Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен бизнес өкілдеріне 12 миллиард теңге бөлінді

Үкімет алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеу үшін өз резервінен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Тоқаевтың тапсырмасымен үкімет су тасқыны салдарын жою бойынша кешенді жұмыс істеп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар аясында азаматтарды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, біржолғы қаржылай көмек көрсету, үйлерді жөндеу мен қалпына келтіру шығынын өтеу сынды жоспарлар бар.

“Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталды. Қазір өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 178 өтінімін қарап, мақұлдады. Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша 746 шағын және орта бизнес субъектісі зардап шекті. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафелер, тұтынушыларға қызмет көрсету орталықтары, қонақүйлер және басқалары бар. Бүгінде бағалау және сметалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың қорытындысы бойынша өтінімдер өңірлік комиссиялардың қарауына енгізіледі”, – деп мәлімдеді үкімет.



Үкімет резервінен 12 миллиард теңгеден астам қаржы шағын және орта бизнес мүлік шығындарын өтеу үшін Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады. Су тасқыны салдарын жою жөніндегі жұмыс үкімет басшылығының тұрақты бақылауына алынған.

Еске сала кетейік, бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында әуедегі электр беру желілерін қалпына келтіруге 2,4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Бұған дейін үкіметте қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын алуға тыйым салу жайлы айтылған еді.

Талқылау