Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құлсары тұрғындары Жылыой аудандық әкімдігінің алдына түнеп шықты

16 мамырға қараған түні Атырау облысы Құлсары қаласында үйлері тасқыннан бұзылған тұрғындар әкімдік алдына түнеп шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар үйлерінің әр шаршы метрі 400 мың теңгеден есептелгенін қалайды. Алайда әкімдік өкілдері 200-240 мың теңгеден есептелетінін айтқан. Тұрғындар мұнымен келіспей отыр.

Бұған дейін ақша тек үйі жөндеуге келетін тұрғындарға ғана беріліп, баспанасы жарамсыз деп танылған азаматтардың ақшасы құрылыс компаниясына аударылатыны айтылған. Алайда тұрғындар құрылыс компанияларының үйді сапалы салатынына сенбейді.

Түнде Атырау облысы мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев Жылыой әкімдігінің алдында тұрған Құлсары тұрғындарының алдына шығып, халықтың талабы бойынша жауапты талқылауға бір сағат уақыт беруді сұрады.

Әкімдік алдына кеше жиналған жұрттың алдына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов шығып, мән-жайды түсіндірген. 

Жылыой ауданында су басқан 2 920 үйдің 2 906-сы судан тазартылып, 2 667 тұрғын үйге техникалық тексеру жүргізілген. 2 622 тұрғын үй сараптамадан өтті. Барлығы үш мыңға жуық өтініш түскен. Су тасқынынан зардап шеккен 3904 тұрғынға 100% біржолғы жәрдемақы берілді. Сондай-ақ мүлкі бүлінген 289 кәсіпкерге залалды өтеу бойынша кеңес берілген.

Талқылау