Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейрамханасыз әрі ақша жинаусыз: Биыл қазақстандық мектеп түлектерін әкімдік пен полиция бақылауға алады

мектеп түлектері
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Үкімет отырысында Жұлдыз Сүлейменов Қазақстанда биылғы мектеп бітіру кештері қатаң бақылаумен өтетінін мәлімдеді. Түлектерге арналған шараларды мейрамхана мен кафеде өткізуге және ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, үкімет отырысында мектеп түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты 17-18 маусым күндері өтеді.

“Бітіру іс-шараларын тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу қарастырылған. Мейрамханаларда, кафелерде және банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға, сондай-ақ заңсыз ақша жинауға тыйым салынады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы қабылданды. Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесіп қатаң бақылауда ұстауы қажет”, – деді министр.

Министр мәліметінше, биыл елімізде 3,9 миллион оқушы білім алған. Оның ішінде 343 мың оқушы 9-сыныпты, 215 мың түлек 11-сыныпты аяқтайды.
Сонымен қатар “Алтын белгіге” 13 175 оқушы үміткер болса, үздік аттестатқа 11-сыныптың 18 555 түлегі және 9-сыныптың 31 181 оқушысы үміт артып отыр.

Мектеп бітірушілердің қорытынды аттестациясы 29 мамыр мен 15 маусым аралығында өтеді. Ашықтық пен академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында емтихан материалдары мектептерге емтихан өтетін күні жіберіледі.

Таяуда оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда мектеп бітіру кештеріне қатысты қандай шектеулер бар екенін түсіндірген еді. Сондай-ақ Ақтауда былтыр болған көптеген оқиғаларға байланысты полиция мектеп түлектерінің қала сыртына шығу жолдарын уақытша жапқан. Ал Алматыда мектеп бітіру кешіне байланысты “сәнді шеру” ұйымдастырған 21 түлектің ата-анасына айыппұл салынған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы соңғы қоңырау кезінде автокортеж ұйымдастыруға тыйым салынғанын ескерткен еді. Соған қарамастан, қала мектептерінің бірінің түлектері жол қозғалысы ережелерін бұзып, кортеж ұйымдастырған. Осылайша, 21 кәмелетке толмаған түлектің ата-анасы жауапқа тартылып, бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 11:31