Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді анық менікі": Баян Алагөзова "Қыз Жібек" камзолының көшірмесін көрсетті

Баян Алагөзова
Фото: instagram.com/bayanmaxatkyzy

Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова “Қыз Жібек” фильміндегі әйгілі камзолға қатты ұқсайтын жаңа киімін көрсетті. Камзолды дизайнер Аида Қауменованың командасы қайта жаңғыртқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Баян Алагөзова Instagram желісіндегі Stories бөлімінде жаңа камзолын киіп көріп, оның фильмдегі түпнұсқа үлгісіне барынша жақын тігілгенін айтты.

“Камзолым өзіме қайта оралды. Енді бұл шынымен менікі. Бірге-бір. Еңбегін бағалаңыздар, қалай винтаж түрге енгенін қараңыздар, түпнұсқаға қаншалықты ұқсайтынын айтыңыздар”, – деді ол.

Продюсердің айтуынша, қазір ол Аида Қауменованың сән үйінде. Баян Алагөзова бұған дейін айтқанындай, “Қыз Жібек” киім үлгісін кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.

“Пікірлеріңізді күтемін. Қараңыздаршы, джинсымен де керемет жарасып тұр. Елестетіп көріңіздерші, Гүлфайрус Исмаилова жүз жыл бұрын ойлап кеткендей”, – деді Баян Алагөзова.

Оның сөзінше, культ фильмдегі камзолдың көшірмесін дайындау жұмысы өндіріс деңгейінде басталып кеткен. Аида Қауменованың командасы киімнің әр деталіне мән берген. Камзолдың түсі, күзен терісінен жасалған жиегі, матасы, кестесі, моншақтары мен інжу-маржанына дейін ескерілген.

Әзірге камзолдың кейбір бөліктері мен оған үйлесетін ақ көйлек толық пысықталып жатыр. Сонымен қатар фильмдегі Қыз Жібек киген үлгідегі бөрік те тігіледі. Баян Алагөзова мен Аида Кауменованың айтуынша, бұл киімді “Қазақ аруы” байқауына қатысатын қыздар сахнаға киіп шығады.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін продюсер әрі актриса Баян Алагөзова әлеуметтік желіде өз гардеробына “Қыз Жібек” фильміндегі Жібектің қамзолы қосылғанын айтып видео жариялағаны туралы жазған едік. Алайда бұл жаңалық көпшіліктің ашуын туғызды. Қазақстандықтар мұраның музейде сақталуға тиіс екенін жарыса жазды. 

Кейінірек продюсердің өзі де жауап берді. Оның айтуынша, киім ешбір ресми құжатта тіркелмеген, ал оны 30 жыл бұрын қоқысқа тасталудан қарапайым әйел сақтап қалған. Алагөзова қамзолды ұлттық мұра ретінде насихаттап, кейін музейге тапсыруы мүмкін екенін айтқан.

Сондай-ақ продюсер араға уақыт салмай  актриса, Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмір бойғы жеке төлем беретінін мәлімдегені хабарланған еді. Ол бұл шешімін актрисаға және оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне деген жеке алғысы ретінде түсіндірді. 

Ол сондай-ақ Меруерт Өтекешоваға жеке барып, алғыс айтқысы келетінін жеткізді. Бұған қоса, продюсер келесі “Қазақ аруы” байқауларының бірін актрисаға арнайтынын және оған жеке сыйлық жасайтынын атап өтті. Баян Алагөзова Халық әртісіне “шағын сыйлық” ретінде тон тарту етті.

“Тонды үлкен ықыласпен таңдадым. Өлшемі де, ұзындығы да сізге дәл келеді деп үміттенемін. Бұл сізге лайық сыйлық”, – деді ол.

Артынша Баян Алагөзова Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешовамен кездесіп, актрисаға пәтер сыйлады.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 17:32