Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағасы 500 мың теңге дейін: Қазақстанда "пәтерді тек ресейліктерге жалға береміз" деген хабарламалар қаптап кетті

Қазақстанда жарнама сайттарында "пәтерді тек ресейліктерге жалға береміз" деген хабарламалар қаптап кетті. Мүлік иелері іргелес елдің азаматтарына пәтерлерін 500 мың теңге дейін ұсынып жатыр. Оңтайлы сәтті пайдаланып, олжаға батуды көздегендердің кесірінен елде жалдамалы пәтер ақысы 40 пайызға дейін қымбаттады дейді сала мамандары, деп Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.

Жарнама сайттары, скриншот

Қазір жарнама сайттарында тек ресейліктерге пәтерді жалға береміз деген хабарламалар белең алды. Хабарламада бөлмелер он мың теңгеден тұрса, ал пәтерлер 150 мыңнан 450 мыңға дейін жалға беріледі.

Ресейліктерге ғана жалға берілетін пәтерлер көбіне Астана, Қостанай, Атырау, Петропавлда кездеседі.

Мұндай пәтерлердің бірін жалға беруші риелтордың сөзінше, 450 мың теңге қазіргі жағдайға жақсы баға. Оған қажеттінің бәрі кіреді.



“Қазір оларда қиын жағдай. Сондықтан тұрғын үйсіз қалмау үшін оларға қолдау көрсеткім келеді. Сондықтан тек ресейліктерге жалға береміз. Пәтер таза, жөндеу жұмыстары жүргізілген, сондықтан бағасы осындай. Жергілікті тұрғындарға да жалға беруге болады, бірақ онда баға сәл арзандау болады”, – дейді пәтер жалға беруші әйел.

Риелторлар қауымдастығының өкілдері соңғы екі аптада нарықта пәтерлердің жалдау ақысы шарықтап кеткенін айтады. Тіпті қала орталықтарында емес, шалғай аудандардың өзінде ескі пәтерлердің бағасы бірден 40 пайызға қымбаттады дейді. Бірақ мамандар бұл уақытша құбылыс деп болжап отыр.

“Қазір нарық тұрақсыз. Мүлік иелері әртүрлі баға қойып жатыр. Жалпы барлық санаттағы жалға берілетін пәтерлердің бағасы жиырма пайызға өсті деп айта аламыз. Сондай-ақ, бұрын сұраныс болмаған шалғай аудандардағы пәтерлердің бағасы 40 пайызға қымбаттап кетті. Себебі арзан бағадағы пәтерлерге сұраныс күрт көбейді”, – дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығының президенті Александр Пак.

Ал салық органдары пәтерлерін қымбат бағаға жалға беретін тұлғалардың барлығын жауапкершілікке тарта алмаймыз дейді. Көбісі үйлерін паналағандарды туысымыз деп құтылады екен. Дегенмен, заң бойынша мүлік иелері жеке кәсіпкерлік ашып, мұндай табыс көзін көрсетуі керек деп отыр.

“Қазіргі таңда егер азаматтар тиісті салық есебін тапсырмаса, онда оларға алғашында ескерту беріледі. Ал бір жылдың ішінде ондай заң бұзушылық қайталанған жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер де азаматтар қызметін тіркемесе онда 8 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ алдымен оларға ескерту беріледі”, – дейді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Кірістер комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері елде 3700 пәтерді жалға беруші өз еріктерімен кәсіптерін заңдастырған.

Талқылау