Балам өлім аузынан қалды, маған сол сәтте ақша керек болды: Роза Әлқожа халықтан кешірім сұрады
Роза Әлқожа ұзақ үзілістен соң ел алдына шықты. Әнші біршама уақыт бұрын ұтыс ойынын жарнамалап, елді алдады деп көптің сөзіне қалған еді. Әнші бұл әрекетке не себепті барғанын түсіндіріп, ұтыс ойынында өзінің кінәсі жоқ екенін айтып ақталды.
Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды.
Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа, Ернар Айдар жарнамалаған ұтыс ойынына қатысты іске нүкте қойылар емес. Әншілердің жарнамасына алданған жұрт істің ақ-қарасын түсінбей дал болды.
Жеке отбасылық мәселелерге байланысты Роза Әлқожа сұхбат бермегенін, ақталмағанын айтады. Әнші өнерін сүйген халыққа өз жауабын айтып, оқиғаның қалай болғанын түсіндірді.
"Осы уақыт аралығында өте ауыр жағдайда жүрдім. Інім Әлжаппар қазақты "қара" деп сүрініп, сөзге қалған кезде бордай тоздым. Күйзелісте жүрген адам ұлым жол апатына түскенде көтере алмай қалдым. Екі рет құлап тұрдым. Мен бұрыннан жүрегім ауыратын адаммын. Тіпті бала тууға болмайды деген дәрігерлер. Әлі күнге ұшаққа отыруға болмайды. Ұлым бес жігітпен бірге жол апатына түсті. Аяғы сынды. Ауруханада жатты. Онымен бірге өкіл балам жансақтау бөліміне түсіп, 17 күн комада жатты. Сол уақыттарда маған ақша керек болды. Көп әншілердің директоры болып жүрген Әйгерім деген қыз келіп, ұтыс туралы ұсыныс айтты. "Бәрі заңды, келісімшартпен келісеміз. 2 миллион теңге жарнама үшін аласыз" деді. Мен мәжбүрліктен келістім.
- Ақбота Керімбекова: Бір ай жылап күйзелісте жүрдім
- Жаным шыға жаздады: Роза Әлқожа ұлына ота жасалғанын айтты
Бұған дейін жарнама жасап, ұтыс ойнатқан адам емеспін. Мен айтқандай ұтыс ойнатылды, берілді. Жеңімпаздар алатын затын алды. Ал қалғанына мен жауапты емеспін. Мен инвестиция туралы айтқан жоқпын. Ол менен кейін ұйымдастырушылардың жасап жүргені. Ал күйе маған жағылды. Ол жігіттер ақшалы болған соң құнығып кетті ме деп ойлаймын. Әлде әуел баста қулық ойлары болды ма? Оны білмедім. Мен жарнамаладым. Бәрі жарнамамда айтылғандай өтті. Әрі қарай басқа әншілер жарнамалады. Инвестиция құямыз деді. Ол кезде келісімшарт бойынша менің жұмысым аяқталған еді", - деді Роза Әлқожа.
Әншінің айтуынша, өзін кінәлап жүрген адвокат Тәлеужан Кішкенебаевтың өзі алаяқ. Арыз жазушылардан ақша алып, енді өз басын арашалай алмай жүр дейді әнші.
"Кішкенебаев 2017 жылы алаяқтық іс бойынша адвокаттық лицензиясынан айырылған азамат. Енді өзін арашалау үшін әншілерге күйе жағып жүр. Оған сенгендерге айтарым, адковат бұл істе ешнәрсе дәлелдей алмайды. Дәлелі жоқ. Ер азамат басымен әйелдермен араздасып жүр. Біресе анда барады, біресе мында келеді. БАҚ-қа бізді жамандайды. Менің өзім үндемей келіп едім. Енді айтуға тура келді", - деді әнші.
Роза Әлқожа, өзін дәлелсіз айыптағандарға ренжулі. Дегенмен өзіне сенген халықтан кешірім сұрауға даяр.
"Мен кешірім сұраймын. Маған сеніп ақша жібергендер бар. Мен үшін алданған болса, кешірім сұраймын. Бірақ мен ешкімді қинаған жоқпын. Ұтысқа қатысқан туыстарым да бар. Мен ұтыс соңы осылай боларын білген жоқпын. Ұйымдастырушылардың соңында ақшаға құнығып кететінін білген емеспін. Халықты түсінемін, бірақ кейбір адамдардың сауатсыздығына қайран қалам. Бұдан былай ұтысқа қатыспаңыздар. Еңбекпен келетін ақшаға құмартыңыздар. Мен бұлай боларын білгенде, өз көлігімді ойнатып, пайданы өзім табар едім. Ұтыс әділ өтер еді", - деді Әлқожа.
Айта кетейік, әншінің атағына сеніп, абыройына үміт артқан қарабайыр қазақ алданып қалды. Бұл жолы 10 мың теңгелік лотореяға емес, 300 мың теңгеден 5 миллионға дейін баратын инвестицияға алданды. Осылайша Ақбота Керімбекова мен Роза Әлқожаның жарнамасына иланған жұрт миллиондарынан айырылғанын айтқан еді.
Айта кетейік, Ақбота Керімбекова мен Роза Әлқожаның ұтысына алданғандар қайта шу шығарды. Лотерея ісіне араласқаным үшін Ақбота, Роза мен Жазира қысым жасап, соңында өзім кінәлі болып шықтым деді адвокат. Тілеужан Кішкенебаев видео үндеу жолдап, президенттен көмек сұрады.