Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан шілде айында шетелге бензин экспортын екі есеге арттырады - Reuters

Мұнай вагондары
Фото: istockphoto.com

Қазақстан шілдеде автокөлік бензинінің экспортын екі есеге арттырмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Reuters деректеріне сәйкес, шілде айында автобензин экспорты 45 656 тоннаны құрауы мүмкін. Бұл маусым айындағы 21 126 тоннамен салыстырғанда екі есеге көп. Reuters басылымы бұл деректерді агенттіктің қолына түскен энергетика министрлігінің кестесіне сілтеме жасай отырып хабарлаған.

Павлодар мұнай-химия зауыты төрт жылдық үзілістен кейін АИ-92 маркалы бензин экспортын қайта бастауы мүмкін. Шілде айына зауыт үшін 17 500 тонна көлемінде экспорттық жоспар қарастырылған.

Ал "Конденсат" мұнай өңдеу зауыты 24 156 тонна АИ-92 бензинін, 4 000 тонна АИ-95 бензинін және 7 858 тонна жазғы дизель отынын экспорттауға квота алды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Қазақстан 2021 жылдың ақпан айынан бері дизель отынын экспорттамаған.

Reuters басылымы салалық дереккөздерге сілтеме жасап, Қазақстанда шілде–тамыз айларында автобензинді Ресейге жеткізу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілгенін хабарлады. Бұған дейін Ресейде бірқатар ірі мұнай өңдеу зауыттары дрон шабуылдарынан кейін жоспардан тыс жөндеуге жабылып, бұл жанармай тапшылығы мен бағаның өсуіне әкелгені айтылған.

Алайда Қазақстанның энергетика министрлігі Мәскеу тарапынан мұнай өнімдерін жеткізуге қатысты ресми өтініш түспегенін мәлімдеген еді. Министрлік экспорт тек ішкі нарықта артық ресурс болған жағдайда және ішкі тұрақтылыққа қауіп төнбеген кезде ғана мүмкін екенін атап өткен.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Ресейге бензин экспорттауға дайын екенін мәлімдегені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 21:32