Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуанның әріптесі қайғылы оқиға болған күні нұсқаулық бұзылғанын айтты

фельдшер
Фото: Instagram Ұлдана

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта марқұммен бірге оқиға орнында жұмыс істеген әріптесі Ақтамақ Сыздықова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Куәгердің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні оның бригадасы күндізгі ауысымға шыққан. Жұмыс басталар алдында қызметкерлер қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті нұсқамадан өтіп, арнайы журналға қол қойған.

Сыздықованың айтуынша, ішкі нұсқаулық бойынша жедел жәрдем қызметкерлері құлау қаупі бар қауіпті аумаққа кірмеуі керек. Олар алдымен құтқарушылардың келіп, жердің қауіпсіз екенін растауын күтуі тиіс. 

Оқиға орнына келген кезде көмекке мұқтаж адамдар болған, ал төтеншеліктер қызметкерлері әлі жетпеген. Сондықтан олар ішке кіруге шешім қабылдаған.

"Төтенше жағдай болған жерге кірмеуіміз керек еді. Бірақ ол жерде адамдар болды. Ал төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері жоқ еді. Сондықтан ішке кіріп, көмек көрсетуге тура келді", — деді куәгер.

Оның сөзінше, шақырту туралы ақпаратта бастапқыда ғимарат қасбетінің құлағаны көрсетілген. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметкерлерінде қажет жеке қорғаныс құралдары болмаған. Сыздықова оқиға орнында өзі мен Ұлдана Мырзуан бөлініп кеткенін де айтты.

“Ол жерде адамдар көп болды, абыр-сабыр болып жатты. Сөйтіп, бір сәтте екі жаққа кетіп қалдық: мен мына жаққа бардым, Ұлдана басқа жаққа кетті”, – деді ол.

Куәгер қирау сәтін өзі көрмеген. Оның айтуынша, оқиға орнында екі жедел жәрдем бригадасы шамамен 10-15 минут болған. Осы уақыт ішінде, Сыздықованың сөзінше, оқиға орнына төтеншеліктер, полиция немесе басқа да жедел қызмет өкілдері келмеген.

Мырзуанды қауіпті жерден алып шыққан соң әріптестері оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген. Куәгердің айтуынша, фельдшер ес-түссіз болған және қабылдау бөліміне барғанша есін жимаған.

Сыздықованың сөзінше, монитордан оның жүрегі мен тамырының соғып тұрғаны байқалған. Зардап шегушіге оттегі беріліп, көктамырына жол ашылған және инфузиялық ем басталған.

Куәгердің айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында қызметтік тексеру жүргізілген. Алайда оның нәтижесі қызметкерлерге айтылмаған. Оқиғадан кейін жұмыс тәртібі өзгермеген. Дегенмен қызметкерлерге қауіпсіздік техникасын сақтау және қауіпті аймақтарға кірмеу керегі қосымша ескертіле бастаған.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 14:31