдыңнан шығып қалса, соның кесірінен өте алмай іркілсең, анасымен бірге келіп, кешірім сұрайады. Адамдары өте мейірімді. Біреуге жандары қатты ашып тұрады. Ақша жағынан да, моралды тұрғыдадан да көмектері үлкен. Бастықтар да солай.

Меніңше, бұл жақтың халқында ақша жеткілікті, жағдай жасалған. Сондықтан ешкім күйзелісте жүрмейді. Мысалы біздің елде екінің-бірінде несие бар ғой. Сол себептен бізде көбі ашулы жүреді. Милары тынықпаған, балаларынан да, күйеулерінен де, отбасылық жағдайынан да шаршаған адамдар өте көп. Ал бұл жақта адамдардың бойынан мүлде агрессия көрмейсің. Бір-бірімен сөйлесіп жатқанына қарап сүйсінесің, бәрі әдемі өмір сүріп жатыр. Себебі бұл жақта ақша жетіспеушілік пен таршылық деген жоқ. Мұнда келсек, миымыз тынығып күшті болып қаламыз. Ал Қазақстанға барсақ, пәтер ақысы, несие, бала-шаға бағу керек, айлықты қайсысына жеткізерімізді білмей қиналатынымыз өтірік емес”, – деп қоса кетті ол.

Осы тұста Алтынай көбірек табыс тапқысы келетін жатарды тәуекел етуге шақырды. 

“Жастарға айтатыным, тіл үйреніңіздер! Ағылшын тілі өте керек екен. Себебі ағылшын тілін білсеңіздер тіпті біздің үстімізден қарап жүрген супервайзер, чер лидерлердің орнында жұмыс істеуге болады. Қара жұмыс жасамай, жұмысшыларды қадағалайтын қызметте жүрген қазақстандық бірнеше қызды көрдім. Сондықтан тіл білген адам жақсы орындарда жүре алады. Тіпті білмейтіндерге де айтарым, тоқтап қалмаңыздар. Тәуекел етіп шыққан жөн. Әрине, басында екі аптадай физикалық жұмысқа үйренісе алмай шаршауыңыз мүмкін. Бірақ одан кейін тіптен үйреніп кетесіз”, – деп қорытты ол.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 17:58
Талқылау