Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 3,7 мыңнан астам үй су астында қалды

Қазақстан өңірлерінде су тасқыны салдарын жою әлі де жүріп жатыр. Қазір 3745 жеке тұрғын үй су астында қалып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: tobolinfo.kz

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында 3 702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағы, 1 822 саяжай және әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат, сондай-ақ 155 автожол су астында қалды. 

Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында еріген қар суын сору, инертті материалды қапшықтар төсеу, сондай-ақ каналдардың, арық жүйелерінің жағалауын  нығайту жүргізіліп жатыр. 

Бұған дейін Атырау облысында су тасқыны кезінде екі адамның қаза тапқаны хабарланған. Жылыой ауданының Құлсары қаласында 1974 жылы туған ер адам досымен бірге  рұқсат құжатынсыз су басқан тұрғын үйді тексеруге трактормен бара жатып аударылған. Құтқарушылар екі адамның мәйітін тапты.  

"ҚазАвтоЖол" 7 облыста  бірқатар республикалық маңызы бар автожолдарды су басып қалғанын хабарлады. Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, СҚО-дағы республикалық маңызы бар ұзындығы 679 шақырым 14 автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

6 сәуір күні Қостанайда да төтенше жағдай жарияланды. 

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны жағдайына байланысты тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар ұсыныс жариялады.

Талқылау