Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда цифрлық ақшамен тауар мен қызмет ақысын төлеуге жол ашылмақ

цифрлық теңге
Фото: ChatGPT

Қазақстанда цифрлық активтерді күнделікті төлем жасауға пайдалану көзделіп отыр. Алдағы уақытта елімізде шығарылған стейблкойндермен тауар мен қызмет ақысын төлеуге, шетелге ақша аударуға және сыртқы саудада есеп айырысуға мүмкіндік берілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлық активтер нарығын дамытуға арналған жиында алдағы өзгерістерге тоқталды. Соның бірі – Қазақстанда шығарылатын стейблкойндерді кеңінен қолдану.

Стейблкойн – құны белгілі бір валютаға немесе басқа активке байланыстырылған цифрлық актив. Мәселен, долларға байланған стейблкойнның құны бір доллар шамасында сақталады. Сол себепті оның бағасы биткоин сияқты криптовалюталарға қарағанда қатты құбылмайды.

"Қазақстанда шығарылған стейблкойндерді пайдалану көзделіп отыр. Олар тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорт-импорт операцияларында және трансшекаралық аударымдарда қолданылады. Бұл есеп айырысу кезінде бизнес шығындарын азайтуға мүмкіндік береді", – деді Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар Ұлттық банк цифрлық активтермен жұмыс істейтін компаниялардың қызмет аясын кеңейтпек. Қазір бұл нарықтағы қызметтер бірнеше бағытқа бөлінсе, алдағы уақытта бір компания цифрлық активті шығару, сату, айырбастау және сақтау қызметтерін қатар көрсете алады. Бұл жұмысқа банктер, брокерлер және басқа қаржы ұйымдары да тартылмақ.

Сүлейменовтің сөзінше, елімізде криптокарта, криптоәмиян және криптоэквайринг қызметтері қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Оларға банктермен бірге төлем ұйымдары да қосыла бастаған.

Цифрлық активтерді реттеу де бір орталыққа жинақталмақ. Осы мақсатта Ұлттық банктің құрамынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жоспарланған. Жаңа комитет нарыққа қатысушыларға лицензия беріп, олардың жұмысын қадағалайды, сондай-ақ осы саладағы жаңа жобаларды сүйемелдейді.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк цифрлық активтермен жасалатын күмәнді операцияларды бақылауды күшейтпек. Ол үшін ұлттық криптоаналитика орталығы құрылып жатыр. Жүйе банктерге, құқық қорғау органдарына және лицензиясы бар компанияларға цифрлық активтермен жасалған операцияларды тексеруге мүмкіндік береді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 10:24