Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жерін талан-таражға салды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды
Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі жер учаскесін иемденіп, сатып жіберді деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлғаны ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Іс бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкері, "Алматы облысы бойынша азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ филиалы Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің, Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларын 2018 жылы Кемертоған кентінде орналасқан ауданы 9,0 га жер учаскесі түріндегі университеттің мүлкін ұрлады деген күдікпен ұстады", – делінген хабарламада.
Мәлім етілгендей, университеттің жер учаскесі бірқатар учаскелерге заңсыз бөлінген және ұсталған тұлғаларға жалған құжаттар арқылы үлестес болып рәсімделген. Ал кейіннен адал ниетті сатып алушыларға сатылған.
"Осы тұлғалар 2021 жылдың қаңтарында қылмыс іздерін жасыру және жер учаскесін университет балансына жалған қайтару мақсатында мемлекеттің жер қорынан құқық белгілейтін құжаттарсыз санитарлық аймақтағы және жеке меншікке беруге жатпайтын Көлді кентінде орналасқан жер учаскесін заңсыз бөлген. Бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу жалғасуда, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізілуде", – деді ведомстводан.
Еске салсақ, жақында ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жердің бірнеше бөлігі жеке меншікке өтіп кеткені жайлы шу шығып еді. Бұған қатысты университет өкілдері де үнсіз қалмай, таралған ақпаратты жоққа шығарды.
Оқу орны басшылықтың өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді бере алмайтынын алға тартты.
Содан кейін оқу орнының ректоры Ғалымқайыр Мұтанов қызметінен кетіп, Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ ректоры болды.