Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда үй өртенді: Зейнеткерлер мен мүгедек жігіт тапшанда өмір сүруге мәжбүр

Түркістанда зейнеткердің отбасы баспанасыз далада қалды. 80 жастағы Тастанбек атаның үйі өртке оранды. Міне, бір аптадан бері қария далада түнеуге мәжбүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Отырар" арнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 16 маусым күні таңертең Амангелді көшесінде болды. Оған тоқтың тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Бір тоқ көзіне тоңазытқыш пен мұздатқыш қосылған. Өрт те сол бөлмеден шыққан. 
Үйде газ баллоны болған. 80 жастағы зейнеткер құтқарушылар келгенше оны қауіпсіз жерге шығарып, жарылыстың алдын алып үлгерген. Бірер минуттың ішінде от бүкіл үйді шарпыған. Үйдегі дүниенің бәрі түгі қалмай жанып кетті. Зейнеткерлер мүлікті құтқарамын деп күйіп қалған. Қарияның жұбайы әлі ауруханада жатыр. 

Төтенше жағдайлар департаменті аталған жайтқа қатысты қысқа ғана ақпаратпен бөлісті. 

"Екі бөлме өртке оранды. Негізгі 35 шаршы метр, үйге қосалқы жалғанған жазғы ас үй 7 шаршы метр. Өрттің таралуы 10:02-де тоқтатылып, 10:32-де сөндірілді″.



Ал бұл аралықта Тастанбек атаның отбасы далада өмір сүріп, тапшанда түнеуге мәжбүр. Мүгедектігі және психологиялық ауытқушылығы бар жігіт оның қарамағында. Түркістан облысы әкімдігі қол ұшын созды. 

"Әкімдіктен көмектесті. Келіп, бәрін суретке түсірді. Кейін 1 камаз бен 10 адам жіберді. Олар өрттен кейінгі қалдықтарды жинауға көмектесті, қоқыстарды шығарды. Азық-түлік әкеліп берді: 5 келі күріш, май, макарон өнімдері, бірақ біздің тұратын үйіміз жоқ. Жаз тез өтіп кетеді. Алда күз келе жатыр", – дейді зардап шеккендер. 

Тастанбек ата үйін өз күшімен қалыпқа келтіруге тырысуда. Ол жергілікті билік, депутаттар мен мейірімді жандар көмектесе ме деп үміттенеді. Мекенжайы: Түркістан қаласы, Амангелді көшесі, 9 үй. Отбасы өртенген үйдің аумағында тұрып жатыр. 

Талқылау