Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрғын үйді жалға алушы мен беруші келісімшартқа отыруы керек": Заңгер пәтер құнының шарықтап кетуіне қалай тосқауыл қоюға болатынын айтты

Жалға берілетін баспана нарығындағы жағдай қоғамда ең көп талқыланған тақырыпқа айналды. Бұған маусым сайын бағасын жөн-жосықсыз көтеретін кейбір жалға берушілердің соңғы кезде баспана құнын тіпті шарықтатып жіберуі себеп болды. Бұған заң аясында тосқауыл қоюға бола ма? Бұл мәселеге қатысты заңгер Орынбасар Тілепбергенов пікірін білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.

Нарық заңдарынан біз ешқашан қашып құтыла алмаймыз дейді заңгер.

“Бұл – біз күтпеген құбылыс. Ал жыл сайын студенттердің келуіне байланысты пәтер бағасының сәл де болсын көтерілуі үйреншікті құбылыс. Ұсынысқа сұраныс деген мәселе. Мемлекет қант бағасын, жанар-жағар май, тұрғын үй құрылысының шаршы метрін реттейді. Бірақ жалға берілетін тұрғын үй бағасын реттеуде механизмдер болмай жатыр. Өйткені жалға берілген үйдің бәрі жеке меншіктің қолында. Бұл мәселені реттеу үшін біріншіден, эконом-класстағы тұрғын үйлерді көптеп салуымыз керек. Тұрғын үй саясатын қалпына келтіру керек. Қайтадан бастау керек. ҚР Конституциясы да, Қылмыстық Кодекс те, ҚР “Тұрғын үй қоры” туралы заңы пәтердің жалға берілу ақысын реттей алмайды”, – дейді Орынбасар Тілепбергенов. 

Сөзінше, мұны реттейтін механизм мүлде жоқ.

“Пәтердің бағасын оны жалға беруші ұсынады. Пәтерді жалға алушы оған келіседі. Оның бағасына мына нәрселер әсер етеді: ішкі ремонты, жиһазбен қамтамасыз етілуі, тұрған жері, инфрақұрылымы, орталыққа қарым-қатынасы және т.б. 

Тұрғын үйді жалға алушы мен беруші арасында алты айлық, бес айлық келісімшарт болуы керек. Ал бізде келісімшарт болмаған соң, сіз ертеңгі күні ол үйде тұратыныңызға ешқандай кепілдік жоқ. Ал келісімшарт бір жылға реттелетін болса, онда Ресейде мобилизациядан 1-2 миллион азамат келсе де, ешқандай әсері болмайтын еді”, – дейді маман өз сөзінде.

Заңгердің сөзінше, пәтерді тіркелмей жалға беретіндер заңның алдында жауап беруі керек. 

“Алайда жалған мәліметтер арқылы пәтерді жалға беру тоқтамайды. Сондықтан біз туысқандар базасын құруымыз керек. Жалға алушы мен жалға берушінің арасында туысқандық қатынас бар-жоғын заң аясында анықтап алсақ, онда біз салықты көбейту арқылы және басқа да әлеуметтік жүктемелерді көбейту арқылы бұл мәселені шешеміз”, – дейді Орынбасар Тілепбергенов.

Маман жалға берілетін пәтер құны төмен болса, салықтық жүктеме де төмен болуы керек екенін баса айтты.

 

Талқылау