Қазақстандықтар Алматыдағы Розыбакиев көшесіне Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы петиция жариялады

Алматыдағы ең ірі көшенің бірі – Абдолла Розыбақиев көшесін Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың атына ауыстыру туралы петиция жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өтініш авторлары Шахановтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, мемлекеттік тілді қорғауға қосқан үлесін және Желтоқсан оқиғасын тарихи тұрғыдан ақтаудағы маңызды рөлін атап өткен.
Алматылықтың бастамасын әзірге 179 адам қолдаған, 55 адам қарсы қол қойған.
“Мұхтар Шахановтың есімін Алматы картасында мәңгі қалдыру – тарихтың шешуші сәттерінде халықтың намысын, қазақ тілін және Қазақстанның тәуелсіздігін қорғаған тұлғаға көрсетілген әділетті құрмет”, – делінген.
Бастама көтерушілердің айтуынша, Розыбакиев көшесі – қаладағы ең ұзын көшелердің бірі. Ұзындығы шамамен 7 шақырым көше маңызды қоғамдық және білім беру нысандары арқылы өтеді. Бұл, олардың пікірінше, Шаханов тұлғасының ауқымына сай келеді.
Сонымен қатар петиция авторлары Абдулла Розыбакиевтің рухына құрметпен қарайтынын айтып, оның есімін ұлықтаудың балама жолдарын қарастыруды ұсынды.
Өтініш Алматы қаласының ономастикалық комиссиясына жолданған. Егер бастама қолдау тапса, мәселе қоғамдық талқылауға шығарылып, қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылады.
Мұхтар Шаханов – қазақстандық ақын, жазушы және қоғам қайраткері. Ол 1942 жылы дүниеге келген. Қазақ тіліндегі өлеңдерімен және белсенді азаматтық ұстанымымен кеңінен танылды. Әр жылдары мемлекеттік және дипломатиялық қызметтер атқарып, депутат болды. Өз сөздерінде ұлттық болмыс, тіл және тарихи жады мәселелерін жиі көтерді.
Ал Абдолла Ахметұлы Розыбакиев – Жетісу өңірінде қоғамдық-саяси басқару жүйесін қалыптастыруға араласып, Кеңес өкіметін орнату ісіне қатысқан тұлға. Ол Верныйдағы мұсылман жұмысшылары ұйымында, Жетісу облыстық атқару және әскери-революциялық органдарында қызмет етіп, ұлттық азшылықтармен жұмыс жүргізген. Сондай-ақ жергілікті халықты қоғамдық-саяси іске тартуға атсалысқан.
ОқыңызМұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында 19 сәуірде дүниеден озды. Айта кетейік, былтыр қарашада ақынның ұлы Қуаныш Мұхтарұлы дүниеден озды. Ал 2021 жылы Мұхтар Шахановтың тағы бір ұлы Рауан Шаханов өмірден өткен еді. Осы қайғылы қазадан кейін халық жазушысы бірнеше рет сырқаттанып, денсаулығы сыр бергені айтылған еді.
"Қазақ тілі тестінен өту қиын болып кеткен": Өзбекстаннан келген қандастар азаматтық бермей жатқанына шағымданды