Трактористен ұлт сөзін сөйлеген тұлғаға дейін: Мұхтар Шаханов кім және қандай ісімен есте қалды (видео)

19 сәуір күні Мұхтар Шаханов 84 жасына қараған шағында өмірден өтті. Ол бар ғұмырын қазақ руханиятына, ұлттық құндылықтарды қорғауға және қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге арнады. Осы орайда Stan.kz ақынның өмір жолы мен шығармашылығына, көтерген өткір мәселелеріне шолу жасады.
Шаханов туралы не белгілі?
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген көрнекті қазақ ақыны. Еңбек жолын қарапайым тракторист болып бастап, кейін ел деңгейіндегі ірі қызметтерге дейін көтерілді. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.
Ол Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Сонымен қатар бірнеше отандық және шетелдік академиялардың академигі, құрметті профессоры атанған. Қазақстан мен Қырғызстанның халық ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы деген жоғары атақтарға ие.
Шаханов алғашында журналистика саласында еңбек етіп, кейін "Жалын" журналының бас редакторы қызметін атқарды. Кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Парламентінде де жұмыс істеді. Қай қызметте жүрсе де, ұлттық мүдде мен рухани құндылықтарды қорғауды басты орынға қойды. Сол кездегі маңызды қадамының бірі 1989 жылы Мәскеуде өткен сьезде Желтоқсан оқиғасы тақырыбын көтеруі болды.
“100 мың адамды ұлтшыл деуге болар, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деуге болмайды"
Мұхтар Шаханов 1989 жылы Мәскеуде өткен КСРО халық депутаттарының I съезі барысында Желтоқсан оқиғасы туралы батыл мәлімдеме жасады. Ол бұл мәселені ашық көтеріп, сол кезеңде көпшілікке айтылмай келген шындықтарды жария түрде жеткізді.
Ақын өз сөзінде 1986 жылғы Алматыдағы бейбіт шеруге қатысқан жастарға қарсы күш қолданылғанын айтты.
“Елімізде алғаш рет бейбіт шерушілерге қарсы сапер күректер, әскери иттер қолданылды. Қыздарды дубинкамен ұрып, керзі етікпен тепті. Мұның бәрі митингі туралы жалпыға белгілі жарлық шықпай тұрып істелді”, – деді Шаханов.
Сонымен қатар Шаханов Желтоқсан оқиғасы кезінде ұсталғандар мен жапа шеккендер санының толық ашылмай отырғанын сынға алды.
“Толық емес мәліметтер бойынша, 2 мыңға жуық адам қамауға алынды. Олардың көпшілігі ұзақ мерзімге сотталды. Мыңдаған адамдар оқу орындарынан шығарылып, жұмыстан қуылды. Саяси дайындығы жоқ жүздеген жас жігіттер мен қыздардың өмірінің мәңгілікке күл-паршасы шықты”, – деді ақын.
Осыған байланысты ол арнайы комиссия құрып, Желтоқсан оқиғасының шындығын толық зерттеуді талап етті. Сонымен қатар бүкіл қазақ халқын "ұлтшыл" деп айыптауға қарсы шықты.
“Алматыдағы сарбаздар мен ішкі әскердің заңсыз әрекеттері туралы шындық әлі күнге дейін құпия күйінде сақталып келеді. Бұл қаулыда болған оқиғалар қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп көрсетілген. 5 мың адамды, 10 мың адамды, 100 мың адамды ұлтшыл деуге болар, бірақ бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп кінәлауға болмайды ғой. Қазақ ұлтшылдығы деген сөз – бүкіл қазақ халқына тағылған айып. Біз халыққа жабылған ауыр әрі лайықсыз айыпты алып тастап, әділеттілікті қалпына келтіруді сұраймыз”, – деді Шаханов.
Бұл сөздер сол кезеңде үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Шахановтың мәлімдемесі Желтоқсан оқиғасына тарихи және саяси тұрғыдан қайта баға беруге жол ашқан маңызды мәлімдемелердің бірі болды.
Назарбаев пен Шахановтың пікір қайшылығы
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – Қазақстан тарихындағы ең ауыр әрі даулы кезеңдердің бірі болды. Желтоқсан оқиғаларын терең зерттеу талабы күшейген соң, арнайы комиссия құрылды. Алайда ол одақтық деңгейде емес, республикалық деңгейде ғана жұмыс істеді. Комиссияның тең төрағаларының бірі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов болды.
Комиссия жұмысы барысында Желтоқсан оқиғасының шынайы себептері мен билік әрекеттерін ашуға талпыныс жасалды. Бірақ сол кездегі билік өкілдері бұл істің толық әрі объективті зерттелуіне мүдделі болмағаны айтылады.
Зерттеу нәтижесінде жиналған құжаттар кейін бірқатар еңбектерге негіз болды. Кейбір авторлар тіпті сол кезеңдегі билік әрекетіне ауыр айыптар тағуға дейін барды. Жалпы, комиссия материалдары арқылы Желтоқсан кезіндегі биліктің рөлі туралы қоғамда түрлі пікір қалыптасты.
Бұл жағдай екі тұлғаның – Назарбаев пен Шахановтың арасындағы көзқарас қайшылығын күшейтті. Шаханов Желтоқсан ақиқатын толық ашуды талап етсе, билік бұл мәселені барынша жұмсартуға тырысты деген пікір бар. Кей деректерге сәйкес, комиссияның барлық қорытындылары толық жарияланбаған. Кейбір құжаттар шектеулі адамдарға ғана белгілі болған және әлі күнге дейін толық ашылмаған.
Назарбаев пен Шаханов арасындағы негізгі қайшылық – Желтоқсан оқиғасына берілген баға мен оны толық зерттеу мәселесінде жатыр. Бірі – мемлекеттік тұрақтылықты алға тартса, екіншісі – тарихи әділдікті талап етті. Бұл тек екі тұлғаның арасындағы тартыс емес, тәуелсіз Қазақстанның тарихи жады мен шындықты тану жолындағы күресінің көрінісі болып қалды.
Ақын тіл мәселесін көтеріп, өлеңіне де қосып өтті
Мұхтар Шаханов тіл мәселесінде әрқашан өткір пікір айтып, ұлттық мүддені ашық қорғаған тұлға болды. Ол үшін тіл жай құрал емес, ұлттың тірегі мен болмысы еді.
1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде тіл туралы заң қаралған кезде, қазақ және орыс тілін қатар мемлекеттік ету ұсынысына ол үзілді-кесілді қарсы шықты. Шаханов бұл бастама қазақ тілінің мәртебесін әлсірететінін айтып, оның жалғыз мемлекеттік тіл болуы керегін талап етті. Сол сәтте ол эмоцияға беріліп, депутаттарға қатты үн қатқан.
“Басқа республикалардың бәрі өз ана тілін мемлекеттік етті. Біз неге өз тілімізді қорғай алмай отырмыз? Бұл ұлтқа жасалған үлкен қиянат. Егер осылай жалғаса берсе, халықтың тағдырына қауіп төнеді”, – деп айтқан Шаханов.
Оның батыл сөзі депутаттарға әсер етіп, мәселе қайта қаралды. Нәтижесінде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды.
Шаханов кейін де тіл мәселесін жиі көтерді. Ол қазақ тілінің қоғамда толық қолданылмай отырғанын, әсіресе билік өкілдерінің өздері ана тілге немқұрайлы қарайтынын сынға алды. Оның айтуынша, тілге деген құрмет болмаса, ұлттық сана да әлсірейді.
Шаханов тіл мәселесін мақалаларында немесе жиындарда ғана емес, поэзиясында да жиі көтерген. Оның өлеңдерінде ана тілдің тағдыры, ұлттық сана, рухани құндылықтар терең көрініс табады. Оның тіл тағдырына қатысты: “Төрт ана”, “Өркениеттің адасуы”, "Жазагер жады космоформуласы”, “Ұлтсыздану ұраны”, “Рух пен тіл” атты өлеңдері бар.
Жаңа Конституция қарсаңындағы дау
Жақында жаңа Конституцияны қабылдауға арналған референдум қарсаңында Мұхтар Шаханов түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Онда ақын халықты референдумға қатысып, дауыс беруге шақырған. Бұл видео қоғамда түрлі пікір туғызып, қызу талқыланды.
Желі қолданушылары ауырып отырған адамды бұлай видеоға түсіру орынсыз екенін жазды. Көпшілік арасында ақынның мұндай үндеу жасауына қатысты күмән айтылып, сын пікірлер де көбейді. Осыдан кейін ақынның келіні Жаңагүл Мұратқызы жағдайға байланысты ашық мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, Мұхтар Шахановтың қазіргі денсаулық жағдайы ауыр. Ол кейбір айтқан сөздерін көп ұзамай ұмытып қалатын күйде екен. Сонымен қатар жақында ғана екінші ұлынан айырылуы ақынның психоэмоциялық жағдайына қатты әсер еткенін жеткізген.
Келіні ақынның қазір қоғамда болып жатқан саяси оқиғалардан бейхабар екенін де айтқан. Сонымен қатар, елден сабыр мен түсіністік сұрады.
“Тыныштық беріңіздер! Ұлтына өлшеусіз еңбегі сіңген, ана тіліне өмірін арнаған атамызды бір видеоға бола қаралаудың ешқандай негізі жоқ. Мұхтар Шаханов өз ұлтының алдында адал перзенті болып мәңгі тарихта қалатын тұлға!”, – деді келіні.
Фото: Жазбадан скрин
Бұл жағдай қоғамда белгілі тұлғалардың қатысуымен таралған ақпараттарға мұқият қарау керегін тағы бір мәрте көрсетті.
Шығармашылығы
Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясына терең философиялық ой, ұлттық рух пен адамзаттық құндылықтарды алып келген ерекше қаламгер. Оның шығармашылығы тек өлеңмен шектелмей, театр, ән өнері және қоғамдық ой кеңістігімен тығыз байланыста дамыды.
Ақынның әдебиеттегі алғашқы қадамы 1959 жылы “Сырдария” өлеңінің жариялануымен басталды. Ал 1966 жылы “Бақыт” атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көріп, жас ақынның есімі кеңінен таныла бастады. Кейінгі жылдары оның “Балладалар” (1968), “Ай туып келеді” (1970), “Қырандар төбеге қонбайды” (1974), “Сенім патшалығы” (1976) сияқты кітаптары жарық көрді.
Шаханов поэзиясындағы бір төбе шығармаларының бірі “Жігерлендіру”. Бұл өлең ақынның адам рухын оятуға, ішкі күшті серпілтуге бағытталған ең әсерлі туындыларының бірі. Бұл өлең нақты бір жеке оқиғадан гөрі, ақынның өмір бойы көргені мен түйгенінен туған деуге болады. Шаханов шығармашылығында жиі кездесетін тақырып адамның рухани әлсіреуі, қоғамдағы енжарлық, өзіне сенімнің жоғалуы. "Жігерлендіру" осы мәселелерге жауап ретінде жазылған.
Шаханов поэзиясының басты ерекшелігі терең философия мен қоғамға ой салу. Ол адам мен уақыт, ар мен сана, ұлт пен рух тақырыптарын өзек етіп, оқырманды ойлануға жетелейді.
1974 жылы оның “Махаббат заңы” атты поэзиялық спектаклі сахналанып, көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Бұл шығарма ақынның тек поэзияда емес, драматургияда да өзіндік қолтаңбасы бар екенін көрсетті.
Оған қоса ақын ән мәтіндерінің авторы. Мұхтар Шаханов қазақ эстрадасында кең таралған көптеген әндердің сөзін жазған талантты ақын. Кейбір әндеріне өзі әрі сөзін, әрі әуенін жазған.
Халыққа кеңінен танылған әндері: “Жұбайлар жыры”, “Туған күн кешінде”, “Гүл дәурен”, “Мен саған ғашық едім”, “Кешікпей келем деп ең”, “Ақ бантик”, “Әке туралы жыр”, “Өмір өзен”.
Бұл әндер махаббат, өмірдің өткіншілігі, адам сезімі сияқты тақырыптарды нәзік жеткізіп, тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Қоғамдық және шығармашылық қызметі
Ақын тек шығармашылықпен шектелмей, әдеби және қоғамдық салада да белсенді қызмет атқарды. Ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, "Жалын" журналының бас редакторы болды. Сонымен қатар КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының Халық депутаты ретінде ел өміріне араласты.
1993–2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. Кейін 2004–2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Оған қоса “XXI ғасыр және Руханият” халықаралық элита клубының президенті ретінде рухани мәселелерді көтеріп келді.
Біртуар ақын сырқаттанып жатып, келмеске кетті…
Айта кетейік, бұған дейін қоғам қайраткерінің денсаулығы сыр бергені хабарланған еді. Мұны Мұхтар Шаханов қорының төрағасы Нұржігіт Ысқақ растады.
Оның сөзінше, 84 жастағы ақын біршама уақыттан бері ауруханада емделіп жатыр. Ал жақында жағдайы ауырлап, жансақтау бөліміне ауыстырылған.
“Халқымыздың қаһарман ақыны, әрі жазушысы, ұлт үшін жанын аямай тер төккен азаматы Мұхтар Шахановты білмейтін қазақ кем де, кем! Тек қазақ емес, бүкіл түркі әлемін де мойындатқаны өтірік емес. Кеңестік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде басын бәйгеге тігіп, Кремльдің төрінде Желтоқсан оқиғасын әлемге паш еткенінің өзі не тұрады! Айтар болсақ ол кісінің елге жасаған қызметін санап тауыса алмаспыз. Қазір көкеміз 84 жасқа келді. Бірақ денсаулығы сыр беріп, жансақтау бөлімінде жатыр. Ендеше, құрметті халайық! Көкеміздің тез сауығып, ортамызға оралуы үшін дұға жасап қояйық!”, – деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.
Ал 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Айта кетейік, былтыр қарашада ақынның ұлы Қуаныш Мұхтарұлы дүниеден озды. Ал 2021 жылы Мұхтар Шахановтың тағы бір ұлы Рауан Шаханов өмірден өткен еді. Осы қайғылы қазадан кейін халық жазушысы бірнеше рет сырқаттанып, денсаулығы сыр бергені айтылған еді.
Трактористен ұлт сөзін сөйлеген тұлғаға дейін: Мұхтар Шаханов кім және қандай ісімен есте қалды (видео)