"101 раушан, көлік, телефон мен жеке мобилограф": Түлектердің бітіру кешінде алған қымбат сыйлықтары қазақстандықтардың талқысына түсті

Биыл мектеп бітіру кешіндегі түлектердің алған құшақ-құшақ гүлдері мен қымбат сыйлықтары қазақстандықтардың назарын аудартты. 25 мамыр күні көптеген мектеп ауласы 101 розаларға толып, тіпті кейбір ата-ана қыздарына көлік, қымбат маркалы телефон сыйлаған. Желіде оқушылардың бұл атаулы күнге арнайы көйлек тіктіріп, бет әрлетуден бөлек, жеке мобилограф жалдап, қымбат сыйлықтар сұрауы қоғамда түрлі пікір туғызып, қызу талқылануда. Stan.kz тілшісі бұл үрдіске шолу жасады.
Соңғы жылдары қазақстандық түлектер арасында бітіру кешінде қыздарға үлкен гүл шоқтарын сыйлау үрдіске айналған. Одан бөлек, кей ата-аналар 101 шоқ гүлдерден бөлек, қымбат маркалы телефон, ноутбук, алтын тіпті автокөлік сияқты сыйлықтарын да осы күні мектепке алып келіп сыйлап жатыр. Атаулы күні желі беттерін осындай сәттердің видеолары тарады.
“Бұл бүгінгі күннің мектеп бітіру кеші. Біздің кездегі соңғы қоңыраулар бұл гүлдерсіз-ақ әдемі өтетін еді. Букет гүл дегенді тек ұстаздарымыз ұстайтын. Қазіргі оқушылар қандай күшті деп ойладым ішімнен. Ата-анасы да, вальс билеген сыныптасы да үйіп-төгіп жатыр әйтеуір”, “Не деген гүл шоқтары”, – деп жазды желі қолданушысы.
“Жеке мобилограф жалдап, ата-анам 101 роза, аға-жеңгем 101 пиона әкелсін деді”
Дегенмен бұлай шашылуды барлық отбасының қалтасы көтере бермейді. Мәселен желідегі мына жазба көпшіліктің назарын аударды. Онда оқушы қыздың бітіру кешіне дайындығы айтылған.
“Мектеп бітіруші түлектер бұл бәсекелестік пе, әлде жәй инстаграмға сторис үшін бе? Қайын сіңілім биыл 11 сынып бітіреді. 25 мамырға көйлегін тіктіртіп, макияж шаш әрлеуіне аға жеңгесі болып бәрін төлеп бердік. Енді кеше, маған 25 мамырға ата-анасына “101 роза, аға жеңге сендер 101 пионы алып келіңдер! Сосын маған 24 сағатқа макияж бен шаш сәндеуден бастап түсіретін мобилограф жалдап беріңдер. Күшті, қымбат сыйлық күтемін” деп қарап отыр. Масқара ғой мынау. Мен бірден бара алмайтынымды айттым”, – деп жазды қазақстандық.
Ол қайын сіңлісінің бұдан кейін ренжіп, үйден кетіп, жылағанын баяндады.
“Себебі, өз туған сіңілім де 11-сыныпты бітіріп жатыр. Соған барамын дедім. Оған бауырларымыз, отбасымыз қосылып, гүлімізді алып жатырмыз. Өзі де артық ештене сұрамады. Киімін тіктіртіп бердік. Күйеуіме 101 пионы білмеймін, бірақ өз бауырыма алғандай оған да өз атымыздан букет гүл алып сен бар соңғы қоңырауына дедім. Содан қайын сіңіліме бармаймын деген соң, “онда келмесеңдер 101 пионы күтемін” дейді. Сосын мен “қандай букет алғымыз келеді соны сыйлаймыз” дедім.
Ата енем мобилографты “жалдап беріңдер” деп бізге ысырды. Мен “оны жалдап беретін менде де ағаңда да ақша жоқ” дедім. Қайын сіңілім, өкіріп бақырып жылап, үйден қашып, ойына келгенін жасады. Бұл не болған соңғы қоңырау”, – деп бөлісті ол.
“Гүл беруден жарыс па?: Жұрттан қалмасын деп, қарыз алып та жатқан шығар”
Өзге қазақстандықтар да мұндай үрдіске қарсы шығуда. Көпшілік мұның ата-аналар қалтасына үлкен шығын екенін, ал жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін екі есе ауыр тиетінін алға тартты.
“25 мамыр. Не мынау, гүл беруден жарыс па? Ана жерде гүл алмаған қыз қандай сезімде тұр екен. Заң шығару керек мұндайға”, “Қарапайым ауыл мектебі. Көріп таңғалдым. Мақтаныш пен дарақылық сезіледі”, “Балалар неге ата анаға салмақ саласыздар? Онсызда әлі сендерді оқыту керек қой. Грантқа түссең де Гарвардқа түсіп жатқан жоқсыздар ғой! Әке шешең сол жұрттан қалмасың деп, қарыз алып та жатқан шығар”, “Мектеп тарапынан гүл рұқсат етілмеуі керек сияқты. Негізі қатты ерсі көрмейсің, бірақ жағдайы жоқ отбасылар қаншама. Олар 30-80 мың теңге аралығында гүл алып бере алмайды. Ал гүл алмаған қыздың әрине көңілі түсіп, жылауы мүмкін. Бітіру кешіне келмей қалуыда мүмкін”, – деп жазды көпшілік.
Бұл тіпті оқушылардың өзіне де әсер етуде. Себебі желіде “25 мамырға дайын емеспін. Отбасымның алып беретін жағдайы жоқ” деген де посттар көп.
Дегенмен ересек буын мұндай қымбат талаптар қоюының өзі зумерлердің еркіндігінен екенін болжады.
“Кезінде шашты өзіміз келістіріп, үйден боянған едік”, “Сонда қазір ешкім 1 қыркүйекте кигеніңді киіп, ақ бантик тағып, көрші ападан 1 тал гүл сұрап, бармай ма?”, “Біз екен ғой бәріне көне берген”, – деп жазды қазақстандықтар.
“Қымбат киім, 101 раушан гүл, сән-салтанат – шынайы өмірге сәйкес келмейді”
“Негізі, бұл өте жақсы нәрсе. Түлектер үшін мұның маңызды кезең екенін айту қажет. Бірақ екінші жағынан, тым шашылып мақтану дұрыс емес. Әлеуметтік желідегі "идеал образға" ұмтылу мен айналаға ұнағысы келу өкінішке қарай оқушыларға теріс әсер етуде.
Қазір қоғамда қаржылық жағдай күрделі. Дағдарыс бар. Қазақстандықтардың едәуір бөлігі несиемен өмір сүріп жатыр. Бірақ соған қарамастан адамдар әлеуметтік желіде, әсіресе Instagram-да, әдемі өмірдің "қаптамасын" көрсетеді. Қымбат киім, 101 раушан гүл, сән-салтанат. Оның бәрі шынайы өмірге сәйкес келе бермейді. Ал психологиясы әлі толық қалыптаспаған жасөспірімдер соған ұқсағысы келеді. Әрине, өзгелерге ұнау жақсы. Бірақ материалдық жағынан емес, жақсы оқып, адал, тәрбиелі, мейірімді болғаны үшін ұнағаны маңыздырақ. Ал әлеуметтік желідегі "жылтырақ өмір" жастарға қатты әсер етуде”, – деді маман.
Психолог осы тұста кей ата-аналардың өздері балаларына дұрыс емес түсінік қалыптастыратынын алға тартты.
“Өздері әрең күн көріп отырса да, балаларына барлығын алып береді. Кейін балада шынайы өмір мен әлеуметтік желідегі әдемі образдың арасында үлкен алшақтық пайда болады. Жасөспірімдер мұны әлі толық түсіне алмайды. Жеке мобилограф, қымбат көйлек немесе ерекше сыйлық талап ету – бір жағынан өзін көрсетуге деген ұмтылыс. Яғни "мен басқалардан кем емеспін, тіпті артықпын" дегенді көрсету. Бірақ екінші жағынан, бұл ішкі сенімсіздіктің де белгісі болуы мүмкін.
Қазір қоғамда құндылықтар өзгеріп жатыр. Бұрын балалар ата-анасына көмектесіп өсті. Сауда жасады, еңбек етті, қиындық көрді. Соның арқасында еңбекқор әрі дұрыс азамат болып қалыптасты. Ал қазір кейбір балалар отбасының жағдайын түсінбей, қымбат заттарды талап етеді. "Маған айфон алып бер, мынаны алып бер" деп тұрады. Өкінішке қарай, кей ата-аналар да баласының әр айтқанын орындауға тырысады. Бірақ кейде балаға ашық айтып, түсіндіру керек. Ата-ананың баланың барлық қалауын орындай беруі жасөспірім психологиясына кері әсер етеді. Сондықтан ата-ана баласына өмірдің қиындықтарын, ақшаның қалай табылатынын түсіндіру маңызды. Сонда балалар да бәрі бірден келмейтінін, әр нәрсе еңбекпен жететінін ұғады”, – деп қосты ол.
“Жай сурет, фотоальбом жасаудан қымбат сыйлық, құшақ гүлге дейін: Бұл үрдіс тоқтай ма?”
“Естеріңізде ме, бұрынғы миллениал буын бітіру кешінде әдемі көлекпен жиналып, ортақ суретке түсуді сән көрді. Кейін бұл тек көйлек емес, әрленіп сәнденіп, жеке сапалы фотограф жалдап, фотоальбом жасауға дейін дамыды. Бұдан соң қазір көріп отырғанымыздай, енді оқушылар тек сырт келбеттерін ғана әрлеп емес, сонымен қатар заман талабына сай, жеке мобилограф пен қымбат сыйлықтар сұратады. Бұл үрдіс жылдан-жылға осылай кете береді. Түлектердің талабы енді көбеймесе азаймайды. Бұл қоғамның дамуына тән құбылыс және қазіргі заман мәдениетінің де бір бөлігіне айналып бара жатыр”, – деп түсіндірді маман.
Әлеуметтанушының айтуынша, мұның барлығына шетелдік сериалдар, әлеуметтік желі мен пандемия кезіндегі қоғамның оқшаулануы да әсер етті.
“Бітіру кешіндегі ерекше образға, қымбат гүлдер мен сыйлықтарға ұмтылу – көбіне статус көрсетуге байланысты құбылыс. Қазіргі жастар әлеуметтік желінің ықпалында өсіп жатыр. Сондықтан олар үшін айналаның пікірі, өзгелердің бағалауы маңыздырақ болып барады. Әсіресе Instagram, TikTok секілді платформаларда әдемі өмір салты үнемі көрсетілгендіктен, жастар соған сәйкес болуға тырысады. Бұл құбылысты социологияда бұрыннан зерттеген. Мысалы, америкалық экономист әрі әлеуметтанушы Торстейн Веблен 1899 жылы адамдар кейде затты шынайы қажеттілік үшін емес, өзгеге көрсету үшін тұтынатынын айтқан. Яғни бұл жерде де қымбат букет, ерекше фотосессия, сәнді образ — бәрі белгілі бір деңгейде өзін көрсету, әлеуметтік ортаға әсер қалдыру әрекеті.
Бірақ мұндай трендтердің кері әсері де бар. Кей отбасылар қаржылық жағдайына қарамастан, баласының көңілі үшін несие алып, артық шығынға барады. Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа теріс әсер етеді”, -деп қорытты ол.
"101 раушан, көлік, телефон мен жеке мобилограф": Түлектердің бітіру кешінде алған қымбат сыйлықтары қазақстандықтардың талқысына түсті